Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, Жоғары білім және ғылым министрлігі су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің қатарында болған Ақтөбе облысының түлектері үшін тестілеу мерзімін 11 шілдеге дейін созған.
«Қазір аптаның әр күнінде тест орталығында сынақ өтіп жатыр. Осы уақытқа дейін қанша түлегіміз ҰБТ тапсырды, қаншасы енді тапсырады деген сұраққа жауап бере алмаймыз. Бізге ондай мәлімет түспейді. Өйткені ҰБТ өткізуге ұлттық тестілеу орталығының мамандары жауапты, тест тапсырғандарға қатысты барлық дерек сол жерде сақталады. Облыстық білім басқармасының қызметкерлері 2017 жылға дейін ҰБТ қорытындысы бойынша өңірдегі мектептердің білім сапасына талдау жасап жүрді. Өйткені тестілеу қала мектептерінде жүргізілетін. Ал, 2022 жылдан бастап тестілеу форматы түбегейлі өзгеріп, «Бір тестіленуші – бір компьютер – екі камера» ережесімен тапсыру жолға қойылғаннан бастап, барлық жауапкершілік Ұлттық тестілеу орталығына жүктелді», дейді Н.Бертілеуова.
Ақтөбе облысында екі тестілеу орталығы ашылған. Бірі облыс орталығында, екіншісі – Шалқар қаласында. Өңірімізде мектеп бітірушілердің ҰБТ-ға тіркелуі 6 мамырда басталды. Оған 8 342 (барлық мектеп бітірушілердің 90,2%-ы) түлек екі мүмкіндікпен тапсыруға 16 556 өтініш жазған. Одан өзге өткен жылдары мектеп, колледждерді аяқтаған 994 бала толық оқу мерзіміне оқуға, ал 289 колледж түлегі қысқартылған оқу мерзіміне білім грантын алуға өтініш жазыпты. Биылғы ұлттық тестілеуде төрт пән бойынша 120 сұрақ қамтылған: «Қазақстан тарихы» пәнінен – 20, «Оқу сауаттылығынан» – 10, «Математикалық сауаттылықтан» – 10 тапсырма және түлек таңдаған екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма жүктелді.
Ақтөбе облысы