Осы қос команданың жолы Дюссельдорфтағы «Меркур Шпиль-Аренада» қиысты. Бәсеке басталғаннан аяғына дейін дамылсыз шабуылмен өтті. Бұл жолы да алғашқы голды Иван Шранц соқты. Бельгиялықтарға қарсы ойында ол небәрі 7-минутта есеп ашса, бұл жолы 17-минутта мергендік танытты. Бірақ Дюсельдорфта словактар жеңісті уысында ұстап қала алмады. Егер осы кездесуде жеңілсе, жарыс кестесіндегі жағдайды түзету өте қиын болатынын жақсы түсінген Украина футболшылары қарқындарын еш бәсеңдетпеді. Нәтижесінде, 54-минутта Николай Шапаренко таразы басын теңестірсе, 80-минутта Роман Яремчук жеңіс голын соқты. Есеп – 2:1.
«Еуро-2024» додасының алғашқы ойындарын сәтсіз өткізген D тобындағы Польша мен Аустрия Берлинде бақ сынады. 9-минутта Филипп Мвененің әуелете тепкен добын қорғаушы Гернот Траунер қақпаға дөп түсірді. Үзіліске дейін Кшиштоф Пентек есепті теңестірді. Одан кейін поляктардың ойнының мәнісі кетті. Ал қарқынын күшейткен аустриялықтар тағы екі рет нысананы дәл көздеп, көздеген мақсаттарына қол жеткізді – 1:3. Бұл голдардың авторлары – Кристоф Баумгартнер (66-минут) мен Марко Арнаутович (78-минут, пенальтиден).
Лейпцигтегі «Ред Булл Аренада» осы топтағы фавориттер күш сынасты. Шыны керек, Нидерланд пен Франция футболшыларынан біз әлдеқайда қызықты әрі сапалы ойын күттік. Оның үстіне жеңіске жеткен ұжым бірден плей-оффқа жолдама алатын еді. Бірақ ол үміт ақталмады. Жанкүйерлер жай бір ортанқол командалардың ойнын тамашалағандай күй кешті. Нидерландтың жас жартылай қорғаушысы Хави Симонстың 69-минутта соққан жалғыз голының куәсі болдық. Бірақ оның өзі де оффсайдқа байланысты саналмады. Осылайша, аталған жарыста алғаш рет 0:0 есебі тіркелді. «Еуро-2024» жарысын жалғастыра алмайтын бірінші команда белгілі болды. Ол – Польша құрамасы. Қатарынан екі кездесуде жеңілістің кермек дәмін татқан поляктар тіптен соңғы ойында жеңіске жеткен жағдайда өз тобында үшінші орынға табан тірей алмайды.
Сенбіде F тобындағы екі ойын өтті. Гамбургтегі «Фолькспаркштадионда» Грузия мен Чехия шеберлік байқасты. 46-минутта Жорж Микаутадзе пенальтиден есеп ашып, құрамасын алға шығарған. Мұндай тартысқа талайдан бері түсіп келе жатқан чех футболшылары көп ұзатпай-ақ таразы басын теңестіріп кетті. 59-минут өрбіген тұстағы стандартты шабуылды голға ұластырып Патрик Шик таразы басын теңестіріп кетті. Қос команда осы нәтижені олжа тұтып тарқасты.
Дортмундтағы «Вестфаленштадионда» Түркия мен Португалия арасындағы тартыс 0:3 есебімен аяқталды. 21-минутта Бернардо Силва есеп ашқан. 28-минутта Сәмет Ақайдын автогол соғып алды. 56-минутта Бруно Фернандес үшінші голды тоғытты.
Е тобында Бельгия футболшылары Румыния құрамасын еркін еңсерді. 2-минутта Юри Тилеманс есеп ашса, 80-минутта Кевин Де Брёйне нәтижені еселеп, Бельгия құрамасына маңызды үш ұпайды алып берді.
А тобындағы 3-тур ойындары да тартысқа толы өтті. Швейцария құрамасы Германия құрамасының есін екеу, түсін төртеу ете жаздады. Ндоенің 28-минутта соққан голынан кейінгі басымдықты Швейцария құрамасы 90 минут бойы ұстап тұрды. Матчтың бас қазысы италиялық Даниэль Орсато негізгі уақытқа 2 минут қосып, Фюллькруг таразы басын теңестіріп кетті. Осы топтағы соңғы ойынды өткізген Шотландия – Мажарстан арасындағы матч 0:1 есебімен мажарлардың пайдасына шешілді. Матчтың негізгі уақытында гол соғылған жоқ. Екі құрамаға да жеңіс ауадай қажет еді. Аргентиналық төреші Факундо Тельо қосымша 10 минут үстеп, соңғы секундтар сырғығанда Кевин Чобот шабуылды өрістетіп, жеңіс голын соқты. Бұл топтан плей-офф кезеңіне Германия мен Швейцария еркін өтсе, Мажарстан құрамасы да әлі үміт сәулесін сөндірген жоқ.