Сенат • 25 Маусым, 2024

Сенат спикері ЕҚЫҰ төрағасымен кездесті

37 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы, Мальтаның Сыртқы, еуропалық істер және сауда министрі Иан Борчпен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенат спикері ЕҚЫҰ төрағасымен кездесті

Фото: Н.Байбулин.

Кездесу барысында Қазақстан әскери-саяси, экономикалық-экологиялық, гуманитарлық және басқа да барлық негізгі бағыт бойынша Ұйыммен нәтижелі өзара іс-қимыл орнатқаны айтылды. Өңірдегі ынтымақтастықты дамытуға бағытталған арнайы Жол картасын іске асыру аясында Қазақстанның Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасының перспективалары да сөз болды. Тараптар аймақтағы геосаяси жағдайды тұрақтандыру, орнықты даму мақсаттарын іске асыру, сондай-ақ, экологиялық және су қауіпсіздігі мәселелері бойынша бірлескен шараларға да ерекше назар аударды.

«Былтыр қыркүйекте Душанбеде өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Саммитінде Қазақстан Президенті Орталық Азияда су және энергетика ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету үшін ұзақ мерзімді, орнықты өңірлік тетік құруды қолдады. Қазақстан су мәселелері бойынша ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалық кеңсесімен белсенді ынтымақтастық орнатты. Былтыр Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат-міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссия құрылды. Орталық Азия мемлекеттері Халықаралық Аралды құтқару қоры арқылы Арал теңізі бассейніндегі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу үшін халықаралық ұйымдармен ынтымақтаса жұмыс істеп келеді. Осы ретте ЕҚЫҰ-ға су үнемдеу технологиялары саласындағы озық тәжірибені зерделеуге және Орталық Азияда, бүкіл өңірде су мәселелері бойынша белсенді диалогқа жәрдем беруге арналған алмасу бағдарламаларын кеңейтуге тұрақты қолдау көрсеткені үшін ризашылығымызды білдіреміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған реформалардың іске асырылу барысына және Қазақстанның қарқынды дамуын қамтамасыз етуге арналған заңнамалық жұмысқа тоқталды. Сондай-ақ ол 2022 жылы өткізілген республикалық референдум нәтижесінде Конституцияға билікті орталықсыздандыруға, саяси жүйенің тежемелігі мен тепе-теңдігін күшейтуге және елдегі саяси бәсекелестікке қатысты маңызды түзетулер енгізілгенін атап өтті.

Өз кезегінде И.Борч Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және экономикалық өзгерістерді жоғары бағалады. Сондай-ақ ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және байланыс аясын кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.

Одан бөлек, кездесуде Қазақстанның Еуропалық Одақпен ынтымақтастық мәселелері, оның ішінде жасыл экономикаға көшу, сауда және инвестициялар, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, білім және ғылым, туризм және басқа да салалар бойынша қарым-қатынасты арттыру барысы талқыланды.

Соңғы жаңалықтар