Үкімет • 29 Маусым, 2024

Парламенттің екінші сессиясы аяқталды

102 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Парла­менті Палаталарының бірлескен отырысы өтіп, күн тәртібін­де сегізінші сайланған Парламенттің екінші сессиясының жабылуы және парламенттік каникул туралы мәселе қарал­ды. Бірлескен отырыста қабылданған қаулысымен Парла­мент кезекті сессиясын аяқтап, депутаттар 1 шілдеден 1 қыр­күйекке дейінгі демалысқа шықты.

Парламенттің екінші сессиясы аяқталды

Бірлескен отырыстың күн тәртібіндегі мәселе бойынша Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов баяндама жасап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалары Парламент жұмысына жаңа бағыт-бағдар бергенін атап өтті. Е.Қошанов көппартиялы Парламент заң шығарушы органның қызметіне тың серпін әкелгенін және қоғамның түрлі идеологиялық көзқарастағы әралуан өкілдерінің келуі қабылданатын заңдардың сапасын арттыра түскеніне де тоқталды. Мұның бәрі Қазақстан парламентаризмі тарихындағы жаңа кезеңге айналғанын айтты.

– Өткен сессия «Мықты Пре­зидент – ықпалды Парла­мент – есеп беретін Үкімет» форму­ласының тиімділігін іс жүзінде дәлелдеді. Билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз ететін бұл жүйе пәрменді шешімдер қабылдауға мүмкіндік туғызды. Осының бәрі елімізді одан әрі дамы­туға, халықтың әл-ауқа­тын арт­тыруға бағытталған. Прези­дент жариялаған заң мен тәртіп үстемдігі қағидаты өткен заң шығару маусымындағы басты бағдар болды. Қоғамның сапалы заңдар қабылдауға деген сұранысын арттыра түсті. Пар­ламент еліміздегі ең өзек­ті проблемалар бойынша заңнамалық шешімдер шығару және оларды ашық талқылау алаңына айналды. Түйткілді мәселелерді заң­дар арқылы шешу негізгі тетік ретінде қалыптасып келеді. Нор­ма­тивтік құжаттардың мәр­тебесі мен салмағы артуда, – деген Е.Қошанов мұның бәрі пәрмен­ді әрі ықпалды Парламент қалып­тастыру бағытындағы Консти­туциялық реформаның мән-маңызын айшықтай түсетінін атап өтті. Осы сессияда депутаттар парламенттік жұмыс кезеңін толық әрі табысты атқарып шыққанын жеткізді.

Палата спикері Мемлекет бас­шы­сының жылдағы Жол­дау­ларын, Президенттің сайлауалды бағдарламасын, Ұлт­тық құрылтайда қабылданған шешім­дерді іске асыру депутат­тық корпус қызметінің негізгі өзе­гіне айналғанын атап өтті. Осы­ған байланысты екінші сес­сия­ның заңнамалық күн тәртібі де мазмұнды бола түскен.

Жалпы, палаталардың 5 бір­лескен отырысы, Мәжілістің 39 жал­пы отырысы және Сенаттың 43 жалпы отырысы өткен. Сессия барысында екі палатаның қарауында 179 заң жобасы болып, оның 102-сі қабылданыпты. Сессия барысында депутаттар бірқатар маңызды заң жобасы бойынша Үкіметпен бірлесе жұмыс істеген.

– Біз басты қаржы құжа­тын – республикалық бюджет­ті қа­был­дадық. Осы құжат арқы­лы мем­лекеттің денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру және басқа да саладағы әлеумет­тік міндеттемелерді іске асыруды қамтамасыз еттік. Мәселен, мұға­лімдердің, дәрігерлердің, ға­лымдардың жалақысы көбейтілді. Олардың әлеуметтік тұрғыдан қорғалуын күшейту шаралары қабылданды. Студенттердің шәкіртақысы өсті. Шамамен 1,8 млн жалдамалы қызметкердің, оның ішінде 350 мың бюджет қызметкерінің ақшалай табысы артты. Биылғы қаңтар айынан бастап ең төменгі жалақы деңгейі 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін көтерілді, – деп Е.Қошанов Парламент осы сессияда зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау мәселесін шеше алғанын жеткізді. Қабылданған заң өндірісте жұмыс істейтін 400 мыңнан астам адамның көптен күткен мәселесіне нақты жауап болып отыр.

Кейінгі жылдары жылумен, электрмен жабдықтау саласын­дағы проблемалар да жиі көтері­ліп, тұрғындардың да арыз-шағымы арта түскені белгілі. Бұл ретте Парламент те мұндай елдік мәселеге бейжай қарамай, тиісті шешімдер шығарып жатыр.

– Біз авариялардың, жылумен қамтамасыз ету жүйесіндегі ақаулардың куәсі болдық. Бұл – жылдар бойы қордаланған про­блемалар. Өңірлерде жаб­дық­тардың 80 пайыздан астамы тозған. Парламент қабыл­даған жылу энергетикасы туралы заң аталған саладағы жағ­дай­ды біршама жақсарта түс­пек. Осылайша, біз жылумен жабдық­таудың барлық кезеңі бойынша өндірістен бастап тұтынушыға қызмет көрсетуге дейін заң жүзінде жауапкершілік енгіздік, – деді Е.Қошанов.

Палата спикері өз баяндамасында мемлекеттік сатылым жүйесіндегі кемшіліктерді де айтып өтті. Жүйедегі бұрыннан келе жатқан проблемалар оның дамуын тежеп, отандық бизнеске кедергі келтіріп отырғаны жасырын емес. Сондықтан Парламент жақында Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң қабылдады. Бұл құжат сатып алынатын тауар­лардың, жұмыстар мен көр­сетілетін қызметтердің сапасын арттырады. Мемлекеттік сатып алудың ашықтығын, сапа­ның бағадан басым болуын қамтамасыз етеді.

Сессияда депутаттар «Масс-медиа туралы» да заң қабылдады. Жаңа заң отандық масс-медиа саласының дамуына тың серпін береді.

Е.Қошанов депутаттар медицина қызметкерлері үшін де сатылап қолайлы жағдай туғызып жатқанын айтты.

– Мәселен, біз медицина қыз­меткерлерін қолдауға және жалпы денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған заң қабыл­дадық. Медицина қызмет­керлерінің кәсіби жауапкер­шілігін міндетті сақтандыру жүйесін енгіздік. Әлеуметтік кепілдіктерді күшейттік, – деді Палата төрағасы.

Мәжіліс төрағасы сессияда депутаттар алғаш рет «Адам сау­­дасына қарсы іс-қимыл туралы» дербес заң қабылдағанына тоқ­талды. Бұған дейін елімізде бол­маған заңды қабылдау арқы­лы еліміз халықаралық мін­дет­те­мелерді орындап қана қой­май, адам құқығын қорғау сала­сындағы құқықтық базаны да нығайта түспекші.

Е.Қошанов жақсы үрдіс болып қалыптасқан «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске асыру үшін Парламент заңнамалық база қалыптастырғанын айрықша атап өтті. Бұл – Президенттің сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бастаманың бірі. Соны­мен қатар депутаттар баста­ма көтеріп, тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күресуге бағыттал­ған түзетулер әзірледі. Азамат­тары­мыздың резонанс тудырған қыл­мыстарға реакциясы, қоғам­дағы зорлық-зомбы­лыққа төзбеуі заң шығарушы ор­ганды осы саладағы заңнаманы едәуір қатай­туға алып келді.

Е.Қошанов лудоманиямен күреске қатысты заңнама­ның қалай қабылданғанына да тоқталды.

– Мемлекет басшысы құмар ойынды ХХІ ғасырдағы ең келеңсіз әлеуметтік індеттің бірі деп атады. Тек ресми деректер бойынша шамамен 400 мыңға жуық азамат құмар ойынның құрығына түскен. Олардың дені – жастар. Ойын бизнесі туралы заң Парламент қабырғасында, түрлі қоғамдық алаңдарда ұзақ уақыт бойы талқыланды. Заңды қабылдауға қарсылық танытуға тырысқан ықпалды топтар да болды. Соған қарамастан депутаттар букмекерлік кеңселер мен казиноларға қойылатын талаптарды қатайтты. Онлайн-казино қызметін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді. Борышкерлер мен алимент төлеушілердің ойнауына тыйым салынды, – деді.

Мәжіліс төрағасы жаңа конституциялық норманың арқасында республикалық бюд­жеттің атқарылу сапа­сына Парламенттің бақылауы айтар­лықтай күшейтілгенін ерекше атап өтті. Депутаттар Жоғары аудиторлық палата төрағасының есебін жылына екі реттен тың­дай бастады.

Е.Қошанов Үкіметпен бір­лескен жұмыс барысында кез­десетін кейбір проблемалық мәселелерге де тоқталды. Оның айтуынша, заң жобаларын әзір­леу кезіндегі кемшіліктер жылда қайталанады. Нормалар жет­кілікті пысықталмайды, сапасы төмен. Бұл – жылда айтылатын жағдай. Соның айқын мысалы – Су кодексінің жобасы. Бұл туралы тек депутаттар ғана емес, сарапшылар да айтып жүрген көрінеді. Құрылыс кодексі жобасының да жағдайы осыған ұқсас. Заң жобасы мүлде «шикі» күйде келіп түскен. Сөйтіп, депутаттар оны тағы пысықтап, қайта жазып шығуға мәжбүр болған.

Мәжіліс төрағасы мемле­кет­тік органдардың депутаттық сауал­дарға беретін жауабы депутаттардың көңілінен шыға бермейтінін де жасырмады.

– «Баяғы жартас – бір жартас». Сырғытпа, үстірт жауап беріледі, нақтылық жоқ. Оның артында қаншама азаматтың тағдыры, талап-тілегі мен мұң-мұқтажы тұрғанын түсінген жөн, – деген Ерлан Жақанұлы Үкімет осы айтылған мәселелерге баса назар аударуы керек екенін ескертті.

Палата спикері сайлаушылармен тығыз байланыс орнату­ға ерекше көңіл бөлінетінін де айтып өтті. Осы сессияда Парламент депутаттары 800-ге жуық елді мекенді аралап, 2000-ға жуық кездесу өткізген. Сенат пен Мәжіліс депутаттары Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдарға 727 депутаттық са­уал жолдаған. Сондай-ақ сессия басталғалы бері Үкімет мүшелері 2 рет арнайы шақырылып, сай­лаушылардың талап-тілегі отырыста жан-жақты қаралды. Нәти­жесінде, азаматтардың сұра­нысы ескеріліп, мемлекеттік орган­дардың қызметін реттейтін тағы бір жұмыс тетігі пайда болды.

Баяндамашы Парламент алдағы заң шығару жұмысының берік негізін қалап, қыруар жұмыс атқарылғанын айтып өтті.

– Кеше ғана Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент жұ­мы­сы­на оң бағасын берді. Келесі сессияда да осы қарқыннан таймауы­мыз қажет. Президенттің Сай­лауалды бағдарламасын орын­­дау негізгі басымдық болып қала береді. Еліміздің жаңа эконо­микалық моделінің құқықтық негізін қалыптастыру жұмысын жалғастырамыз, – деді Е.Қошанов.

Осылайша, Е.Қошанов өз баян­дамасында еліміздегі басты заң шығарушы органның сессия бойы атқарған жұмысына барынша тоқталды. Оның айтуынша, қазір Парламент қоржынын­да 71 заң жобасы бар. Депутат­тық корпус енді Бюджет, Салық, Құрылыс, Су кодекстері бо­йынша жұмыс істемек. Сонымен қатар мүлде жаңа Цифрлық кодекстің талқылауға түсуін күтіп отыр. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет, есірткімен күрес, дін, сот жүйесіндегі реформалар және басқа да мәселелерге қатысты заң жобалары бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр. «Осылай тығыз жұмыс істеу арқылы ғана алға қойған мақсаттарға қол жеткізіп, елімізді өзекті проблемаларды шешуге ықпал ете аламыз деп сенемін», деп сөзін қорытындылаған Палата спикері Парламент, Үкімет және сарапшылар қоғамдастығы үйлесімді әрі жан-жақты жұмыс істеуі қажеттігін қадап айтты.