Экономика • 16 Шілде, 2024

Жаяу жолға қолайлы төсемтас

135 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Asyl qala» кәсіпорны – Орталық Азиядағы бірден-бір бәсекеге қабілетті өндіріс орны. Астанадағы №1 Индустриялық паркте орналасқан зауытта төсемтас пен жол жиегіне арналған бордюр өнімдері шығарылады. Кәсіпорында 70-тен аса адам жұмыс істейді.

Жаяу жолға қолайлы төсемтас

Биыл жыл басында құрылған кәсіпорын құрылысына 9 млрд теңге қаржы жұмсалыпты. 11 мың шаршы метр жерді алып жатқан өндіріс алаңының басты мақсаты – жол құрылысына, соның ішінде жаяу жүргінші­лер жолына қажет­ті өнім түрлерін дайындау. Сонымен қатар кәсіпорын өз өнімдерін сақтайтын қойма да тұрғызған.

«Asyl qala» брендтік төсемтас құюмен айналысады. Жоба екі кезеңнен тұра­ды. Бірінші жоба бойынша өндіріс орны «Даму» қоры және «Halyk Bank» арқылы қаржыландырылды. Қазір тап­сырысқа байланысты ауысым санын көбейту ойымызда бар. Егер үш ауысыммен жұмыс істейтін болсақ, онда тағы 90 жұмысшы қажет. Зауытымыз еркін экономикалық аймақта орналасқан соң мемлекеттен де көмек болып отыр, мысалы, салық жағынан жеңілдік­пен қолдау көрсетіп келеді. Бұл зауыт жұмысының ілгерілеуіне үлкен септігін тигізді. Екіншіден, жақын арада жобаның келесі кезеңі жүзеге аспақ. Яғни екінші зауытты іске қосамыз. Ол кезде 170 адам жұмыспен қамты­ла­ды. Демек алдағы 1-2 жылда зауыт қуаттылығы екі есе артады», дейді кәсіпорын басшысы Жақсылық Есентеміров.

Кәсіпорында істейтін жұ­мысшыларға барлық жағдай жасалған. Ауысым са­йын жуы­натын бөлме, тазалық мәсе­лесі, арнайы киім қаралған. Сондай-ақ қала орталығынан келушілерге тасымал көлігі жүріп тұр.

20 түсті әрі бір-біріне ұқсамайтын 25 пі­шінмен 500 түрлі үлгіде төсемтас құя­тын зауыт өніміне сұраныс жоғары. Бас­шылық өз мүмкіндігін кеңейтуді ой­лас­тырып отыр. Әрі тұтынушы сұра­ны­сына орай, қандай түсті төсемтас қажет болса, оны да орындайды. Жыл соңы­на дейін тағы бірнеше түрлі пішінде төсем­тас шығарып, нарыққа өткізуді жос­парлаған.

«Өнім көлемі – тәулігіне 5 мың шаршы метр. Зауытта төсемтастан бөлек, көше жолдары мен тротуар жиегіне арналған бордюр де құйылады. Отандық өнім болған соң сапаға жіті көңіл бөлеміз. Әр өнімнің жарамдылық мерзімі 4 жылға есептелген. Рас, өнім бағасы тұтынушыға қымбат болып көрінуі мүмкін. Бірақ сапаны алға қойған біздің кәсіпорын өз өнімінің ұзақ мерзімге шыдайтынына кепілдік береді. Ал арзан әрі сапасыз өнім шығарса, онда зауыт жұмысы бірден құлдырайды емес пе? Өйткені еліміздегі құрылыс саласында қыруар жұмыс жүріп жатыр. Зауытқа заманауи үлгідегі жабдықтарды алдыртқанбыз. Жұмыс толық автоматтандырылған. Қазір кәсіпорынның 80%-ы өндірістік қуатқа ие. Бірақ алдағы уақытта жұмыс қарқыны үдей түседі», дейді кәсіпорын директоры.

Айтуынша, барлық өнім нарыққа шықпас бұрын арнайы кәсіпорын зертханасында бір ай бойы сынақтан өтеді. Оң қорытынды берілген соң ғана өндіріс цехына жіберіліп, құйыла бастайды. Сондай-ақ зауытқа қажетті шикізат көзі – өз еліміздікі. Яғни құм мен цемент және басқа қоспалар сырттан келмейді. Бұл да ақшаның сыртқа кетпей, ішкі қаржы айналымына өз септігін тигізері айдан анық.

Тұтынушылар демекші, брендтік төсем­тас пен бордюрге көбіне-көп Астана қала­сын­дағы құрылыс компания­лары тапсырыс береді. Сонымен қатар өңірлерден де алу­шылар жоқ емес. Мысалы, Семей қала­сы зауыт өнімін көптен сатып алып келе­ді. Сондай-ақ туристер көп ағылатын Ақ­мола облы­сындағы Бурабай ауданына да түр­лі төсемтас жіберіліп жатыр. Ұлытау об­лысының орталығы – Жезқазғандағы құры­лысқа да осы кәсіпорын өнімі жөнел­тіл­ген. Петропавлда салынып жатқан тен­нис орталығына да зауыт өнімі пайдаланылған.