«Өмір бар жерде қаза бар» демекші, бір жеті болмай Алмагүлдің дүниеден озғанын естіп, абдырап қалғанымыз рас. Бар өмірін Сыр елінде өткізіп, өңірдің өркендеп дамуына айрықша үлес қосқан қабырғалы азамат, белгілі тұлға болды. Оның ерекше қайсар, қажырлы болуымен қатар, барынша әділ де адал қайраткер екеніне көз жеткіздік.
Алмагүл Божанқызы 1946 жылы бұрынғы Тереңөзек ауданының Айнакөл аулында туып, Қызылөзек, Тельман атындағы мектепте білім алып, оны педучилищедегі оқуымен жалғастырды. 1964-1972 жылдары Шаған аулындағы балабақша меңгерушісі, №132 орта мектепте ұстаз, 1972-1988 жылдарда Тереңөзек аудандық комсомол комитетінің 1-хатшысы, мектеп директоры, аудандық партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды. 1988 жылы аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1992-1997 жылдары аудан әкімі болып сайланды. Сол тұста республикамызда алғаш сайланған әйел әкім болды. Бұл кезең бұрынғы одақ тарап, кеңшарлар жойылып, не істеу керектігін бажайлай алмай тұрған өліара шақта А. Божанова бар күш-жігерін жұмсап, ауданды тығырықтан алып шықты.
Ұйқысыз түндер, дамыл таппаған күндері өз жемісін берді. Тереңөзек ауданының экономикасы, мәдениеті мен білімі, өнері дамыды, халықтың әл-ауқаты артты. Осындай жетістіктердің басында Алмагүл Божанова тұрды.
1999 жылы Қызылорда облысы мәслихатының хатшысы, «Нұр Отан» партиясы филиалының басшысы сияқты қызметтерді ойдағыдай атқарып, олардың жұмысын жаңа деңгейге көтере білді. Жасынан Қ.Қазантаев, Е.Көшербаев, Н.Ергешбаев сынды айтулы азаматтардан үлгі-өнеге алған А.Божанова еселі еңбегінің нәтижесінде елге сыйлы болды. Оны көзіміз көрді.
1973 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, ел тәуелсіздігі жылдарында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Құрмет», «Парасат» ордендерімен қатар, ондаған медальмен марапатталған, Сырдария ауданы мен Қызылорда облысының Құрметті азаматы атанған еді. Кейінгі жылдары «Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғамдық бірлестігін ашып, жас ұрпақты тәрбиеледі. Әртүрлі тақырыпта бірқатар танымдық кітап жазды.
А.Божанова аудандық, облыстық кеңестердің депутаты, партия органдарының мүшесі болып сайланды. Алекең рухани, мәдени істерге өте мән беретін және зиялы қауым өкілдеріне асқан құрметпен қарайтын. Ә.Тәжібаев, Ә.Нұрпейісов, Қ.Мұхамеджанов, Ә.Жұмабаев, Ә.Жәмішов, Ш.Мұртаза, Ф.Оңғарсынова, К.Ахметова, Иран-Ғайып және басқа ақын-жазушылармен тығыз байланыста болды. Алмагүлге ақындар өлеңдерін, жазушылар ақ тілектерін арнады.
«Жазмыштан озмыш жоқ», емендей берік, қажымас қайрат иесі болған Сыр елінің бәйтерегі құлады. Алайда А.Божанованың Сыр халқына сіңірген еңбегі ұмытылмақ емес. Өйткені ол жасаған игілікті істердің ізі бар демекпіз.
Қош бол, жатқан жерің жаннат болғай. Сыр елі сізді ұмытпайды.