Өндіріс • 26 Маусым, 2024

Бәсекеге қабілетті май зауыты

125 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында орналасқан «Пойма» май зауыты тәулігіне 100 тонна күнбағыс майын өңдейтін рафинация желісін іске қосуға дайындалып жатыр. Жобаға соңғы үш жылда 2,7 млрд теңге инвестиция құйылған.

Бәсекеге қабілетті май зауыты

Бүлінген бүлдіргі

2009 жылы дәл осы жерден ашылған «Батыс Күнбағыс» атты май зауыты жылына 24 мың тонна майлы дақыл өңдеп, 7,4 мың тонна өсімдік майын шығармақшы болған. Бірақ қарыздары уақтылы өтелмей, шаруашылық жұмысы тоқырап кетеді. Қиын-қыстау кезде жа­уапты міндет «БелесАгро» компаниялар тобының жетекшісі Мұрат Жәкібаевқа жүктеледі.

– Бұл қиын шаруа еді. Дос­тарым «мұны қалпына келтір­генше жаңадан зауыт ашқан оңай болады» деп ескертті. Бірақ зауыттың бұрынғы ұжымын, қарапайым қызметкерлерді, олардың осы кезге дейін жасаған еңбегін аядым. Бәрі де жергілікті азаматтар ғой. Шынымды айтсам, әуел бастан қиюы келіспеген шаруаға кірісу – кәдімгідей ерлік болатын, – дейді ол.

Май зауытының қазіргі директоры Ақылбек Сармалаевтың айтуынша, зауыт күнбағыстан 30 пайыз май алып отырған екен. Яғни кем дегенде 15 пайыз май сығындыда қалып қойған. «Бұл дегеніңіз сол кезден-ақ шығынды жоба болды деген сөз ғой. Өйткені күнбағыс дәнінен кемінде 43-44 па­йыз май алынса ғана пайдаға шығуға болады» дейді. Жаңа команда келісімен бұрынғы төрт өн­дірістік цех желісі жаңа төрт цех­пен толыққан. Оның ішінде шикі­затты дайындайтын, дәнді сығым­дап тазартатын, экстракция­лайтын заманауи желілер бар.

– Ең әуелі, күнбағыс дәнін сығар алдында дайындау керек. Егер ол дұрыс дайындалмаса, майдың шығуына және қалдық күнжараның сапасына әсер етеді. Сондықтан біз бірнеше күрделі жаңғырту жасадық, – дейді Ақылбек Абзалұлы.

 

Май толық алынады

Зауытты аралап келеміз. Мұрат пен Ақылбек әр цехтың қызметін, қандай технологиялық үдеріс жүріп жатқанын кезек-кезек түсіндіріп жүр.

– Бұрын мына цех болмаған. Бұл жер­де күнбағыс дәні қабығынан ажыратылып, екіге бөлінеді. Қабығы бөлінген соң оны бу қазандығына айдаймыз, сол жерден жағып жіберіп, керекті бу аламыз. Қал­дық­сыз технология деген осы. Біз осы арқы­лы газдан, электр қуа­тынан үнем жасаймыз. Әйтпесе, ше­міш­­кенің қабығын залалсыз жоюдың өзі бір мәселе болар еді, – дейді Мұрат Жәкі­баев.

о

Білікті станокта дәнді уатып жарып, дәннің жасушааралық құрылымын бұза­ды екен. Сол кезде сығу аппаратына­ күш аз түседі әрі майдың шығымы жақ­са­рады. Әңгімеден түйгенім, жалпы күнбағыс дәнінің бойында 40-45 пайыз­ға дейін май болады. Дәннен май алудың екі жолы бар: бірі – физикалық, яғни сығу әдісі, екіншісі – химия­лық әдіс. Физикалық әдістің өзі екіге бө­лінеді: салқындай сығу және ыстық­тай сығу.

– Салқындай сықсақ, 30 пайыз май ғана аламыз. 10-15 пайызы қалып қояды. Ыстықтай сыққан кезде 37-40 пайызға дейін май алынады. Соның өзінде 7-8 пайызы қалып қояды. Одан қалған күнжараны химиялық жолмен тазалап, қалған майды да алып аламыз. Май алынған әдістеріне байланысты түрлі сортқа бөлінеді, – дейді Ақылбек.

 

Сарымсақ дәмі қосылған

– Зауыттан шыққан майдың бөтел­кесі әртүрлі түсті екеніне назар ауда­рып көрдіңіз бе? – дейді Мұрат Орынбайұлы – Мысалы, мына май қоңыр бөтелкеге құйылған. Жасыл түсті құтыға құйылғаны да бар. Мынау түссіз, мөлдір ыдысқа құйылған. Бұл майдың алыну әдісіне байланысты. Біз қоңыр түсті ыдысқа салқындай сығылған майды құямыз. Бұл майдың құрамында дәрумен көп, барынша табиғи қалпы сақталған, сон­дықтан күн көзі өтпейтін қоңыр ыдыс­қа құйылады. Бұл май сол күйінде пай­далануға жарамды, көбіне салатқа араластырады, түрлі тағамға қосуға болады. Ал рафинациядан, яғни тазартудан толық өткен май тағамды қуыруға, термиялық өңдеуге, бірнеше мәрте пайдалануға арналған.

Жақында зауыт өсімдік майын сарым­сақ, пияз, түрлі хош иісті шөп­тер­дің дәмімен шығара бастады. Бұл елі­міз бойынша алғаш қолға алынып отыр­ған үрдіс екен. Әрине, мұның бәрі талғамы түрлі тұтынушының көңілін табу, нарықтың сұранысына лайық болу үшін қажет екені сөзсіз. Бұдан бөлек, ком­па­н­ия өкілдері халық жиі жиналатын сауда орындарында өз өнімдерін таныс­тырып, тұтынушының пікірін білу үшін сауалнама жүргізіп отырады.

 

Химиядан қауіп жоқ

Жақында әлеуметтік желіден «май зауыттарында адам денсаулығына аса қауіпті улы заттар қолданылады, сон­дықтан олардың өнімдері де улы» деген ма­ғы­надағы бейнежазбаға тап болғанбыз. Көкей­дегі күмәнді сауалды Мұратқа қойдық.

оо

– Май зауыттарында, соның ішінде біздің өндірісте де химиялық әдіс қолданылады. Бұл әлемдік практикада бір ғасырдан бері бар тәсіл ғой. Химиялық экстракция үдерісі болмаса, дәннің құрамындағы майды толық алу мүмкін емес. Өндірісте гексан, ­нефрас секілді химиялық қоспаларды қолданамыз. Бірақ қазір технология соншалық жетілген, рафинация, яғни майды тазарту кезінде әлгі химиялық қоспаның ізі де қалмайды. Бұл май біздің күнделікті ішіп отырған суымыздан, жұтып отырған ауамыздан тазарақ екеніне кепілдік бере аламыз, – дейді Мұрат Орынбайұлы.

 

Аз жылда алға басу

Пойма ауылындағы май зауыты бұрын күніне 60 тонна күнбағыс дәнін қабылдауға қабілетті болған. Соның өзінде жарты қуатына ғана жұмыс істеген. Жоғарыда айтқандай, майдың жартысы қалдыққа кетіп отырған. «БелесАгро» ком­­паниялар тобының құрамына енген соң зауыт тәуліктік қуатын екі есе арттырып, тәулігіне 150 тоннаға дейін көтеріпті. Қазір зауыт қызметкерлерінің саны да екі есе көбейіп, 138 адам жұмыс істеп жатыр. Зауыттағы өндірістік қуаттың артуы өңірдегі майлы дақыл егумен айналысатын диқан санын да арттырыпты. Кейінгі 7-8 жылда күнбағыс егушілер көлемі еселеп көбейген. Бұрын күнбағыс алқабы небәрі 4 мың гектар шамасында болса, қазір өңірде 100 мың гектардан асатын күнбағыс егістігі бар.

 

Жаңа желі

Мақаламыздың басында май зауыты өндіріс қуатын еселеп арттыратын жаңа желіні іске қосқалы жатқанын айтып, сүйінші сұрағанбыз. Ол рас.

– Зауыт қуатын әу бастағы қалпынан 10 есеге дейін арттыруға қол жеткізіп отырмыз. Май өндірісінде әлемдік лидер саналатын «Myande» компаниясының рафинация цехын іске қосып жатырмыз. 17 пайыздық несиеміздің 12 пайыз­ын мемлекет өтейді. Жаңа желіні іске қосу арқылы күніне 350 тоннаға дейін күнбағыс дәнін өңдей аламыз. Конвейерден шыға­тын таза өнім енді 100 тоннаға дейін жетеді, – дейді Мұрат Орынбайұлы.

Елдегі май зауыттарының көбі өнімді ақырына дейін өңдемей, жартылай шикізат күйінде сатумен айналысатыны өтірік емес. Сығындыдан шыққан «қара майды» рафинация жасауға елімізде енді-енді көңіл бөліп жатыр. Зауыт бұл сала­да да алдыңғы қатарда. Жаңа қуатпен жұ­мыс істеген кезде батыс облыстардың бар­л­ығын өсімдік майымен қамтамасыз етеміз дейді басшылар.

 

Жетістіктер тізбесі

Пойма май зауытының өнімдері бүгінде Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Түрікменстан елдеріне жөнелтіліп жатыр. 2020 жылы 23 мың тоннадан артық шикізат өңдеп, 9 078 мың тонна өсімдік майын, 15 468 тонна сығынды және 10 340 мың тонна күнжара өндіріпті. 2021 жылы кәсіпорын 10 509 тонна шикізат өңдеп, 4 065 тонна май шығарған. Өнімнің 20 пайызы экспортқа шығарылған. Кәсіпорын мемлекет қазынасына 2020 жылы – 69 651 000 теңге, 2021 жылы – 75 001 000 теңге, 2022 жылы 29 000 215 теңге салық төлеген.

Зауыт тек күнбағыс емес, мақсары, рапс, зығыр майлы дақылдарын да өң­дей­ді.

Мұрат Жәкібаевтың айтуынша, қазір­­гідей көрші ел өнімдері сөремізді жау­ла­ған қиын кезеңде отандық өндіру­шілерді қолдау өте маңызды.

– Кедендік одақ шартына сәйкес ресейлік тауарларға баж салығы да, қосымша құн салығы да салынбайды. Шекарадан заңсыз өтетін тауарлар да бар. Осының бәрі жергілікті кәсіпкерлердің өнімін өткізуге қиындық туғызады. Бізде баж салығы деген бар, ол шикізатқа салынады. Бұл біздің өндірушілер шикізатты сыртқа сатпауы үшін енгізілген. Бірақ осы салықтың көлемі нарықтағы бағаға сәйкес өзгермелі болса дейміз. Мысалы, нарық бағасы өссе, баж көтерілсін, баға түссе, салық та азайсын, ойнамалы болсын. Өйткені қазір біздің қожалықтар мен зауыттар арасына сына түсіп тұр. Ресейден келіп жатқан арзан шикізаттың кесірінен күнбағысымызды төмен бағамен сатып, шығынға батып отырмыз. Кәсіпкерлер шетелдік саудаға шығарған өнімі үшін қосымша құн салығын да қайтарып ала алмай отыр, – дейді Мұрат Орынбайұлы.

 

Жастар өсіп келеді

Соңғы цехтардың бірінде химиялық экстракциядан кейін қалған күнжараны қиыршыққа айналдыратын қондырғы орнатылған. Күнжараны жергілікті құс фабрикалары тұрақты алып тұрады. Енді оны қиыршық гранулға айналдыру арқылы халықаралық деңгейдегі нарыққа шығармақшы.

Қарапайым киінген шетелдік инже­нердің жанында Тимур Шәйжанов есімді қазақ жігіті аудармашы болып жүр екен. Оралда туып-өскен Тимур 15 жасында Қытайға кетіп, әуелі жоғары мектепті, кейін Ханжоу қаласындағы университетті халықаралық сауда, экономика маман­дығы бойынша бітіріпті. «Тимур секілді жастарды көріп, ел бола­­шағына сенемін», дейді Мұрат Орын­бай­ұлы. Өзі де командасындағы алғыр жастарды үнемі қолдап, білімін арттырып отыруды жөн көреді. Компа­нияның дайын өнімдер қоймасын басқаратын Константин Олейник осыдан он жыл бұрын май зауытына аула сыпырушы болып кірген екен. Май зауытының қазіргі басшысы Ақылбек Сармалаев та қарапайым инженер-технолог болған. «Өзім кәсіпке баулып жүрген он шақты жас бар. Әлемнің әр тарабын шарлаттым, озық компанияларды, үздік өндірістерді көрсеттім. Болашақ осы жастардікі ғой. Көргені, жаңалықты білгені дұрыс», дейді Мұрат Жәкібаев.

 

Батыс Қазақстан облысы