Қоғам • 03 Шілде, 2024

Өнімі сұранысқа ие

134 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентінде биыл көктемде «Жанкент Агро» күріш өңдеу зауыты іске қосылды. Құны жарты млрд теңгеден асатын жобаның 155,2 млн теңгесі «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тарапынан бөлінсе, қалғанына серіктестік өз қаражатын жұмсапты. Қазір мұнда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, зауыт жылына 5 мың тонна күріш өңдейді. Серіктестік директоры Әнуар Абыхановтың айтуынша, өнім өзімізден бөлек Ресей, Украина, Өзбекстан елдеріне экспортталып жатыр.

Өнімі сұранысқа ие

Ауданда кәсіпкер, көпбалалы ана Венера Тайлақбаева құрған «Азия Қамыс» атты мекеме де бар. Серіктестік қамыстан экология­лық құрылыс материалдарын дайындауға арналған шикізат өңдеп, Швеция, Финляндия, Норвегия, Германия, Нидерланд мемлекеттеріне жөнелтіп отыр. Кәсіпорында тұрақты – 10, қамыс алқаптарында 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылған.

Қазалыдағы «Сельхозэнерго» ЖШС-да табысты кәсіпорындар санатында. Ұзақ уақыттан бері электромонтаж жұмысымен айналысып келе жатқан өндіріс орны бүгінде вибропресс құрылғысы арқылы жаяу жүргіншілер жолына арналған бордюрлар шығарып отыр. Серіктестік директоры Бейбіт Қазығұлов өнімдері аудандағы жол құрылысы жұмыстарында кеңінен пайдаланылып отырғанын айтады.

Қызылорда облысы,
Қазалы ауданы