Оқиға • 12 Шілде, 2024

«Өлтіремін деп қорқытқан»: Судьяға қоқан-лоқы көрсеткен күдікті іздестіріліп жатыр

192 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана полицейлері адам ұрлау фактісіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Өлтіремін деп қорқытқан»: Судьяға қоқан-лоқы көрсеткен күдікті іздестіріліп жатыр

Фото: inbusiness.kz

Полицейлер аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын растады. Қазіргі уақытта судьяға қоқан-лоққы көрсеткен азамат іздестіріліп жатыр.

«Қалалық Полиция департаменті Астана тұрғынын бопсалау және ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру мүддесі үшін өзге мәліметтер жарияланбайды», деді ведомство өкілдері.

Айта кетейік, белгісіз біреу Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айдос Ордабаевтан ірі көлемде ақша бопсалағаны туралы ақпарат Kozachkov offside Telegram-арнасында жарияланған еді.

Ақпаратқа сүйенсек, бетперде киіп, қолына қару ұстаған белгісіз біреу судья Ордабаевқа жақындап келіп, оны көлікке мінгізіп әкеткен. Қарулы азамат судьяға оның отбасы мен балалары туралы білетінін айтып, ірі көлемде ақша беруін талап еткен. Ордабаев өзінің атынан 300 мың теңге несие алып берген. Сондай-ақ қылмыскер кейбір сот актісі жойылмаса, оны өлтіремін деп қорқытып, тағы 12 миллион теңге беруін талап еткен.