Бір жылда 400 мыңға жуық өнім түрін нарыққа шығаратын компанияның ел көлемінде тұтынушысы қалың. 180 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған зауыт биыл бірінші тоқсанда 96,05 млрд теңгенің өнімін өндірген.
«Кәсіпорын бес өндірістік зауыттан тұрады. Біріншісінде құрылысқа ең қажетті өнім – пластик және алюминийден есік-терезе жасалса, екінші зауытта медициналық жабдықтар құрастырылады. Үшіншіде «Жайлы мектеп» жобасына сай келетін мектеп жабдықтары, медицина саласы мен барлық кеңсеге қажетті түрлі жиһаздар дайындаймыз. Төртінші бөлікте тек ауруханаға қажетті түрлі кереует, ал енді бір зауытта модульдік металл конструкция бұйымдары шығады. Бүгінде тағы бір зауыттың құрылысы бітуге таяу. Онда минералды мақта арқылы үй сыртын қаптауға керекті сэндвич-панельдер өндірілмек», дейді серіктестіктің атқарушы директоры Мұрат Четин.
Аурухана құрылысы басталған уақытта алдын ала жоспарланатын операциялық газ консольдары да осында дайындалады.
Медбикелерге қажетті сүйретпе арбалар, шұғыл ота жасау бөлмесіне керек арнайы жабдықталған үстел мен бірнеше моторлы кереуеттің көптеген түрі бар. Ауруды тасымалдауға арналған каталка-сүйретпелер де – компанияның негізгі өнімдерінің бірі.
«Гинекологиялық креслодан бөлек, перзентхана кереуеті мен дүниеге жаңа келген сәбилерді орналастыруға арналған шағын жабдықтар да осында. Басты шикізат темір бөліктері өз елімізден табылса, медициналық жабдықтардың кейбір бөлшегі мен пластикалық заттар Түркиядан келеді. Жиһазға қатысты шикізатты әзірге Ресейден, сондай кейбір «ДСП», яғни ағаш қиқымдарынан сығымдалған тақтайларды республикадағы өндірушілерден де аламыз. Бірақ көбіне-көп олар өндірген тақтайлар біздің қойған талапқа сай келмей жатады. Жалпы, ламинатталған ағаш бұйымдарының сапалы болғанын қалаймыз. Сонымен қатар біздің терезе-есіктерімізге «BI Group», «Orda Invest» секілді ірі құрылыс компаниялары тапсырыс береді», дейді кәсіпорын директорының көмекшісі Анар Сәрсенбекова.
Компания құрылыс салуға да белсенді қатысады. Мектеп, аурухана, сонымен қатар әуежай құрылысына атсалысып, ішкі қызмет көрсету, жабдықтау жұмыстарын да қоса атқарады. Өздері шығаратын металл конструкциялық бұйымдар арқылы саяжай, жол полициясы мен күзетке арналған, сондай-ақ медициналық шағын бекеттер, жылы аялдамалар және автобандар бойындағы дәмхана, дәретханаларды құрастырады. Бұл тізімге қозғалмалы-жиналмалы шағын жылы баспана құрылысы да кіреді.
«Пандемия кезінде біздің компания 68 күн ішінде Албания елінде конструкциялық металл жабдықтарын пайдалана отырып, қалалық аурухана тұрғызды. Мұндай бағыттағы құрылысты біздің елде де жүргізуге болады, бірақ климаттық жағдайды да ескеру керек», дейді Анар Сәрсенбекова.
Тағы бір жаңалық, кәсіпорын Астана қаласы әкімдігінің «JOLTAP» жобасымен бірлесе жұмыс істейді. Бұл жерде өз мүмкіндігін сынап, түрлі мамандықты игерем деушілер аталған жобамен өндіріске келіп, арнайы бекітілген мұғалімнің бағытымен қосалқы мамандық алып шығады. Аталған жоба арқылы өндірісте бір ай көлемінде «Дәнекерлеуші» мамандығы оқытылып келеді. Мұндай курсты бітірген кейбір үздік мамандарды кәсіпорын тұрақты жұмысқа қабылдауға да ықыласты екен.