Театр • 04 Шілде, 2024

Сәкен театрының сәтті қойылымы

83 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры 92-маусымын Ғабит Мүсіреповтің әйгілі клас­си­калық туындысы «Қыз Жібек» музыкалық драмасымен аяқ­тады. Өнер шаңырағының жанынан құрылған қуыршақ труп­пасы өзінің алғашқы маусымжабарын сәтті өткерді. Мұны­мен қоса, ­театр мен облыстық «Saryarqa» телеарнасы мемо­ран­думға қол қойды. Енді әр қойылым арнаның алтын қорында сақталады.

Сәкен театрының сәтті қойылымы

Қуыршақ труппасының ашыл­­ғанына бір жыл уақыт енді ғана болды. Дегенмен аз уақыт ішінде жаңадан құрылған жап-жас ұжым «Қарлығаштың құй­ры­ғы неге айыр?» ертегісімен Оман­дағы халықаралық қуыршақ театр­ла­рының фестиваліне қаты­сып қайт­ты. Режиссері – Айдын Салбан. «Керік пенен мүйізтұмсық», «Ойын­­­шықтар оян­ғанда» деген секіл­ді түрлі қойылым балалар назарына ұсынылды. Қуыршақ труппасы алғашқы маусымын Шығыс халық­тары ертегісінің желісімен жазыл­ған «Әли баба және қырық қарақ­шы» қуыршақ қойылымымен аяқта­ды. Қоюшы режиссер – Антон Зайцев.

Қуыршақ театрымен тізе қо­сып жұмыс істеген «Total fest» театр фестивалінің директоры, қоюшы режиссер Антон Зайцев қарағандылық ұжымның шы­ғар­машылық қабі­летіне жоғары баға берді. Сонымен қатар ол театр­да көр­кем туындыларды сах­на­лауға барлық жағдайдың барына ризашылығын жеткізді.

«Жас ұжыммен бір ай жұмыс істедім. Сәкен театры біршама жетістікке жеткен екенсіздер. Актер ойны мені таңғалдыр­ды. Жұмыс істеуге өте қолайлы. Әсіресе актерлік құрамның басым бөлігі жастар екенін көргенімде, өнер шаңырағының болашағы жарқын екеніне көзім жетті. Жет­кен жетістіктерге масаттан­бай, одан әрі ізденетін таланттар зор құрметке лайық. Қуыршақ ­теат­рын ашып, соның репертуа­рын толтыру, актерлерді жасақтау, оларды даяр­лау – әсте оңай шаруа емес. Бұл көп еңбекті талап етеді. Болашақты тәрбиелеу жолында қуыршақ театрының маңызы зор екенін атап өткім келеді. Көрерменнің әр санатын қамти алатын театрдан үміт күтуге болады», дейді Антон Зайцев.

92-маусымжабардың тари­хи сәті – меморандумға қол қо­йыл­ды. Облыстық «Saryarqa» те­­ле­­­арнасымен жасалған ор­тақ ме­мо­­рандумның аясында телеарна Сәкен театрының премьера­лық қойылымдарынан тікелей трансляция жасайды. Оған қоса, репертуардағы барлық спектакль Алтын қорда сақталады.

«Қор кез келген елдің мә­де­­­­ниеті мен тарихы үшін аса ма­ңыз­ды. Бұны елдің жады десек те болады. Облыстық «Saryarqa» теле­арнасының қоры – облыстық ар­н­а­лардың ішіндегі ең үлкен қор. Іргемізде тұрған театрдың сах­­на­сындағы әр қойылым – ер­тең­гі тарих. Осындағы әр актер ер­­тең­­гі тұлға деп сенемін», дей­ді телеарна директоры Берік Дүй­се­таев.

Сәкен театрының ендігі алға қойған мақсаты – музыкалық драма театры мәртебесіне қол жет­кізу. Сол үшін де театр ұжы­мы «Қыз Жібек» қойы­лымын музы­ка­лық драма ретінде сахналады.

Атақты «Қыз Жібек» музыка­лық драмасын тамашалауға келген көрерменнің қарасы қалың болды.

Театрдың мәртебелі көрер­мендері бұл жолы қара шаңырақ актерлерінің жаңа қырына көз жеткізді. Актерлердің асқақтата салған әндері қойы­лымның сән-салтанатын келіс­тірді.

«Сәкен театрында ұмытылмас күн, үлкен оқиға. Қазақ драма­тур­гия­сының жауһары «Қыз Жібек» музыкалық драмасының премьерасы сахналанды. «Қыз Жібек» осыдан тура тоқсан жыл бұрын жазылып, сахналанғаны туралы аз-кем білуші едік. Содан бергі уақытта еліміздің өңірлік театр­ларында әредік қойылып келеді, әрине. Бірақ жиі емес, сирек сахналанады. Себебі шоқтығы биік шырқау шығарма. Әркімнің жүре­гі дауалап бара бермейтін дүр драма. Көзкөргендердің айтуынша, Қарағанды театрында өткен ғасырдың орта тұсында бұл спектакльді Мүлік Сүртібаев, Жәмилә Шашкина сынды сахна саңлақтары сомдапты. Одан бергі уақытта түрлі себеппен қойыл­май келген екен. Сол олқылық­тың орны толды. Сәкен сахнасында Төлеген болып толқыдық, Қыз Жібекпен қоса қуанып, қатар қайғырдық. Шегенің шыр­қай салған ариясын айызы­мыз қанып тыңдадық. Қысқасы, театрдың әдемі әлеміне, тұңғиық тереңіне сүңгідік. Лиро-эпостық жырдың оқиғасы театрдың Ұлт аспаптары және симфониялық аспаптар оркестрінің сүйе­мел­деуімен әртістеріміздің орын­дауындағы ән-күй, музыкамен өрілді. Дирижер Әбілқайыр Сағым­баевқа, қоюшы-режиссер Айдын Салбанға және барша ­театр ұжымына зор алғысымды біл­­­діремін. Жаңа маусымға жақсы де­ма­лып, жаңа идеялармен келу­ле­­ріңізге тілектеспін», деді облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын.

Осылайша, Сәкен театры­ның жа­ңа­лығы болған музыкалық қо­йы­­­лым­ның шымылдығы, театр­­дың маусымы жабылды. Көрер­мен­ қимай-қимай қошемет көр­сет­ті.

Қарағанды облысы