
Фото: ult.kz
Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, докторантураға түсу үшін бір жоғары оқу орны мен білім беру бағдарламаларының бір ғана тобын таңдауға болады. Талапкер өз өтінішіне тестілеуді тапсыратын қаласы, білім беру бағдарламаларының тобы, тестілеуді тапсыру тілі бойынша құжат қабылдау мерзімі аяқталғанша, нақтырақ айтқанда, 3 тамызға дейін өзгерістер енгізуге құқылы. Тестілеуді өткізу орны мен уақыты туралы ақпаратты түсуші тіркелген сайттағы өзінің жеке кабинетінде 9 тамызда көре алады.
Түсу емтиханына әңгімелесу, эссе жазу және білім беру бағдарламасы тобының бейіні бойынша емтихан кіреді. Жалпы, түсу емтиханының ең жоғары көрсеткіші – 100 балл, оның ішінде әңгімелесу – 30 балл, эссе – 20 балл, бейіні бойынша емтихан – 50 балл. Ал мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша конкурсқа қатысу үшін және ақылы негізде докторантураға түсу үшін шекті балл 75-ті құрайды.
Докторантураға түсу үшін ҚазТест жүйесі бойынша мемлекеттік тілді меңгергенін растайтын сертификат және шет тілін меңгергенін растайтын сертификат ұсыну қажет. TOEFL ITP сертификаты бар тұлғалар тестілеу басталғанға дейін ағылшын тілін білуге арналған қосымша тестілеуді тапсырады. Атап өтсек, 2024 жылы шет тілін меңгергенін растайтын сертификаттардың шекті деңгейлері B1-ге дейін төмендетілді және тізімге TOEIC және Duolingo English Test сертификаттары енгізілді.
Биылдан бастап түсушілердің бейіні бойынша докторлар бағдарламасына докторантураға түсуге мүмкіндік бар. Бұл бағдарлама үшін шет тілін меңгергенін растайтын сертификаттың белгілі бір деңгейі талап етілмейді, емтиханда эссе жазбайды. Ең жоғары көрсеткіш – 80 балл, оның ішінде әңгімелесуге – 25 балл, кәсіпорындар мен ұйымдардың ұсыныс хатына (болған жағдайда) – 5 балл және бейіні бойынша емтихан сұрақтары – 50 балды құрайды. Шекті деңгей – кемінде 50 балл.