Экология • 03 Шілде, 2024

Арнасы тартылған өзендер

105 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Аграрлы өңір су тап­шы­лығымен алысып жатыр. Арнасы құрғаған үл­кенді-кішілі өзендер жиі кездеседі. Жылдан-жылға Жетісуды құрғақшылық меңдеп бара жатқаны белгілі. Әрине, әлемдік климаттық өзгеріс біздің өңірді де айналып өтпесі анық. Дегенмен мұнда адами факторлар да бар. Тұрғындар эко­логиялық заңнаманы сақ­та­майды. Тіпті өзенге ме­дициналық қалдықтар тө­геді. Айыппұл арқаласа да табиғатқа кесірін ти­гіз­гендер саны азаймай тұр.

Арнасы тартылған өзендер

Былтыр экологиялық заң­наманы сақтамағандар үшін 162 қылмыстық іс қозғалған. Оларға шағын айыппұл салынып, құзырлы органдар босатып жіберген. Экобелсенділер бұл істі қатаңдатпай, табиғатты қорғап қала алмаймыз деп отыр. Кезінде Быжы өзені сарқырап ағып жататын. Ағыны қатты болса да ауыл балалары балық аулап, шомылып қайтатын еді. Қазір арнасы құрғап қалған, тіпті кейбір ізін таба алмайсыз. Ал әйгілі Қаратал өзенінің арғы бетіне өту үшін жетісулықтар паром күтетін. Бүгінде жаяу адам кешіп өтеді. Бұрын тоқішектей толып ағатын өзендер, қазір ашішектей бұратылып қалды. Мамандардың айтуынша, Жетісудағы шағын және үлкен өзендердің 60 пайызы жоғалған.

Жетісудың аумағынан өтетін өзен-көлдердің бастауы көрші Қытайдан келетіндіктен жылдан-жылға су мөлшері азайып барады. Экономикасы сан салалы, демографиясы әлемді толғантқан держава трансшекаралық өзен-көлдерге өзі иелік етіп отыр. Соның кесірінен құрғап қалған өзен аңғарлары қоқыс төгетін заңсыз полигонға айнала бастады.

Облыстық прокуратура бас­па­сөз қызметінің мәлім­деуінше, өңір­де радиобелсенді қал­дық­тарды тереңге көму мен жоюға қатыс­ты мәселелер жыл сайын айтыл­ға­нымен, әлі күнге ше­шімін таппай келеді. Мы­са­лы, Панфилов ауданына қа­расты «Жар­кент – Арасан» ши­­па­жайының іргесіндегі тау бет­кейлерінде ескі уран кенішінен шық­қан үйінділер мен ұңғымалар радиобелсенді элементтерге толы. Бір өзі облыстың экологиялық қа­уіп­сіздігіне үлкен залалын тигізіп жатыр.

Экобелсенді Қажет Андас өзен-көлдердің тартылуының се­бебі әріде жатқанын айтады. «Кеңес одағы жақын маңға ұшатын ядролық ракеталардың Қазақ­стандағы шалғай елді мекендерге жару туралы қаулы шығарады. Бұл үдеріс екі жыл қатарынан жалғасады. Сол құжаттағы елсіз жер қазіргі Көксу ауданындағы «Тыр­нақ» деп аталатын жайлау болған. Оған қоса Алғабас елді ме­кенінің маңында пайдаланған. Ең өкініштісі, сол ядролық сынақ алаңына айналған мекендерге зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілмеген. Оның зардабын табиғат пен жергілікті тұрғындар тартып жатыр», дейді Қ.Андас.

Осы тұста мына бір оқиға еске түседі. Тоқсаныншы жылдары Талдықорғандағы қорғасынды-аккумулятор зауыты ауаны лас­тап жатқанын жазып, облыстық аурухананың дәрігері Ғалия Әрі­нова сотқа жүгінеді. Арыз бо­йын­ша тексеріс жүргізген облыстық СЭС-тің қыметкерлері зауыттың құю учаскесіндегі ауадағы қорға­сынның қалыпты мөл­шерден 150-200, қайта құю учаскесінде 250-300, кесу учас­кесінде 250-300 есе артық екендігін анықтаған. Сонда жылына талдықорғандық әрбір адам 700 грамға жуық қорғасын жұтады екен. Содан кейін барып кәсіпорын қорғасын ұнтақтарын ауаға өткіз­бейтін арнайы қон­дырғы орнатады. Бүгінде бұл ба­ғытта өңірде бірнеше кәсіпорын бар. Оның сыртында қайта өңдеу цехтары жұмыс істейді. Олардан шыққан қатты қалдықтар зауыт маңында үйіліп жатыр, кейбірі өзен-көлдерге төгіледі.

Сөзімізге дәлел болсын, был­тыр Қаратал ауданындағы ме­дициналық қалдықтар Бастөбе ауыл­дық округіндегі қатты тұр­мыстық қалдықтарды сақтау полигоны маңына тасталған. Бұдан Жетісу облысының ғана емес, бұрынғы Алматы облысының да денсаулық сақтау мекемелерінің медициналық қалдықтары тө­гілген екен. Мұны аудандық прокуратура қызметкерлері анық­таған.

Өңірлік экология департа­ментінің баяндауынша, аталған мәселелерді шешу үшін су қорғау аймақтары мен белдеулерді қа­дағалау, жасыл желектерді отыр­ғызу және елді мекендерді газдан­дыру жұмыстары жүріп жатыр. Былтыр атмосфералық ауаға шекті рұқсат етілген шығарындылар нақты көлемі 13,5 мың тоннаны, төгінділердің нақты саны 7,3 мың тоннаны, ал қалдықтарды орналастырудың нақты саны 107,2 мың тонна болған.

Облыс бойынша ластау­шы заттардың 45 пайызы ком­­­му­налдық қызмет кә­сіп­орын­дарына, 20 па­йызы тау-кен өнер­кәсібі кәсіп­орын­дарына, 20 пайы­зы құрылыс нысандарына, 15 пайызы қалған кәсіп­орындарға тиесілі. Өткен жылы экологиялық заң­наманың сақталуы бойынша 4 тексеру жүргізілген. Тексеру және АЕК материалдарды қарау нәти­желерінде 162 экологиялық заңнамасын бұзу анықталған. Заң бұзуды жою туралы 7 нұсқама беріліп, толығымен орындалған. Жалпы сомасы 2 282 773 241 мың теңге болатын 147 әкім­шілік айыппұл салынған. Одан бөлек «Қазақстан ғарыш сапары» АҚ-ның Жерді қашықтықтан зондтау жүйесі – Геопортал арқылы 149 қал­дықтарды стихиялық орналастыру орындары табылған. Соған сай 145 координат жойылыпты.

Департамент тарапынан прокуратура органдарының ұсынысы және полиция басқармаларының АЕК материалдары негізінде әкімшілік шаралар қабылдаған. Атап айтқанда, ӘҚБтК 324-бабы және 344-бабы бойынша 38 лауазымды тұлғаға 5 106 000 теңге айыппұл салған.

«Елімізде тұрмыс қалдық­тарын өндейтін технология жоқ­тың қасы. Соның кесірінен өзен-көлдерге ме­дициналық және үй қал­дық­та­рын төгеді. Ол – бір. Екін­шіден, Же­тісу – аграрлы өңір болғандықтан су­ды ауылша­руа­шылық саласына да қол­данады. Ал қазақ судың да сұ­рауы бар демей ме, өзен-көлдерді бей-бе­рекет пайдаланудың салдары­нан құрғап барады. Егін шаруасына жаңбырлатып, тамшылатып суа­ру технологиясын толық пайдалану қажет. Балқаш көліне құяр өзен­дер сиреп барады», дейді география ғылымдарының кандидаты, қа­уым­дастырылған профессор Нұржан Керімбай.

Оның айтуынша, таудан толассыз аққан өзендер арнасын ретке келтіру қажет. Диқандар суды қажетіне сай пайдаланады да, қалғанын далаға ағызып жібереді. Бұрынғы арнасы түспеген өзен көлге барар жолды таба алмайды. Бұлақ басында отырған елді мекендер суды бөгемей, ескі арнасына салып отыру міндетті.

Бүгінде өңірде орман өрті де толастамай тұр. Былтыр Жетісуда 217 дала өрті тіркелген. Материалдық зазал көлемі – 1,9 млн теңге. Орман өрттерінің басты себебі ауыл шар­­­­­уашылығы техникала­рынан туындайды. Сондай-ақ ту­рис­тердің от шоғын сөндірмей кетуі де табиғатқа зиянын тигізіп жатыр.Мәселен, Қаратал, Көксу, Лепсі және басқа да су қоймаларының жа­ғасын­да стихиялық туристік орын көп. Демалушылар қоқыс қал­­дықтарын сол су қоймаларына тас­­тайды. Осы бағытта да эколо­гия­лық ағарту шараларын жүзеге асыру қажет.

Жетісу облысы