Сенаторлар сондай-ақ қоғам қайраткерлерімен және мәслихат депутаттарымен кездесіп, өңір тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелерді шешу туралы пікірлерімен бөлісті. Талқылау заң шығарудан бастап, аймақтың нақты мәселелеріне дейінгі тақырыптар ауқымын қамтыды.
Сенаторлар сонымен қатар сапалы ауызсумен жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында жаңа технологияларды енгізу жоспарланып отырған Жезқазған қаласындағы ауызсу тазарту-шаруашылық құрылысын жаңғырту жобасымен де танысты.
«Жезқазғанның жаңа батыс ауданына магистралдық жылу желісін салуға, Үйтас-Айдос су құбырын салуға жергілікті атқарушы органдар ерекше назар аудару қажет. Бұл жобалар облыс орталығының тұрғындарын сумен қамтамасыз ету, жылумен жабдықтау сапасын жақсартуға тиіс», деді сенатор Советбек Медебаев.
Парламентшілер Ұлытау ауданында болып, су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға арналып салынып жатқан Жезді кентіндегі үйлер құрылысымен танысты. Сенаторлар құрылыстың қарқыны мен сапасына ең алдымен тұрғындардың өздері риза болуы маңызды екенін атап өтті.