Фото: e-history.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты Жолдауында: «Әрбір халық өзінің тарихын басқа идеологиясыз өзі жазуы керек, өйткені ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған тарих ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді», деп атап өткен болатын.
Тәуелсіздік жылдары ел тарихына қатысты жас ғалымдар қорғаған ғылыми диссертациялар отандық тарихтың дамуына қомақты үлес қосты. Мәселен, 2011-2023 жылдар аралығында елімізде тарих мамандығынан РhD (6D020300 – Тарих) бағдарламасы бойынша 46 диссертация қорғалды. Жалпы, тарих саласында РhD 47 адам қорғаған. Өйткені тарих мамандығы бойынша 1 РhD диссертациялық зерттеу Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың электронды каталогінен табылды.
Көнеден бастау алған бай тарихымыз ежелгі заман Қазақстан (б.з. V ғ. дейін), орта ғасырлардағы Қазақстан (VI-XVII), жаңа замандағы Қазақстан (XVII-XIX), қазіргі заманғы Қазақстан (XX) деген төрт кезеңге бөлінеді. Ал 2011 жылдан бергі қорғалған ғылыми диссертацияларды сараптағанда, ежелгі заман бойынша – 2,12%, орта ғасыр бойынша – 25,53%, жаңа заман бойынша – 48,93%, қазіргі заман бойынша – 23,40% ғылыми жұмыс қорғалды. Негізінен, ғылыми диссертациялардың 48,93%-ы жаңа заман тарихы тақырыбында қорғалып отыр. Алайда орта ғасыр мен қазіргі заман тарихы бағытында қорғалған ғылыми еңбектердің үлес салмағы шамалас. Әсіресе ежелгі заман тарихы бойынша қорғалған диссертациялар саны өте төмен.
Қазіргі заман тарихы кезеңіне қатысты 11 диссертациялық жұмыс қорғалған. Диссертациялық жұмыстың 6-ауы (45,4 %) қазақ тілінде, ал 5-еуі (54,5) орыс тілінде қорғалған.
Тәуелсіз Қазақстан тарихына арналған диссертацияларды сараптағанда, мәселен, «Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің қалыптасу және даму тарихы (1991-2015)» (Нұр-Сұлтан, 2019. - 151-б., диссертация) атты жұмыста автор бүгінгі Қазақстанның қалыптасу және даму тарихы, мемлекеттік институттардың құрылуы, оны үйлестіру жолдары, қоғамның демократиялық жолға түсуі, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамудың алғышарттары, сонымен бірге егемен ел ретіндегі сыртқы саясаттағы басымдықты айқындау мәселелерін жан-жақты сараптаған. Шынымен де азаттығын енді алған қазақ елінің жағдайында ұлттық сананы жаңғыртып, тарихи таным көкжиегін кеңейту үшін халқымыздың кешегі жүріп өткен жолын жаңаша көзқараспен жазу мен тарихымыздағы «ақтаңдақтардың» орнын толтыру қажет екені анық.
Зерттеуші 2015 жылы Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуын атап өту – отандық зерттеушілердің назарын Қазақ мемлекеттілігінің ежелгі тарихына аударып, тың тақырыптарға құлаш ұрғанын жазған. Соның ішінде 1995 жылы қабылданған халықтың тарихи санасын қалыптастыру тұжырымдамасы, 2000 жылы өмірге келген Қазақстан тарихшыларының қауымдастығы, «Мәдени мұра» бағдарламасы, 2011 жылы құрылған тарихшылардың ұлттық конгресі, оның бергі жағындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы», «Ұлттық тарих жылы» және басқа да ұлы дала тарихындағы айтулы оқиғалар мен тұлғалар жылы жариялануы, отандық зерттеушілерімізді осы тақырыптарға бағыттап, жұмылдырылған саясат болғанын зерделеген. Сондай-ақ автор ғылыми еңбегінде осы кезеңде мемлекет алдында жастарды жаңаша тарихи көзқараспен оқыту мен тәрбиелеу міндеті тұрғанын айта келіп, келешек ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырып, тарихи жадын жаңғыртуға үлес қосқанын тұжырымдайды.
Отандық тарихнамада алғаш рет ХХ ғасырдағы Қазақстан астаналарын құру және көшіру үдерісінің мемлекеттік ұлттық құрылысқа әсер ету деңгейі кешенді түрде зерттелген. Қазақстанның жекелеген астаналарын нақты тарихи жағдайға байланысты көшіру үдерісіне әсер еткен негізгі себептер, азаматтық қоғамды мемлекеттіліктің аумақтық орталығы төңірегіне топтастырудың сыртқы сын-қатерлері айқындалып, жүйеленді. Елорданы көшіру үдерісінің тарихи заңдылықтары мен ерекшеліктері анықталып, ұлттық және халықаралық деңгейде астана мәртебесіне тән рәміздер және салтанатты рәсімдер, мемлекеттік атрибуттар зерттелген.
Бүгінге дейін мемлекеттік тіл мәртебесі өзекті мәселенің бірі. Сондықтан «Қазақстан Республикасындағы тіл саясаты (1991-2015)» (Қарағанды, 2018. – 149-б. дисс.) тақырыбындағы диссертациялық зерттеуде 1991-2015 жылдардағы еліміздегі тіл саясатының тарихы кешенді зерделенген. Сондай-ақ зерттеудің өзектілігі еліміздегі тілдік реформаның күрделі үдерісін жан-жақты талдау қажеттілігімен негізделеді.
Сондай-ақ «Ертіс өңірінің киелі географиясы: тарихи-мәдени зерттеу» (Нұр-Сұлтан, 2021. – 157-б. дисс.) тақырыбындағы ғылыми жұмыста қазіргі жаһандану үдерісінде халқымыздың ұлттық сана тұтастығын сақтап, тарихи жадыны қайта жаңғырту мақсатында Ертіс өңірін мекендеген бабалардан мұраға қалған халықтың тарихи-мәдени, ұлттық-рухани құндылықтары – киелі жерлері мен қасиетті нысандары бір арнаға жүйеленіп, ғылыми талданып, тарихи зерделенеді. Еліміздегі киелі жердің бірі – Ертіс өңірінің тарихи-мәдени орындары зерделеніп, анықталған. Осылайша, тарихи жадты сақтаудың маңызы, қоғамның рухани жаңғыруының әлеуметтік-мәдени рөлі көрсетілген. Сондықтан бүгінгі Қазақстан тарихы үшін толық таным болмаған рухани, мәдени, географиялық, сәулет атауларын бір арнаға жүйелеп, оның тарихтағы орнын анықтау – отандық тарихымыздың өзекті мәселелерінің бірі болып отыр.
Қорытып айтқанда, ежелгі заман тарихы бойынша диссертациялар мүлдем аз қорғалғанын байқадық. Сондай-ақ орта ғасыр мен қазіргі заман тарихы бойынша да қорғалған ғылыми еңбектер көңіл қуантарлық емес. Әсіресе қазіргі заман тарихы мәселелеріне қатысты диссертациялық жұмыстарды қорғау ісіне ерекше көңіл аудару қажет. Сонымен бірге тарихи тұлғалар бойынша қорғалған ғылыми жұмыстар саны да мардымсыз.
Зәуре АРЫНОВА,
Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері