Экономика • 16 Шілде, 2024

Кеме неге қаңтарылды?

84 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ертіс өзеніндегі кеме қатынасын дамытудың үлкен әлеуеті бар екенін ерінбеген адам айта алады. Отандық өзен флоттарында тасылатын жүктің 90 пайызы Ертіс бассейніне тиесілі екені тағы рас. Көлік минис­трлігі 2027 жылы өзен арқылы тасымалданатын жүк көлемін үш есе ұлғайтпақпыз дейді. Осыншама игі пікір мен жоспарға қарамастан, кеме қатынасының тамырына қан жүгірту оңайға соқпайтын сияқты. Ең әуелі жергілікті флот 100 пайызға тозып тұрғанын айтсақ та жеткілікті.

Кеме неге қаңтарылды?

Ресеймен екі арада үлкен әлеует бар

Елордада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы кезекті саммитінде елдер арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гумани­тарлық ынтымақтастық мәселелері кеңінен талқыланды. Бұл қатарда еліміз логистика жүйе­сін дамыту, жаңа порттар салу туралы ұсынысын білдірді. Мем­лекет басшысы тиімді дәліздер мен сенімді тасымал тізбектерін құру арқылы көлік байланыстарын нығайтуды ынтымақтастықтың ке­лесі бағыты ретінде атады. Осы ретте трансеуразиялық дәлізді одан әрі бірлесе дамытуға Ертіс – Баян өңірі де айтарлықтай үлесін қосады деген сенім зор.

Еліміздегі ең ұзын өзен – Ертіс бойымен кеме қатынасын дамыту төңірегінде бүгінде аз айтылып жүрген жоқ. Алайда бұл бағытта атқарылып жатқан істер тым мардымсыз. Мемлекеттік техникалық флоттың, жағалаудағы көлік инфрақұрылымы мен шлюздердің тозуы өзендегі кемелерді өткізу қабілетін барынша төмендетіп жіберген. Ішкі көлік саласындағы бұл түйткілді тарқату бүгінде мамандардың бас ауруына айналып отыр. Осыдан бірер жыл бұрын Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының кезекті форумында Омбы облысының губернаторы Ертісте кеме қатынасын дамытуды ұсынғаны есімізде. Трансшекаралық өзен арқылы екі ел арасындағы жүк тасымалы қазіргі күні небәрі 150-200 мың тоннадан (Павлодар облысы бойынша) аспайды. Мәселені реттеу үшін екі ел басшысы Ертіс өзеніндегі бірқатар мәселені реттеу бойынша шешім қабылдауы керек. Яғни гид­ро­техникалық құрылыстарды салу, өзеннің түбін тереңдету, инфрақұрылымды дамытудың бірлескен жобалары қабылданса құп. Алайда бұл ұсыныстар сөз жүзінде қалып жатыр.

Павлодар порты пайдаға аспады

Көлік министрлігі 2027 жылы өзен арқы­лы тасымалданатын жүк көлемін үш есе ұлғайтқысы келеді. Былтыр өзен навигациясында 1,6 млн тонна жүк өзендер үстімен тасымалданса, оның 90 пайыздан астамы Ертіс су бассейніне тиесілі болған.

Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов­тың айтуынша, былтыр Мемлекет басшысы Жолдауда су жолдарын дамытуға тапсырма берген. Жауапты министрлік көп ұза­май өзен флотын өркендетуге 64 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Бірақ содан бері жыл өткенімен, ел бойынша оң нәтиже байқалмай тұр. Өзен жағалаулары, көлік инфрақұрылымы, шлюздер бойынша жаңару іс-шаралары қолға алынуы керек еді. Өкінішке қарай, Павлодар облысынан бұл бағытта сапалы жұмыс көрінбейді.

«Мамандардың сөзіне сүйенсек, өзен үстімен жүк тасу автокөлік тасымалына қарағанда әлдеқайда арзан. Сонау кеңес заманында Ертіс өзеніндегі тасымал әлеуетін кеңінен дамытуға мән берілді. Өткен ғасырдың 70–80-жылдары жылына 9 млн тоннаға дейін жүк жеткізілген. Павлодар мен Омбы арасында үлкен паром-баржалар сирек те болса жүк тасып жүргені байқалады. Үкімет мүшелері бұл жайлы аз білетін болар деп ойлаймын. Өңірлік билік бұған мүдделі болса, өзен арқылы Ресеймен тұрақты алыс-берісті жолға қоюға болар еді», дейді ол.

Айтса айтқандай, кеңес заманында Павлодар өзен портының айдарынан жел есіп, мұнда жүк ағынын айтпағанның өзінде, жолаушылар тасымалы айрықша өркендеді. Облыс орталығының жұртшылығы Ақсу қаласына, Май, Аққулы аудандарына, өзеннің төменгі саласындағы елді мекендерге «Ракета» сынды жоғары жылдамдыққа ие қанатты жолаушылар кемесімен күнделікті қатынайтын. Тоқырау жылдары су жолы экономикалық тұрғыдан қатты зардап шегіп, мұндағы кеме­лер­дің жаңалары Ресейге өткізілсе, ескілері темірге тапсырылды. Осы­лайша, Павло­дардағы өзен вокзалында серуенге арналған бірне­ше жолаушы кемесі ғана қалды. Әуселесін әрең сүйреткен өзен пор­ты жергілікті құрылыс материал­дарына сұраныстың арқасында өміршеңдігін сақтап қалды. Өзен арнасынан құм қазып алып, онысы құрылысқа, жол саласына дайындайтын кәсіпорын ретінде бүгінде танымал болып отыр. Порт деген атауы ғана. Әйтпесе, үлкен кемелер мен паромдарды үнемі қабылдайтындай қауқары жоқ. Мұндағы өзен крандарының көбі ескірген, ішкі инфрақұрылымы да оңып тұрған жоқ. Әйтсе де, порт бұл жерден ірі транзиттік жүктер өтетіндей етіп тиімді орналасқан.

Өндірістің тоқтағанына – 30 жыл

«Қазфлот» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Виктор Поднебесов қарауындағы кәсіпорын Ертіс өзені арқылы жылына 150 мың тонна құрылысқа арналған қиыршық тас тасымалдайтынын жеткізді. Керекуден Ресейге бүгінде су жолы арқылы негізінен құм мен қиыршық тас қана тасымалданады. Анау бір жылдары компания көрші елге тұз, құм, ағаш бөренелерін тасып тұрыпты. Одан соң екі тараптың арасында заңнамалық тұрғыдан мораторийлер енгізіліп, тасымалдануға жататын жүк түр­лері тым азайып кеткен. Соның салдарынан «Қазфлоттың» үш мың тонналық баржалары бүгінде Ресейден бос қайтып жүр.

«Салада қалыптасқан өзекті мәселе өте көп. Флот толық тозған, жаңасы мүлде жоқ. Қазір бізде баржа мен кемелерді құрас­тыратын дені дұрыс кәсіпорын да жоқ. Қазақстанда су көліктері 30 жылдан бері шығарылмайды. Ал Ертіс өзенінің арнасы мен бойын тазарту мәселесі тіпті күрделі. Өзен бойындағы ағаштардың тамыры жағалауды берік ұстап тұру үшін олардың бұтақтарын жыл сайын кесіп отыру керек. Су айдынының түбін тереңдетіп, тазарту да аса маңызды. Бұл жұмыстарды өзіміз де жасай беретін едік, алайда ол үшін сәйкестендірілген рұқсат керек. Қазақстан жағында өзен үстін жарықтандыру да ұмыт қалған. Бакен шамдары бізде жұмыс істемейді. Су көліктеріміз Ресейге кіргенде өзен үстінде жарық жанып тұрады, яғни түнде жүруге аса ыңғайлы. Ал Қазақстан аумағында өзеннің кей тұстарының таяздығынан және түнде жүргенде жарықтың жоқтығынан капитандарымыз қатты қиналады. Өзен арнасының кейбір тұсындағы тереңдік небәрі 1,3 метрден аспайды. Егер ол тереңдік 2-2,5 метр болса, кемелерімізге қазіргіден де көбірек жүк тиейтін едік. Тағы бір мәселе логистикаға қатысты. Компаниямыз қиыршық тас­ты Екібастұздағы кеніштерден ала­тындықтан, материалды құрлық арқы­лы тасығанда Павлодарға Ақсу қаласы жағынан шығатын көпір арқылы айналып келеміз. Артық 50 шақырымның өзі қалтамызға үлкен салмақ», дейді кәсіпкер.

Кеме флоты – назардан тыс қалған транзиттік хаб

Жергілікті кеме жөндеу зауы­тындағы цех басшысы Петр Саль­ников салада кадр жетіспеуші­лігі үлкен мәселеге айналып тұр­ғанын қынжыла айтты.

«Біздің кеме жөндеу зауыты, өзен порты және «Қазфлот» кәсіпорны білікті мамандарға мұқтаж. Флот саласында бір капитанды өсіріп шығару үшін 15 жылдай уақыт керек. Өзен флотын дамыту үшін барлық мүмкіндік бар. Кәсіпорын теплоход, катер, өздігінен жүретін үлкен кемелерді, тіркемелі баржаларды құрастыруға қабілетті. Барлығын нөлден бастап жасай аламыз. Ең бастысы мемлекет немесе жеке бизнес тарапынан тапсырыс керек. Жауапты министрлік осы мәселелерді үйлестіруге назар аударса жақсы болар еді», дейді маман.

Ертістегі кеме флотының өкілдері өзеннің жоғарғы бөлігі, Қытай жағына да көз тігіп отыр­ғанын айтайық. Келешекте көрші елден сұраныс болса, Ертістің үстімен жүк кемелері жүретіндей жағдай тудыруға әбден болады деп есептейді мамандар. Қазір елдегі кеме жолдарының жалпы ұзындығы 2 мың шақырымнан асады. Бұл салада Ресей және Қытай мемлекеттерімен арадағы сауда-экономикалық байланыстарды еселеудің игерілмеген тың әлеуеті жатыр деп есептейміз.

Павлодар облысы