Көліктердің басым бөлігі патрульдік полицияға беріледі. Тасжолда қызмет ететін тәртіп сақшылары жол талғамайтын көліктер алды. Өңір басшысы қоғамды тәртіпке қырағылық танытатын құқық қорғау органдарына қолдау жалғасатынын жеткізді.
– Сіздердің қызметтеріңіз жедел және жайлы болуы үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз. Сондықтан құқық қорғау органдарының тиімді жұмысында материалдық-техникалық базаны нығайту ерекше маңызды. Биыл құқық қорғау органдарының қажеттіліктеріне облыстық бюджеттен 22,8 млрд теңге бөлінді, оның ішінде бір миллиардтан астамы материалдық-техникалық жабдықты жақсартуға бағытталады, – деді облыс әкімі Ермағанбет Қабдулаұлы.
Өз кезегінде облыстың полиция департаментінің басшысы Нығмет Исмағұлов үлкен қолдауға алғысын білдірді.
– Материалдық-техникалық базаны жаңарту облыстағы жедел жағдайды жақсартумен тікелей байланысты. Өңірдегі жағдай тұрақты, қылмыстың алдын алу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алда да қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз, – деді полиция департаментінің басшысы.
Автопарк жыл сайын жаңарып отырады. Полиция департаменті басшысының орынбасары Нұриддин Дауылбаев қызметтік көлік қажеттілігі 85 пайызға қамтамасыз етілгенін айтады. 100 арнайы көлік қалада және трассада қызмет ететін патрульдік полицияға берілді. Енді жаңа көліктердің арқасында қыста қар құрсауында қалып қойған адамдарды құтқару жұмыстары жеңілдейді. Ал жаңа микроавтобустар тергеу-жедел топтың оқиға орнына шығуы үшін кезекші бөлімдерге берілді. Ол өз кезегінде мобильділікті арттырады. Көліктің барлығы дерлік стандарттарға сай, байланыс және бейне құрылғылармен, басқа да қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Салтанатты іс-шара соңында полиция қызметкерлері марапатталды. Қала және аудандардың учаскелік полицейлеріне облыс әкімінің Құрмет грамоталары тапсырылды.
Қарағанды облысы