Қоғам • 12 Шілде, 2024

Шарапаты мол бағдарлама

168 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жайлы жұмыстың реті келмеді деп қол қусырып отыратын кез емес. Оның үстіне тіршілігі қыз-қыз қайнап жатқан мегаполисте екі қолға бір күрек табылады. Жұмыссыз жандарға Алматыда арнайы Мансап орталығы барын, онда алты ай бойы шәкіртақысы төленетін тегін кәсіптік оқу игеріп, жұмысқа орналасудың мүмкіндігі мол екенін көпшілік біле бермеуі мүмкін.

Шарапаты мол бағдарлама

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Мемлекет қолдауымен жүзеге асқан жоба күні бүгінге дейін талай жанға таяныш болған. Қысқа­мерзімді кәсіптік оқудан кейін мансап орталығындағылар жұмысқа орналасуыңызға да мұрындық болмақ. Жоба жұмыс іздеушілермен қатар жұмыс берушілердің де сұранысын қанағаттандыруды көздейді.

Алматы қалалық Мансап орталы­ғының жетекшісі Әділет Жаңабаев биыл кәсіптік оқыту курстарына 34 мамандық бойынша қабылдау жүретінін жеткізді. Әсіресе тігінші, шаштараз, кондитер, бухгалтер, автоэлектрик, туризм жөніндегі агент, наубайшы, киім дизайнері секілді мамандықтарға сұраныс жоғары. Биыл дәл осы кәсіптік салалар бойынша мыңға тарта азаматты қамту жоспарланған.

– Елімізде еңбек нарығын дамыту­дың 2024-2029 жылдарға арналған тұжы­рым­дамасында әлеуметтік қорғауды ұйым­дастыру басым бағыттардың бірі ретінде көрсетілген. Еңбек мобильділігі орталығының негізгі мақсаты – жұмыс іздеушінің жұмыс табуына және кадрларды іріктеуде жұмыс берушілерге көмек көрсету. Аталған бастаманы жұмыс­пен қамтуға әрі кәсіптік білім алуға жәр­дем­десудің белсенді шарасы деп атаған жөн. Оқыту жұмыс берушілердің өтініші бойынша оқу орталықтарында, жұмыс берушілердің жұмыс орнында жүргізіледі. Оқу ұзақтығы 6 айға дейін. Жобаға қатысушылар оқу ақысы, білім беру ұйымдары және жұмыс берушілер (70 мың теңге), жұмыс іздеушілер (32 681 теңге) шәкіртақы немесе (73 840 теңге) жалақы сияқты мем­лекет­тік қолдаумен қамтамасыз еті­леді. Оқу аяқ­талғаннан кейін жұ­мыс беруші жұмыс­сыздарды алған мамандығы бойынша тұрақты жұмыс орнына (кемінде 6 ай мер­зіммен) жұмысқа орналастыруға міндет­теледі. Өткен маусым айында 184 адам оқуға жіберілді, – дейді Ә.Жаңабаев.

Оқу мен жұмыста табандылық та­нытқ­ан жандардың өз кәсібін өрге дөң­гелетуіне де мүмкіндік мол. Жаппай кәсіп­керлікті дамыту шеңберінде 400 есе­ленген айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін (1 476 800 теңге) мемлекеттік гранттар беру көзделген. Бұл – жаңа бизнесті бастау, дамыту үшін қайтарымсыз негізде берілетін бастап­қы капитал. Грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге, сондай-ақ жекелеген әлеуметтік санаттарға жататын азаматтардың өндірісін жолға қойып, өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуіне көмек ретінде беріледі. Дәлірек айтқан­да, көпбалалылар, асыраушысынан айы­рылу жағдайы бойынша жәрдемақы алатындар, қандастар, мүгедек баланы тәрбиелеушілер, мүгедектігі бар азаматтар қайтарымсыз грантқа үміткер бола алады.

Дейтұрғанмен, гранттар қажетті құрал-саймандар, еңбек құралдары, технологиялық жабдықтар, жануарларды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алу, үй-жайды жалға алу ақысын төлеу секілді бағыттар бойынша ғана берілетінін ескерген жөн. Арнаулы көмек жеке тұтыну мақсаттарына, яғни кредиттік қарыздарды өтеуге, тұрғын үй жылжымайтын мүлігін сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға,общ акцизделетін өнім өндіруге берілмейді.

– Мемлекет берген қаржыны мақсат­сыз пайдаланғаны үшін 2020 жылы – 342, 2021–2022 жылдары – 106, 2023 жылы 255 талап-арыз сотқа берілді. 2024 жылы Алматы қаласы бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 528 млн 694 мың теңге сомасына 358 грант беріледі. 20 мамыр мен 31 мамыр аралығында грант берудің алғашқы кезеңі өтіп 179 азамат қамтылды. Бі­рінші лекте business.enbek.kz порталына үміткерлерден 902 өтініш түскен еді. Өтініш берудің келесі кезеңі 15 шілде мен 26 шілде аралығында өтеді. Бұл кезеңге де 179 грант қарастырылған, – дейді Ә.Жаңабаев.

Бүгінгі таңда жұмысқа орналасу – ең өткір мәселенің бірі. Алматы қалалық Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында журналистермен жүздескен Мансап орталығының мамандары әлеуметтік жұмыс орындары дегеніміз не, олар қалай ерекшеленеді, оның кімдерге арналғаны туралы тарқатып айтып берді. Қарапайым тілмен айтқанда, әлеуметтік жұмыс орындары дегеніміз – жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс беруші мен жергілікті атқарушы орган арасындағы шарттық негізде жұмыс істейтін институт. Бұл ретте жұмыс берушінің меншік нысаны маңызды емес.

Сарапшылардың сөзінше, Алматы­ның еңбек нарығы бірнеше бағыт бойын­ша дамып жатыр. Оның алғашқысы – дәл осы әлеуметтік жұмыс орындары. Жоба жұмыссыздар мен мүгедектігі бар адамдар үшін 12 айға дейінгі мер­зімге уақытша жұмыс орындарын құру­ды көздейді. Жалақының бір бөлі­­гін мемлекет субсидиялайды. Бұл деге­­ніңіз жұмыс беруші белгілеген жала­қы мөлшерінің 35%-ын құрайды. Мега­полисте жыл басынан бері әлеуметтік жұмыс орындарына 519 адам жіберілген болса, былтыр жыл көлемінде 985 адам қамтылған.

– Еңбек нарығының тағы бір бағыты – қоғамдық жұмыстар. Олар біліктілігі жоқ адамдар үшін 12 айдан аспайтын мерзімге уақытша жұмыс орындарын құруды көздейді. Жалақыны толық көлемде мемлекет (30 АЕК мөлшерінде) төлейді, бұл осы жылы 110 760 теңгені құрап отыр. Жыл басынан бері қоғамдық жұмыстарға 6 720 адам жіберілді (2023 жылы – 13 241).

12 ай­дан аспайтын мерзімде мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу үшін 35 жастан аспаған, кейінгі бес жыл ішінде оқуын аяқтаған, ЖОО және ООО түлектері қатарындағы жұмыссыздарға арналған Жастар практикасы бағдарламасы да өз тиімділігін көрсетіп отыр. Жалақыны толық көлем­де мемлекет төлейді, бұл биыл 110 760 теңгені құрайды. Биыл жастар тәжіри­бесіне 134 қатысушы жіберілді, – дейді Мансап орталығындағылар.

Аталған бағдарламалардан бөлек, 35 жастан аспаған, оның ішінде жұмыс тәжірибесі жоқ NEET санатындағы жас­тарды 18 айдан аспайтын мерзімге уақытша жұмыс орындарымен қамтуға бағытталған «Бірінші жұмыс орны» деп аталатын бағдарлама бар. Өткен жылы жобаға 413 азамат тартылған болса, биыл әзірге 48 адам жіберілген.

Үш жыл ішінде оқу орындарын бітірген әрі 35 жастан аспаған түлек­терге арналған «Ұрпақтар келісім­шарты» жобасының, 50 жастан асқан жұмыссыздардың экономикалық белсен­ділігін арттыруға бағытталған «Күміс жас» жобаларының да тиімділігі зор. Мегаполисте биылдан бастап зейнеткерлерге арналған «Алтын жас» бағдарламасы жүзеге аспақ.

– Бұл бағдарлама зейнет жасындағы адамдарды жұмысқа тарту, олардың белсенді физикалық және эмоционалдық жағдайын қолдау, еңбекке қабілетті халық санын және тәлімгер рөлін арттыру бойынша тең жағдай жасауға арналған. Бағдарламаға Алматы қаласын­да тіркелген және тұратын зейнет жасын­дағылар, сондай-ақ меншік нысанына қарамастан Алматы қаласының жұмыс берушілері қатысады. Зейнеткерлік жастағы адамдардың жалақысы жұмыс берушілердің қаражаты есебінен белгі­ленген жалақының 50%-дан кем емес мөлшерінде және жергілікті бюджет қаражатынан 50% мөлшерінде субсидияланып, 85 мың теңгеден аспайтын мөлшерде жүргізіледі. Бағдарламаға қатысу 36 айдан аспайды және еңбек қатынастарын мерзімінен бұрын тоқтату мүмкіндігі бар. Жоба 2024 жылдан 2028 жылға дейінгі кезеңге арналған. Жоспар бойынша 2024 жылы – кемінде 500 адам, 2025 жылы – 1 000 адам, 2026 жылы 1 500 адам қамтылады деп көздеп отырмыз, – дейді Мансап орталығының басшысы Ә.Жаңабаев.

Айтпақшы, жұмыс іздеушілерге арналған барлық қызметті онлайн форматта пайдалануға болады. Бүгінгі таңда электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер 4 805 жұмыс орнына 2 213 бос жұмыс орны туралы хабарландыру жариялаған. Жыл басынан бері 30 994 адам жұмысқа орналасыпты.

Кәсіптік білім алып, жұмысқа орналасуды көздеген жандар өздерін толған­дырған сауалдар бойынша Достық даңғылы, 85 мекенжайындағы Мансап орталығына, «Әлеуметтік қызметтер үйіне» жүгіне алады.

АЛМАТЫ