Білім • 11 Шілде, 2024

11 шілдеде докторантураға өтініштерді қабылдау басталады

92 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

11 шілдеде докторантураға түсу емтиханына (ДТЕ) қатысуға өтініш қабылдау басталады және 2024 жылғы 3 тамызға дейін жалғасады, деп хабарлайды Egemen.kz.

11 шілдеде докторантураға өтініштерді қабылдау басталады

Түсу емтиханына қатысуға тіркелу ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының http://app.testcenter.kz/ сайтында өтеді. Докторантураға түсу үшін тек бір жоғары оқу орны мен білім беру бағдарламаларының бір тобын ғана таңдауға болатындығын ескертеміз.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, егер түсушіге берілген өтінішке (тестілеуді тапсыру қаласы, білім беру бағдарламаларының тобы, тестілеуді тапсыру тілі) өзгерістер енгізу қажет болған жағдайда, оған өтініштерді қабылдау жүйесі жабылғанға дейін (3 тамызға дейін) өтінішті өңдеу немесе жою мүмкіндігі беріледі. Тестілеуді өткізу орны мен уақыты туралы ақпарат түсушінің жеке кабинетінде 9 тамызда қолжетімді болады.

Түсу емтиханына әңгімелесу, эссе жазу және білім беру бағдарламасы тобының бейіні бойынша емтихан кіреді. Жалпы, түсу емтиханының ең жоғары көрсеткіші 100 балл, оның ішінде әңгімелесу – 30 балл, эссе – 20 балл, бейіні бойынша емтихан сұрақтары – 50 балды құрайды. Ал мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша конкурсқа қатысу үшін және ақылы негізде докторантураға түсу үшін шекті балл 75 балды құрайды.

Докторантураға түсу үшін ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша мемлекеттік тілді меңгергенін растайтын сертификат және шет тілін меңгергенін растайтын сертификат ұсыну қажет. TOEFL ITP сертификаты бар тұлғалар ДТЕ басталғанға дейін ағылшын тілін білуге арналған қосымша тестілеуді тапсырады. Атап өтсек, 2024 жылы шет тілін меңгергенін растайтын сертификаттардың шекті деңгейлері B1-ге дейін төмендетілді және тізімге TOEIC және Duolingo English Test сертификаттары енгізілді.

2024 жылдан бастап түсушілердің бейіні бойынша докторлар бағдарламасы бойынша докторантураға түсуге мүмкіндіктері бар. Бұл бағдарлама үшін шет тілін меңгергенін растайтын сертификаттың белгілі бір деңгейі талап етілмейді. Сондай-ақ, бейіні бойынша докторлар бағдарламасы бойынша түсушілер емтихан барысында эссе жазбайды. Ең жоғары көрсеткіш – 80 балл, оның ішінде әңгімелесуге – 25 балл, кәсіпорындар мен ұйымдардың ұсыныс хатына (болған жағдайда) – 5 балл және бейіні бойынша емтихан сұрақтары – 50 балды құрайды. Шекті балл – кемінде 50 балл.