Жәдігер • 26 Маусым, 2024

Қоладан жасалған мүсін

87 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде әр дәуір мәдениетінен сыр шертетін дүниелер аз емес. Мұндағы құндылықтардың бірқатар бөлігі көне шаһардағы қазба жұмыстары кезінде табылса, енді қалған бір бөлігін қала тұрғындары өздері арнайы өткізген екен.

Қоладан жасалған мүсін

Музей ішіндегі жәдігерлердің бірі – қоладан жасалған ер адам мүсіні. Айрықша стильде жасалған құндылық көзге оттай басылады. Мамандар оны Будда мүсіні деп те айтып жатады. Дерекке жүгінсек, жәдігер 50 жылдан астам уақыт бұрын бұрынғы көк базар аума­ғынан табылған көрінеді.

«Білікті мамандардың айтуынша, мүсіндегі ер адам моңғол нәсілдес көрінеді. Бажайлап қараған кісі оның көзі мен мұрнын, аузы мен құлағын шеберлер бедерлеп жасағанын бірден аңғарады. Үстіндегі шапанның қуыс жағы зигзаг рельефімен жиектелгенін байқау қиын емес. Кеуде тұсындағы сақинаға ұқсас бедерлі алқаны мамандар ықылым заманның белгілі бір бейнесі деп те жатады.

Қоладан құйылып жасалған мүсінге музейге келушілер ұзақ қарап жатады. Оның белбеуі, үстіндегі киімі, алқасы, аяқ киі­мін­дегі ерекшеліктер туралы сұ­райтын сауатты азаматтар аз емес. Бір сөзбен айтқанда, ер адам мүсініне қызығушылар көп», дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Лаура Байтұрсынова.

Маман келтірген дерекке жүгінсек, қоладан жасалған мүсін 1972 жылы табылған көрінеді. Содан бері об­лыстық-тарихи өлкетану музейінде сақ­таулы тұр. Елу жыл бұрын қолға түскен мүсін әлі күнге дейін айтарлықтай бү­ліне қоймаған.

«Қандай шебердің қолынан шықса да, мүсіннің өте сапалы жасалғанын байқау қиын емес. Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын табылса да әлі күнге дейін бастапқы сапасы сақталған. Осыған қарап-ақ мүсінді жасаған шебердің шын мәнінде кәсіпқой маман екенін аңғаруға болады», дейді Л.Байтұрсынова.

 

Тараз