Азаматтардың құқын қорғау мен бизнесті заңнамалық тұрғыдан қорғаудағы облыс прокуратурасының белсенділігі қандай деген сұрақтарға облыс прокурорының аға көмекшісі Ғалымжан Қазыбеков жауап берген еді. Өз өкілеттігі деңгейінде жауап берген ол облыстағы бизнес қауымдастығының істеріне ара түсу жұмыстары жөнінде айтып берді. «Кәсіпкерлердің құқын қорғау бойынша тұрақты түрде облыс прокуроры, оның бірінші орынбасары немесе басқарма басшысының төрағалығымен әрбір онкүндік, ай және тоқсан сайын кеңестер өткізіліп тұрады. Жыл басынан бері прокуратура басшылығы кәсіпкерлік өкілдерімен 7 кездесу өткізіп, 45 мәселені қарады», деді ол.
Кездесулер нәтижесінде Мамлют ауданы кәсіпкерлерінің 84 субьектісінен сумен қамтылғандығы үшін артық ақы алынып келгендігі анықталған. Мұндайға жол берген органдарға тарифтерді қайта қарау, тұтынушылардың артық шығындарын қайтару бойынша прокурорлық қадағалау актісі жасалған. Осындай заң бұзушылықтар қазір басқа аудандарда да бар екені анықталып отыр. Сондай-ақ прокуратураның қолдауымен 14 кәсіпкер мектептердің асханаларын жаңғырту мен пайдалану үшін сенімді басқаруға алудың келісімшартын ұзарта алмай отырған мәселесі шешілген.
Биылғы тасқын судан көптеген кәсіпкер де зардап шегіп, бизнестеріне материалдық нұқсан келтірілді. Олардың саны 200-ден асып отыр. Міне, осылардың өткір мәселелерін шешіп, техникалық зерттеудің қорытындысы уақтылы шығарылып, өтемақысын анықтау мен төлеуге прокуратура органдары белсене араласып, мәселелерін шешуге атсалысып келеді. Сонымен қатар кәсіпкерлерден түскен арыз-шағымдарды жедел шешу бойынша мобильдік топтар құрылған. Олар жыл басынан бері 66 дабылды тексеріп, оның 23-і негізді, ал 1-і негізсіз екенін анықтап, 42-сі туралы түсініктеме берген.
Прокуратураның жоспарлы тексерулері барысында 33 қадағалау актілері жасалып, 20 адам жауапкершілікке тартылған. 29 салықтық тексерістер тоқтатылған. Бизнеске қатысты алты әкімшілік-құқықтық тәртіп бұзушылық шарасы жойылған. Сондай-ақ 254 кәсіпкерлік бойынша 1,1 млрд теңге артық алынған салықтық және айыппұл шығындары қайтарылған.
Кейбір мемлекеттік органдар, соның ішінде әсіресе салық органдары жоспардан тыс тақырыптық тексерулер жасайды. 2023 жылдың қыркүйек айында ғана салық орындары 9 шағын кәсіпкерлік субъектісін тексерген. Соның 4-інен ешқандай тәртіп бұзушылық табылмаған, 4-уін қалалық қадағалау органы тоқтатқан. Мұндай тексерулер кәсіпкерліктің жұмыстарына кедергі жасап, артық кідірістер тудырады. Мысалы, дүкендерді бірнеше сағатқа жауып қоюға тура келіп, бұл уақыттағы түсімдер азаяды. Осындай заңсыз тексерулерді прокуратура Есіл ауданында – 2, Қызылжарда – 5, М.Жұмабаевта – 5, Шал ақын ауданында – 3 және Мамлют ауданында 5 рет анықтаған. Осылардың бәріне қадағалау актілері салынып, лауазымды адамдар заңмен тиісті жазасын алған, ал барлық 29 тексеріс заңсыз деп табылып, нәтижелері жойылған. Заңға сәйкес жауапкершілікке тартылғандардың арасында облыстық салық департаментінің екі басқарма басшысы да бар. Бұл мәселеге тіпті еліміздің Бас прокуратурасы да назар аударып, осындай бұзушылықтар еліміздің басқа өңірлерінде де болуы мүмкін екендігіне көңіл бөлуді тапсырған.
Биыл жекеменшік 14 балабақшаның жұмысын тексеру бойынша Петропавл қаласының білім бөлімі шешім қабылдап, оған балабақша иелері қарсы шығып, прокуратураға шағым жасаған. Қадағалаушы орган бұл істің де бұзушылық екенін анықтап, айыптылар тәртіптік жауапкершілікке тартты.
Сондай-ақ әкімшілік өндіріс саласына бизнестің 5 субъектісі тартылғаны туралы түскен дабыл бойынша тексеріс жүргізген прокуратура оларды әкімшілік-құқық бұзушылық бойынша салынған 2,8 млн теңге айыппұлдардан босатты. Ал жарнама жасағаны үшін айыппұл есептелген 10 кәсіпкерді негізсіз айыптан құтқарды. Өйткені олар жарнамалық құралдарды көп уақыт пайдаланбаған, кейбірі тіпті бөлшектеп тастаған. Ал жергілікті атқару органы оларға ақы төлемедің деп айыппұл есептей берген.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қазір прокуратура органдары инвестициялық жобаларды іске асыруда заңнамалық талаптардың орындалуын қатты қадағалауы қажет. «Қазір біздің облыста 6,1 мың жұмыс орнын ашуға тиіс 619,5 млрд теңгенің 36 инвестициялық жобалары іске асырылып келеді. Олар ҚХР, Түркия, Германия, Италия, Ресей елдерінің инвесторлары. Қазір олардың бизнесіне қарсы түрлі мемлекеттік органдардың рұқсат етпеу, шектеу сипатындағы 221 тексерулерінің заңдылығы зерттеліп, қадағалауға алынды», деді Ғалымжан Қазыбеков.
Прокуратуралық қадағалаулар барысында 8 факті бойынша заңсыз тексеріске жол берілгендігі анықталған. Мысалы, Тайынша ауданының мал дәрігерлік бақылау және қадағалау инспекциясы мәселенің мәнісіне бармай ірі кәсіпкерліктің субъектісін өздеріне айтпай мал сатты деп әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Сондай-ақ өнеркәсіп қауіпсіздігі департаментінің «Промгаз» ЖШС-на айыппұл салуға жинаған материалдарында серіктестің кінәсін нақтылаған ешқандай құжат болмай шыққан. Осы департамент «Asyl Farms» ЖШС заңсыз тексеруге жол беретін тәуекелі жоғарылардың санатына негізсіз енгізген. Осылайша, облыс прокуратурасы ел экономикасына 243,1 млрд теңге инвестиция құйған жалпы саны 14 инвесторға заңға сәйкес құқықтық қолдау білдірген.
Солтүстік Қазақстан облысы