Ұмыт бола бастаған байырғы музыкалық аспаптарды ел арасында кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқауға жалпы саны 12 ансамбль қатысты. Байқау барысында ансамбль мүшелері төрт шығармадан орындап, өздерінің кәсіби деңгейлерін көрсетіп бақты. Барлық ұжым өнер додасына айрықша дайындықпен келгені көрініп тұрды.
Іс-шараның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай Тараз төрінде дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан байқау биыл өңірдің 85 жылдық мерейтойы мен ұлт мақтанышы Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына арналғанын тілге тиек етті. Дәстүрлі өнерді дәріптеу мақсатында қолға алынған іс-шара алдағы уақытта да жалғасын таба беретінін жеткізіп, қатысушы ұжымдарға сәттілік тіледі.
Жамбылдық өнерсүйер қауым жетіген мен сазсырнайдың, шертер мен қылқобыздың үнін сағынғанын айқын аңғардық. Ұлттық өнерге аңсары ауған жергілікті жұрт еліміздің әр қиырынан келген мәртебелі меймандарға аямай қошемет көрсетті.
Республикалық деңгейде өткен өнер аламанында кейбір ұжымдардың бәсі жоғары екені әуелден-ақ байқалып тұрды десек, қателесе қоймаспыз. Мәселен, Маңғыстау облысынан келген «Науалы саз», жергілікті «Қазақ елі» бастаған бірнеше ансамбльдің деңгейі жоғары екенін мамандар да айтып жатты. Көрермендер де аттары аталған өнер ұжымдарына айрықша ілтипат көрсеткенін байқадық.
Жоғары деңгейде өткен өнер байқауында жеңілгендер жоқ десек те болады. Өйткені үздік үштіктің қатарына қосыла алмаған бірнеше ансамбль ынталандыру сыйлығына ие болды. Оларға 150 мың теңгенің сертификаты табысталды.
Байқау қорытындысында үздіктер қатарына ілініп, үшінші орын иеленген оралдық «Бастау», алматылық «Қобыз сарыны» өнер ұжымдарына 500 мың теңгенің сертификаты берілсе, екінші орын алған түркістандық «Ақсу» фольклорлық ансамбліне 600 мың теңгенің сертификаты бұйырды. Көпшілік күткендей бірінші орынды маңғыстаулық «Науалы саз» ансамблі иеленді. Ұжымға 800 мың теңгенің сертификаты табысталды. Ал бас жүлдені иеленген жамбылдық «Қазақ елі» этно тобы 1 миллион теңгені қанжығасына байлады.
Жамбыл облысы