фото:turkystan.kz
Референдум өткізу үшін халық арасында жария талқылау өткізу қажеттігі айтпаса да түсінікті. Өйткені Жапонияның Нагасаки, Хиросима, кейінгі Фукусимадағы, Украинаның Чернобыльдегі апатының, мұның бер жағында Семейдегі 40 жылдан аса жарылыс ошағына айналған атом полигонының зардаптарын ел әлі ұмыта қойған жоқ. Сондықтан халыққа атомның оң-терісін түсіндіру мақсатында жария талқылаулар ұйымдастыру өте орынды. Осындай талқылаудың бірі жақында Жезқазған қаласында өтті.
Бір қарағанда, Жезқазған радиация аумағынан алыстау жатқан өлке саналуы мүмкін. Бірақ кезінде Байқоңырдан ұшқан зымырандардың сынықтары Ұлытау даласына да аз залалын тигізген жоқ. Салдарынан туындаған өңірдегі экологиялық мәселелерді шешу мақсатында 90-жылдардың бас кезінде құрылған «Ұлытау» қозғалысының халықтың кең қолдауына ие болуы да бекер емес еді. Қазірдің өзінде ара-тұра төбесінен гептиль «төгіліп» тұратын аймақтың халқы атомға қатты алаңдаушылықпен қарайтыны белгілі.
Әрине, бүгін мен ертеңгі тірлікті сараптап, елдің өсіп-өркендеуі, дамуы үшін өткен жылдардың көлеңкелі тұстарын да ескеру қажет. Дегенмен өмірдің алға жылжығанын, ғылымның дамығанын, технологияның жетістіктерін де білген абзал. Осыны қарапайым халыққа жан-жақты түсіндіру – тиісті орындардың, сала мамандарының міндеті.
Жезқазғандағы жария талқылауға Энергетика министрлігінің өкілдері, «Қазақстан атом электр стансалары» ЖШС, Ядролық физика институты мен «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ мамандары арнайы қатысып, көптің көкейінде жүрген «Атом стансасын салу қаншалықты тиімді?», «Станса салатын арнайы мамандар бар ма?», «Қай ел салады?» деген басты сұрақтар жан-жақты талқыға салынды.
«Бүкіл әлем қазіргі кезде көміртегісіз энергетикаға көшу бағытын ұстанып келеді». Осылай деген Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Г.Мұрсалова келешектің атом энергетикасымен байланысты екенін атап өтті.
«Елімізде жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосудың қажеттілігі әлдеқашан пісіп-жетілген. Жыл сайын электр энергиясын тұтыну 3 пайызға өсіп отырса, қазір жұмыс істеп тұрған стансалардың 70 пайызға жуығы тозған. Осының барлығын ескерсек, ертең мүлдем қараңғылық құшағында қалып қоймаймыз ба? Әрине, мұндайда «сол тозығы жеткен стансаларды жөндесін» дейтін қарсы уәж айтылатыны да анық. Ел Үкіметі де осындай бағытқа көшуді мақсат етіп отыр. Әрине, әлемдік көш-керуеннен қалыс қалу өркениетке ұмтылған елге жараспайды», деді Г.Мұрсалова.
Ал АЭС салуға елімізде қажетті шикізат, оның жұмысын жүргізетін мамандар бар ма? Жария талқылау кезінде бұл сұрақтардың да жан-жақты жауабы берілді. «Егер атом стансасына ең қажетті уран отыны десек, елімізде өндірілген уран отынын көршілес Қытай елі пайдаланып жатыр. Өйткені өте сапалы. Сол өнімді өзіміздің АЭС-ке пайдалануға да болады», дейді мамандар.
Өкінішке қарай, мамандар туралы сөз еткенде көпшілігіміз өзімізде не бар, не жоғын біле қоймайтынымыз рас. Әйтпесе, «Ертең сол АЭС-те кім жұмыс істейді?» дейтін сұрақ туындамас еді. «Еліміздегі атом энергетикасын 100 пайыз отандық мамандармен қамту еш қиындық тудырмайды». Мұны талқылау кезінде Ядролық физика институтының жетекші ғылыми қызметкері Д.Жансейітов те растап отыр. Оның айтуынша, ядролық физика мамандары еліміздегі төрт іргелі оқу ордасында – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті және Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеттерінде даярланады.
«Ерекше атап өтерлігі, аталған жоғары оқу орындары ядролық физика, атом энергетикасына байланысты дүниежүзіндегі 30-дан аса елдің оқу орнымен тығыз байланыс орнатқан. Олардың арасында АҚШ, Еуропа, Ресей, Түркия, т.б. жоғары оқу орындары бар. Демек бұл салада маман тапшылығы туындамайды. Негізі АЭС-те ядролық физика мамандары ғана жұмыс істейді деген түсініктің өзі дұрыс емес. Бұл – түбірімен қате. Әрі кеткенде АЭС-тегі мамандардың 20%-ы ғана солар, ал қалғандары қарапайым электриктер, энергетиктер тағы басқа мамандар», дейді Д.Жансейітов.
«Қазақстан атом электр стансалары» ЖШС бас директоры Т.Жантикин: «АЭС дегеніміз – сайып келгенде энергия өндіретін орын. Қазіргі стансалардан АЭС-тің ерекшелігі атомның мүмкіндігін пайдаланатындығында ғана», дейді.
Сөз басында ғылымның дамығаны, технологиялық жаңарулар туралы айтып өттік. Өйткені халық АЭС-тің қауіпсіздігіне алаңдайды. Осы орайда, жария талқылау кезінде мамандар «Осыдан жарты ғасыр бұрын шығарылған ұшақ пен қазіргі ұшақты салыстыруға бола ма? Ұшуға қайсысы қауіпсіз?» деген сұрақтың жауабы қазіргі АЭС қауіпсіздігі жөніндегі алаңдаушылықты сейілтуге тиіс екенін алға тартты.
АЭС-ті қай ел салғаны дұрыс? Әзірге нақты шешім қабылданған жоқ. «Қазақстанда АЭС салуға ниетті» деген хабар шыққалы әлемнің әр қиырынан 13 ұсыныс түскен екен. Солардың арасынан таңдау төртеуіне түсіп отыр. Бұл ұсыныстар Франция, Ресей, Қытай, Корей елдерінен келіп түскен. Бірақ бұл да соңғы шешім емес. Нақты шешім ұсыныстарды саралау кезінде анықталады.
«Референдум кезінде халық желдірме сөзден гөрі, арнайы мамандардың салмақты пікіріне құлақ түргені абзал. Сондай-ақ инвестиция қай елден келсе, АЭС-ке сол елдің билігі орнай қалмайды. АЭС – біздің елдің меншігі, инвестор қаржысын құяды, белгілі келісімшартқа отырады. Бар болғаны сол ғана. Халқымыз «АЭС-ті қай ел салса, сол елдің мамандары басып алады» деген түсініктен арылуы керек. АЭС тек энергия өндіріп қоймайды. Айталық, кезінде Ақтау қаласында атом электр стансасы жұмыс істеді. Қуаттылығы 350 МВт жылдам нейтронды реакторы бар осы станса халыққа таза тұщы су беріп те тұрды. Елімізде изотоптар, соның ішінде ядролық медицина өндірісі де дамып келеді. Демек АЭС мүмкіндігін энергетикадан басқа да салаларға пайдалануға болады», дейді жиынға қатысқан мамандар.
Атом электр стансасы алдағы көптеген жылды көздеп, ескеріп барып салынатыны анық. Тәуелсіздіктің түр-түрі бар. Соның бірі – энергетикалық тәуелсіздік. Ал соған қалай қол жеткізуге болады? АЭС-тің керектігі, міне, осында. Бұл – мамандардың сөзі. Көп жыл бойы МАГАТЭ-нің, яғни Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік бас директорының кеңесшісі болған азамат, ғалым Тимур Жантикин секілді әлемдік деңгейдегі білікті мамандары бар елдің энергетика саласындағы соны жаңалықтарды пайдалануға ұмтылуы заңдылық екені сөзсіз.
Жезқазған