Аймақтар • 13 Шілде, 2024

Жамбылдық ардагерлер топ жарды

168 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Қырғыз Республикасының Шолпан Ата қаласында «Әлем халықтары достығы – 2024» байқауы ұйымдастырылды. Іс-шараға кәрі құрлық пен сары құрлықтың бірқатар елінен келген ардагерлер өнерін ортаға салып, өнерсүйер қауымды тәнті етті. Олар отты жыр оқыды, әннен шашу шашты, күй тартты.

Жамбылдық ардагерлер топ жарды

Облыс әкімдігі жұ­мыспен қамтуды үй­лестіру және әлеу­­меттік бағдарламалар бас­қар­масының мұрындық болуы­мен, ардагерлер кеңесінің қолдау көрсетуімен жамбылдық өнер ұжымдары да бұл байқауда бақ сынау мүмкіндігіне ие болды. Осылайша, «Ғұмырдария» ұлт аспаптар ансамблі бастап, «Әулиета» өнер ұжымы қоштап, айыр қалпақты ағайындардың еліндегі өнер мерекесінде бақ сынады.

Өнерпаздардың шығарма­шылық мүмкіндіктерін ашып, өз елінің мәдениетін халықаралық деңгейде танытып, рухын көтеру мақсатында өткізілген ауқымды іс-шарада Түркия, Румыния, Үндістан, Қырғыз Республикасы, Қазақстан сынды мемлекеттерден бас-аяғы 18 топ өнер көрсетті.

Байқау шарты бойынша до­даға жасы 35-тен жоғары өнер­­паздар қатысуға тиіс болса, жам­былдық өнерлі ардагерлер өнерімен ғана емес, жасымен де өзгелерінен оқ бойы озық тұрды. Белсенді өмірмен бірге өнерін өрістетіп жүрген қарияларымыз аспаптық орындау, хореография, вокалдық өнер, көркемсөз оқу сынды бірнеше аталым бойын­ша сынға түсті.

Жамбылдық өнерпаздар аталған бөлімдердің барлығына дерлік үлкен дайындықпен келіп, жеңіс тұғырынан көрінуге тырыс­ты. Өмір мен өнерін ұштастыра білген өнегелі ардагерлеріміз ә дегеннен-ақ жұрттың ыстық ықыласынан бөлек, қазы­лар­дың назарын өздеріне аудар­ды. Ұлы Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін екі тілде орындаған қариялардан құралған төрттік жүлделі І орынды иеленіп, Ру­мыния мемлекетінде өтетін ірі байқауға жолдама ұтып алса, «Алтын жас» бишілер тобының орындауындағы би көпшіліктің көңілінен шықты. Ұжымға екінші орын бұйырды.

Тараздан барған Сыдықназар Қаржаубай «Шалқымалы», «Дүние-ай» әндерімен тыңдар­ман қауымды тәнті етсе, Аман­құл Ысқақов жеке би орындауында қазақтың ұлттық биі «Қа­ражорғаны» билеп, өзбек ұл­тының «Әндіжан полкасын» орындауда шеберлік танытты.

Ұйымдастырушы тараптың тілегіне сәйкес байқауға қа­ты­су­­шылардың сахналық ш­ебер­­лігі де назардан тыс қал­ма­ға­нын айта кеткен ләзім. «Ғұ­мырдария» ұлттық аспаптық ансамблі мен «Әулиеата» ардагерлер ансамблі­нің өнері мен сахналық образдары жоғары бағаланып жүлделі орындардан көрінді.

Поэзия аталымы бойынша өткен байқау да көптің көңілінен шықты. Сондай-ақ Марат Бай­далиев, Ханымкүл Бесінбай, Зәуре Жұмабаева бастаған өнер­паз­­дар көркемсөз оқудың үздік үл­гісін көрсетіп, қошеметке бөлен­ді.

Халықаралық байқау соңында жүлделі орындардан көрінген қатысушылар алдағы уақытта Түркия, Румыния елдерінде өте­тін өнер додаларына жолдама алса, басқа өнерпаздар алғыс хат­тармен марапатталды. Бай­қау барысында «Белсенді ұзақ өмір» орталығының мүшелері белсенділік танытқанын да айта кеткен жөн.

Жамбыл облысы