Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым мен жоғары білім саласын дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдап, ғылымды дамытудың жаңа тәсілін заң жүзінде бекітіп, мемлекеттің ғылыми-технологиялық және экономикалық саясатының өзара байланысын күшейту қажеттігін Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің бірінші отырысында атап өткен еді. Енді «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңға қол қойды. Аталған заң ғылыми кадрларды даярлау, оларды әлеуметтік қорғау, әсіресе жас ғалымдарды қолдау жүйесін енгізу, ғылымды басқару құрылымын жетілдіру және ғылым қорының маңызын күшейту сияқты өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Дана Әл-Фараби өз заманында: «Білім жолына түскен жан күнделікті күйбең тіршілікті ойламауы қажет» деп, ғалымды әу бастан әлеуметтік жағынан қолдау қажеттігін алға тартқан екен. Бұл мәселе қазіргі кезде де өзектілігін жоғалта қойған жоқ.
«Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң ғылым саласында еңбек етіп жүрген ғалымдарды қуантып, бір серпілтіп тастағаны анық. Ғылыми дәрежесі бар қызметкерлердің ғылыми қызметін ынталандыру үшін ай сайын үстемеақы белгілеу, жетекші ғалымдарға шығармашылық демалыс беру секілді талаптар ғылыми нәтижелердің сапалы мақалалар мен монографиялар түрінде басылып, білім алушылар мен жас ізденушілердің ғылымға келуіне себепші болары сөзсіз. Сиясы кеппеген «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң ғылымның дамуына мұрындық болып, еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ғылыми-техникалық және инновациялық жетістік нәтижесінің отандық өнім түріне ауысып, саны мен сапасын арттыруға ықпал етеді деп сенеміз.
Сана ҚАБДРАХМАНОВА,
Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің қауымдастырылған профессоры, техника ғылымдарының кандидаты