1922 жылы 6 шілдеде Ақтөбе облысы Шалқар ауданында дүниеге келген Ізгілік Нұрмағамбетұлы – бүкіл өмірін Отанға қызмет етуге арнаған адам. Әскери білімі оған майданда взвод командирі болуға мүмкіндік берді. Ерлігі мен батылдығының арқасында майор атағын алды. Жауынгерлік өмірбаяны 1941 жылы 24 сәуірде Ақтөбе аудандық әскери комиссариаты шақырған кезден басталады. 1941 жылдың маусымынан 1945 жылдың 28 сәуіріне дейін ол 101-атқыштар бригадасының құрамында батальон командирінің орынбасары қызметін атқарды. Мәскеуден Берлинге дейінгі ұзақ та ауыр жолды жүріп өтті. 4-танк армиясының құрамында Орел-Курск доғасындағы шайқасқа қатысып, Калинин, Брянск, Беларусь және 1-Украин майдандарында шайқасты. Майдан даласында екі рет жараланып, контузия алды.
Майдангер ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін» медальдарымен, Минск пен Смоленскіні азат еткені, Курск доғасындағы шайқасқа қатысқаны үшін және басқа да көптеген наградамен марапатталған.
Ізгілік Дабаев әскери қызметшілерге Ржев маңындағы шайқастар туралы айтты. «14 айға созылған ұрыста ротамдағы 200 жауынгерден 25 адам ғана аман қалды», деп еске алды ардагер. Оның көз алдында батальон комиссары Төлеген Әлшімбаев пен бригада командирінің орынбасары Жармұхамбет Мейірманов ерлікпен қаза тапты.
Соғыстан кейін Ізгілік Дабаев журналистикамен айналысып, КСРО Журналистер одағының мүшесі болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің марапаттау бөлімін басқарды.
«ХХ ғасырдағы көрнекті қайраткерлердің портреттері» кітабында Әліби Жангелдин, Әбілхан Қастеев, Жамбыл Жабаев, Ахмет Жұбанов, Жұмабай Шаяхметов және Кемел Тоқаев туралы естеліктері жарияланған.
Бүгінде майдангер жасына қарамастан белсенді. Ақсақал үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Ізгілік Нұрмағамбетұлы әскери қызметшілермен ұзақ өмір сүру сырымен бөлісті. Оларды тәртіпті қатаң сақтап, дұрыс тамақтанып, жаман әдеттерден аулақ болуға шақырды. Соғыс ардагерінің ерлік пен төзімділікке толы ғұмыры жас ұрпаққа үлгі болып қала бермек.