Өнер • 17 Шілде, 2024

«Ортекенің» олжасы

181 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қарағандыда тағы бір этнофестиваль өтіп, өшкеніміз жа­нып, рухымыз көтерілді. Ол – «Ортеке» республикалық этнофестивалі. Сәкен театрында сән-салтанатымен өткен мәдени кеште көнеден көшкен күй күмбірледі. Биыл бағын сынаған күйшілер тек өздерінің авторлық күйлерін шертті. Сонысымен ел ерекше қабылдады.

«Ортекенің» олжасы

Бір күннің ішінде бірнеше іс-шараны қамтыған фес­тиваль «Мате­риал­­дық емес мәдени мұра» атты рес­публикалық семинардан бас­талды. Онда өнерпаздар ЮНЕСКО өкілдерімен ой алмас­ты.

Мұнымен қоса Кеншілер мәдениет сарайындағы жиында «Күйшілер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Мәдениет саласының үздігі Асқар Кенжеғалиев облыстық Күйшілер одағының филиалын салтанатты түрде ашты. Оған өңіріміздегі дәулескер күйші Болат Тәкішев төраға болып тағайындалды. Атақты домбырашы Қалкен Қасымов «Халық күйшісі» атанды, кеудесіне төсбелгі тағылды.

«Ортеке» республикалық фестиваль­ шымылдығын өнер­танушы Ерлан Төлеу­тай «Сарыарқа» әні­мен түрді.

Байқауда Қытай, Моңғолия мем­ле­кет­терінен, Астана, Алматы, Қарағанды қалаларынан, сондай-ақ Ақмола, Алматы, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау облыстарынан жиырмаға тарта күйші қатысып, бақтарын сынады.

Сөйтіп, фестивальдың бас жүл­десін Қытай Халық Респуб­ли­касынан келген Жарқын Бағдар алды.

– Бүгінде жастар арасында домбыраға көп көңіл бөлініп жатыр. Байқаудан ерекше шабыт алдым. Түпкі ата салт пен дәс­түрге, ұлттық өнерге деген сый-құрмет се­зі­леді. Осындай байқаудың жеңімпазы ата­ну мен үшін үлкен мәртебе, – дейді фес­­­ти­вальдың жеңімпазы Жарқын Бағдар.

Аймағымыздың намысын қорғаған Ерлан Сәду 1-орын иеленді. Ақмола облысының күй­шісі Айжан Құрақ 2-орын, жеті­сулық Жәнібек Мақатан 3-орын алды. Барлық қатысушыға кәде­сый мен қаржылай сертификат берілді. Қысқасы, олар «Ортекеден» олжалы.

Мұнымен қоса ұлттық жеті аспапта шебер ойнайтын жетісулық Ясмина Аманкелді есімді жас талант көрерменнің көзайымына айналды. Ел атынан тарту-таралғы алған жас өнерпаздың еңсесі көтеріліп кетті.

Қазақстан Республикасының Мате­риалдық емес мәдени мұрасын қорғау жөніндегі ұлттық комитет төрағасының орынбасары Рустам Музафаров ұйым­дас­тырылған іс-шараның тарихи мән-мағынасына тоқтала сөз сөйледі.

– «Ортеке» – дәстүрлі екі ішекті аспапты домбыра мен тау ешкісінің ағаш мүсіншесін пайдалана отырып орындалатын қазақтың бірегей өнері. Барабанның бетіне бекітілген ағаш мүсін домбырашының саусақтарына бір немесе бірнеше ішекпен байланысқан. Музыкант домбырада ойнағанда, қуыр­шаққа жан бітіп, домбыраның қоңыр немесе күмбірлей төгілген үнімен қосыла секіріп, барабанда ырғақ шығара билейді. Қазақтың бұл өнері – балалар мен үлкендерге ортақ дүние. Жалпы, қарағандылық өнерпаздар көне дәстүрді жаңғыртудан қалыс қалмауда. Домбыра күні күнтізбеге енгеннен бері үздіксіз дамып жатыр. Ал қатысушылар сол тарихи мұраны қайта жаңғыртып, «Ортекеге» авторлық күйлері арқылы жан бітірді, – деді Рустам Рахымұлы.

Көпшілік көзайым болған көрме фестивальдың мән-маңызын аша түс­кендей. Әсіресе Астанадан келген «Марс» роботтехника орталығының мамандары әзірлеген электронды ортекеге елдің ықыласы ерекше ауды.

– Бізге ортекенің электронды нұсқасын жасау туралы ұсыныс келіп түсті. Одан кейін олармен бірігіп жұмыс істей бастадық. Модель әлі де әзірленіп жатыр. Болашақта біз ортекені интерактив­ті тақта арқылы гаджеттерде ойнауға бейім­деуді жоспарлап отырмыз, – дейді «Марс» роботтехника орталығының өкілі Марс Мақсот. «Ортекенің» заманауи технологияға сүйене отырып жасалған робот домбыра үніне қосылады.

Бұқаржыраулық шебер Мәлік Жомарт та дүниежүзілік Көшпелілер ойнына эмблема жасап, онысын көрмеге ұсыныпты.

– Мен металл, ағаш, былғарыны және басқа да материалдарды өңдеймін. Қазақ қолөнерінің барлық түрімен айналысамын десем де болады. Бұқар жырау ауданының Сарытөбе орта мектебінде еңбек пәні мұғалімі болып жұмыс істеймін. Сондай-ақ жиырма жыл бойы «Жас шебер» атты жас қолөнер шеберлерінің клубына жетекшімін. Биыл фестивальға екінші рет қатысып отырмын. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына эмблема жаса­ғанмын. Оны көрмеге ұсынды, – дейді Мәлік Жомарт.

20 жастағы Есжан Мұратбек: «Моңғо­лиядан тәжірибе жинақтап алдым. Орте­кені одан әрі өз Отанымда өнер түрі ретінде дамытпақ ниетім бар», дейді. Жас талант өзінің «Көксерке» күйін ала келген.

– Биылғы фестивальдың ерекшелігі – қатысушылар тек осы байқау үшін жазылған авторлық күйлерін орындады. Болашақта біз «Ортеке» этнофестивалінің үздік күйлерінен жинақ жасағымыз келеді. Соған жұмыс істейміз, – дейді қазылар алқа­сының төрағасы, халықаралық бай­қау­лардың лауреаты, музыкант, Көне музы­ка­лық аспаптар мұражайының негізін қалаушы Азамат Бақия.

Сонымен облыстық мә­де­ниет, архив­тер және құжат­тама басқармасына қа­рай­тын мәдени-сауық және халық шығар­ма­шылығының ғылыми-әдіс­темелік орта­лы­ғы ұтымды ұйым­дастырған «Ортеке» фести­ва­лінің биылғы олжасы осындай.

Қарағанды облысы

Соңғы жаңалықтар

Көлікпен дәулет құраған

Қоғам • Бүгін, 10:40

Әлжанның алтын медалі

Таным • Бүгін, 10:20

Ақылды келіншек

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 10:00