Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Облыстық полиция департаменті (ПД) басшысының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Құрманғали Исмағұловтың бастамасымен жолдардың қауіпті учаскелерінде автокөлік жүргізушілерінің назарын аударатын күн батареяларымен жұмыс істейтін стробоскоптарды және елді мекендердің аумағы арқылы өтетін учаскелердегі жүргізушілерге көлік жылдамдығы туралы хабарлайтын профилактикалық жылдамдық өлшегіштерді орнату мәселесі пысықталды. «Анықталған барлық 4 211 жол ақауы бойынша кемшіліктерді жою үшін коммуналдық орган өкілдеріне 975 нұсқама берілді», дейді ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Серік Әлжанов.
Полиция көрген ақауларға халық та күнде кездесіп, наразылықтарын білдіріп алмай жүреді. Қала көшелеріндегі жолдардың ақауы, терең шұқанақтар салдарынан көліктің өз жолағынан шығып кетіп, қарсы келе жатқандармен қақтығысып қалу оқиғасы да жиі туындайды. Мысалы, Петропавл қаласының қақ ортасындағы Пушкин көшесінің осындай жағдайда тұрғанына жылдан асты. Республикалық, облыстық, аудандық жолдардың да көбі мәз емес. Ал жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарын жүргізетін мекеме басшыларын тыңдасақ, бәрі жап-жақсы. Айтылған сөз, жазылған қағаздың бәрі тап-тұйнақтай.
Таяуда облыстық әкімдікте осы мәселеге арналған отырыс болып, онда облыс әкімдігінің Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ерден Шортыбаевтың баяндамасынан соны көрдік. Оның айтуынша, жалпы ұзындығы 6,4 мың шақырым болатын облыстық және аудандық маңызы бар жолдар мен Петропавл қаласы және басқа да елді мекендердің ішкі жолдарын жөндеуге 43,8 млрд теңге бөлінген.
«Осы бөлінген қаражаттың есебінен 145 жөндеу жобасы іске асырылып жатыр. Соның 16-сы – облыстық, 49-ы – аудандық маңызы бар жолдар. Петропавл қаласының ішкі жолдарын жөндеу бойынша 23, қалған елді мекендердің ішкі жолдары бойынша 57 жоба басталды. Бүгінге дейін ұзындығы 150 шақырымды құрайтын 21 жол жөндеу жобасы аяқталды», деді ол.
Одан әрі Е.Шортыбаев іске асырылып жатқан жобалардың әрқайсына тоқталып, олардың қандай деңгейде екенін баян етті. Жолдарды бұзатын аса ауыр салмақты жүк таситын көліктер екені, бүгінге дейін облыста ауыр салмақты 7 494 автомобиль тіркелгені айтылды. Алайда бұларды есепке алынып, жүк салмағы шектелгенімен, транзитпен өтетін шетелдік көліктерге басқарма бақылау орната алмайды. Ондай жұмыстарды облыстағы Көлік бақылауы инспекциясы атқарады. Оның басшысы Абылай Қазбаев баяндамасында облыс аумағында көлік бақылауын жасайтын үш-ақ жылжымалы бекет бар екенін, оның да екеуі былтыр алынғанын жеткізді.
Біреуі шекарадағы «Жаңажол» өткізу бекетіне қойылып, күндіз-түні ел аумағына енген шетелдік көліктерді бақылайды. Ал облыс аумағындағы республикалық, облыстық, аудандық жолдардан тұратын 9 мың шақырым жолды қалған екі жылжымалы бекет бақылауға алған. Биыл барлығы 2 095 автомобиль тексерілген, соның 1 546-сы – шетелдік көлік. Жыл басынан бері ел жолдарында жүк тасымалдау тәртібін бұзған 475 жүргізушіге әкімшілік іс қозғалып, 49 млн теңге айыппұл салынған. Бірақ мұндай шарадан жол сапасы жақсармасы белгілі.
«Елімізде рұқсат етілетін салмақтан ауыр жүк артатын машиналардың бәрі дерлік – инертті материалдар таситын, Қытайдан шыққан көліктер. Олардың ауыр жүк артуы карьерлерден басталады. Сондықтан мердігерлердің жұмысқа кірісуіне рұқсат беретін келісімшарттарда тасымалданатын жүк салмағы белгіленген нормадан аспауы қатаң талап етіліп, жазылуы керек», деді Абылай Қазбаев.
Күннің ыстығында босаған асфальт жолдар барынша езіліп, ауыр жүктерге шыдас бере алмайды. Сондықтан көліктің белдігіне түсетін салмақтың нормасын азайта түскен дұрыс сияқты. Бұл мәселеге облысқа келген жұмыс сапарында Премьер-министр Олжас Бектенов те назар аударып, ауыр салмақты жүктер таситын көліктерді қатаң бақылау қажеттігін тапсырған. Ондайлардың Петропавл мен Сергеев гидроузеліндегі көпірлерге де зиян шектіруі мүмкін екені ескертілген.
Солтүстік Қазақстан облысы