Батырдың ата тегі жөнінде өңірге белгілі шежіреші, ақын Қимадиден Нығыманұлы «Ақтілестің ауызекі шежіресі» өлеңінде былай деп жырлаған еді:
«...Сүйіндік ақылды ата болған ырыс.
Жақсыбай абыз шыққан осы атадан,
Орнатқан Алашқа аял, елге тыныс.
Жақсыбай Құттықадам бел баласы,
Қазақтың сөзін ұққан хан, қарасы.
Дүйсенбі, Қуат деген екі ұлы,
Ту тіккен бостандыққа боп таласы.
Абыздың Мүткен екен немересі,
Жазбаған батырлықтан ел үлесі.
Ұлы Отан соғысында ерлік еткен,
Серікбай батыр өткен шөбересі...»
Биыл Кеңес Одағының батыры Серікбай Мүткенұлының мерт болғанына 80 жыл толады екен. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Украина жерінде ерлікпен қаза тапқан батыр бабамыздың жүріп өткен жолын бүгінгі ұрпақ еш ұмытпақ емес. Қаһарманның рухына біз қалай тағзым етсек, Украина елі де дәл солай қадірлейді.
Бүгінде Серікбай Мүткенұлына қатысты жинақталған мұралар қатарында батырдың көп жерде таралған, ертеректе реставрацияланған жалғыз суреті, батыр атағын алғандығы жөніндегі архивтік құжаттары, газет-журналдарға жарияланған мақалалары мен естеліктері, батырға тиесілі жәдігерлер музей қорында біраз жылдан бері сақталып келеді. Дегенмен батырдың артында қалған жәдігерлері мен тарихи мұрасы толық жинақталды дей алмасақ керек. Архив қойнауын, құжаттарды індетер болсақ, әлі талай жәдігерге кезігеміз деп нық сеніммен айта аламыз.
Соның бір айғағы ретінде Серікбай Мүткенұлының көп жерде таралған жалғыз суретінен бөлек, тағы бір жарқын бейнесі бейнеленген тарихи құнды құжатты көпшілік назарына ұсынғанды жөн көрдік. Сурет Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі басшылығының рұқсатымен архивтік қор бөлімінен алынып, баспасөз бетінде тұңғыш рет жарияланып отыр.
Абзал РЫМБЕК,
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қызметкері
Павлодар облысы