10 967 600 000
Батыс Қазақстан облысында биылғы бес айда осыншама млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, өткен жылғыдан 2,8 пайызға артты
Облыстық статистика департаментінің мәліметтеріне сәйкес, осының 10962,9 млн. теңгесі мал шаруашылығының үлесіне тиеді, мұндағы өнім көлемі 1,5 пайызға өсті. Жыл басынан бері тірілей салмақпен алғанда, 24,0 мың тонна ет (103,2 пайыз), 75,9 мың тонна сүт (101,5 пайыз), 50,4 млн. дана жұмыртқа (119,7 пайыз) өндірілді. Ет өнімінің 16,3 пайызы – Жаңақала, 15,6 пайызы – Зеленов, 11,7 пайызы Ақжайық ауданының еншісінде болса, сүт өндірушілер негізінен Теректі (18,5 пайыз), Зеленов (15,6 пайыз), Бөрлі (12,8 пайыз) аудандарында шоғырланған. Жұмыртқаның 58,0 пайызын Орал қаласы маңындағы шаруашылықтар, 15,9 пайызын Зеленов ауданы шаруашылықтары өндіреді.
Өңірде ірі қарадан басқа мал басы өсіп отыр. Қазіргі кезде облыста 509,0 мың бас ірі қара (өткен жылғы осы кезбен салыстырғанда 98,3 пайыз), 878,2 мың қой (105,2 пайыз), 251,6 мың ешкі (104,8 пайыз), 74,5 мың жылқы (106,7 пайыз), 3,8 мың түйе (100,6 пайыз), 31,2 мың шошқа (100,4 пайыз), 969 мың құс (98,4 пайыз) бағылуда.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы.
____________
1 000 000 000
Өткен жылы Алматы қаласының айналасында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен ұйымдастырылған жәрмеңкелерде тұтынушыға осыншама теңгенің азық-түлігі жеткізіліпті
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматы қаласының айналасында азық-түлік белдеуін құру тапсырмасына орай жетісулықтар ұйымдастырған жәрмеңке жаңа маусымдағы жұмысын бастады. Жыл сайын тәжірибе жинақтаған өңірдегі шағын және орта кәсіп иелері мен шаруа қожалықтары өндірген экологиялық жағынан таза өнімдерін тұтынушыға ұсынды.
Қазіргі кезде өңірде 317 жылыжай жұмыс істесе, өткен мерзімде олардан 1035 тонна өнім жиналды. Жәрмеңкеге бұл жолы жетісулық тауар өндірушілер азық-түліктің 45 түрін әкеліп, саудалады. Өткен жылы өңір кәсіпкерлері 647 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін ұйымдастырып, 70-тен астам тауар түрін саудалаған еді. Оны қаржыға шаққанда 1 млрд. теңгені құраса, 12 жәрмеңке тікелей Алматы қаласында өткізілді.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.
__________
571 456 000
Үстіміздегі жылы “Бизнестің жол картасы - 2020” бағдарламасы шеңберінде жергілікті кәсіпкерлерге мақсатты трансферттер есебінен осынша қаржы бөлінген
Егер саралап айтар болсақ, аталмыш бағдарламадағы басым бағытқа ие болып отырған несие пайызын субсидиялауға 179 млн. 184 мың, несиелерді кепілдендіруге 81 млн. 446 мың, ал сервистік қызмет көрсетуге 32 млн. 579 мың теңге қаралған. Сондай-ақ шетел рыногына тауар тасымалдаушыларды қолдауға 81 млн. 447 мың және инфрақұрылымды дамыту бағытына 196 млн. 800 мың теңге қаражат қарастырылған.
Бүгінде Сыр аймағында 54 индустриялық-инновациялық жоба іріктеліп алынса, ағымдағы жылы осының 10-ы жүзеге асырылмақ. Жоғарыдағы жобаларды жүзеге асыру барысында 8 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады деген болжам бар.
Еркін ӘБІЛ.
Қызылорда облысы.