Өңірде ауыл шаруашылығы мақсатында 10 751,9 мың гектар жер болса, шабындық жер көлемі 156,4 мың гектарды құрайды. Көгеріп көктем келгелі көк аспанды бұлт торлап тұр. Ылғал мол. Шабындықтағы шөп бітік. Шөп шабуға қажетті бар техника күні бұрын тыңғылықты дайындалған болатын. Бұл бағыттағы көрсеткіш – 100 пайыз. Қазір 1 168 шалғы іске қосылып, бітік өскен шөпті шабу үстінде.
Биыл өңір шөпшілері 791 тырнауыш, 758 шөп тайлағыш, 767 тиегішті пайдаланып жатыр. Шөптің шығымы да айта қаларлықтай. Тіпті кешегі кеңес заманынан қалған көпжылдық екпе шөптердің өткен жылдары айтақыр болып қалған орындарына да шыққан. Көктемдегі қызыл су жүріп, ылғал жиналған ойпаң жерлер масатыдай құлпырып тұр. Соңғы жылдары көзден балбұл ұшқан бозғанақ, бұйырғын, бозжусан, қоңыржусан, ақселеу, бидайық, бетеге, қараөлең, құлаңшайыр, изен, айырауық тәрізді төрт түлік мал аса сүйсініп жейтін өсімдіктер қаулап өскен. Мал басын көбейтуге бел буып отырған уақытта жаңа агроинновациялық саланың қарқынды дамып, айтарлықтай өнім алуы, алған өніммен толайым елді қамтамасыз етуі үшін өсімдік шаруашылығын түбегейлі зерттеп, оның өнімді пайдалы түрлерін тозып кеткен шабындық жерлерге ауыстыруы қажеттігі де бар. Жыл өткен сайын азық-түлік өнімдеріне сұраныс күрт өсіп, бағасы да жыл сайын көтеріліп келеді. Сондықтан жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі назардан тыс қалмауға тиісті.
Жетек шаншысаң арба өсіп шығады делінетін құйқалы да құнарлы шабындықтар аз емес. Әсіресе биыл су жақсы жайылған Есілдің салалары Ақанборлық, Тайсары, Жабай, Ақсораң, Жыланды, Қалмақкөл, Салқынкөл, Ащылы, Жекебояқ жайлаулары қалың кілемдей құлпырып, неше түрлі шөп өсіп, көз жауын алып тұр.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметіне қарағанда, жауапты науқанға жақсы әзірлікпен келген Жарқайың, Есіл, Аршалы, Астрахан аудандарының шөпшілері тәп-тәуір нәтиже көрсетіп жатыр. Олар қысқа қажетті шөптің ширек бөлігін шауып, маялап үлгерді.
– Биыл шөп өте жақсы, – дейді басқарма басшысының орынбасары Еркеш Әленов, – Екі жылдық шөп қорын еркін жинап алуға мүмкіндік бар. Қазір серіктестіктер мен шаруа қожалықтарының басшыларына қара күзге дейін жатпай-тұрмай шөп жинап алыңдар деп ескертіп жатырмыз. Шөптің шығымдылығы да жақсы. Демек, техника қуаты аз жұмсалып, жанар-жағармайдан да үнемдеуге болады. Ең бастысы, шөпті балауса кезінде, нәрі бойында тұрғанда жеткілікті етіп жинап алсақ, қыстан қысылмайтын боламыз.
Қыстан қысылмау дегеннен шығады, өткен қыстағы жемшөптің қасқалдақтың қанындай қат болып кеткені елдің есінде. Қаңтар айында жаңбыр жауып, көгалалы көп жылқы тебінге жарамай қалған кезде малсақ қауым бармақ тістеді. Биыл ондай өкінішке жол бермеу үшін жалпақ жұрт жұмылып шөп дайындап жатыр.
– Қыстың күні шөптің бағасы аспандап кетті, – дейді Зеренді ауданының тұрғыны Алпысбай Тұрсынбаев. – Жабағы, тай былай тұрсын, құтпан айғыр қар тебе алмай қыстан көтерем болып, әрең шықты. Биыл көктен иіп, жерден беріп тұр. Тек бір әттеген-айы, жауын жиі. Көпененің түбіне дейін су өтіп, қарайып кетіп жатыр. Еңбегіміз еш болмауы үшін жауынның саябыр табар сәтін тосып отырмыз.
Шөпшілердің айтуына қарағанда, гектар берекесі де айта қаларлықтай. Әрине, әр аймақта әрқилы. Дегенмен орташа көрсеткішті есепке алатын болсақ, Ақмола шөпшілері бір гектардан 800 килодан 4 тоннаға дейін шөп жинап жатыр.
– Биыл өмірі шықпаған шөп шықты, – дейді Ақкөл ауданы Құрылыс ауылындағы «Атамекен» шаруа қожалығының басшысы Ерлан Қажығалиев. – Соңғы үш жыл бойы әбден тұяқкесті болып тозып, шөп шықпаған көпжылдық екпе шөп алқабым бар еді, соның өзі құлпырып тұр. Қазір әрбір ашық күнді тиімді пайдалануға тырысып жүрміз. Ол үшін қолда бар техника қаңтарылып тұрып қалмай, жүріп тұруы керек. Осыдан он жыл бұрын МТЗ-82 тракторын алған болатынмын. Сәл тоза бастаған соң былтыр тағы бір осындай трактор алдым. Шөпшілер үшін ең үлкен мәселе қосалқы бөлшектердің қымбаттығы. Науқан дәл қарқын алған кезде техниканың істен шығып қалатыны бар. Біздің өңірдегі малсақ қауым Ақкөл қаласындағы техника бөлшектерін сататын дүкендерге кіріптар. Бағасы удай қымбат. Шөп дайындауға мемлекеттен арзандатылған жанар-жағармай береді дегенді өз басым естіп көрмеппін. Шаруашылықта үш жүз бас ірі қара мал бар. Оған қоса азын-аулақ қой-ешкі. Қазір алты механизатор жұмылып қысқы мал азығын дайындап жатырмыз. Жұмыс өнімді болуы үшін механизаторлардың жағдайын жасау керек. Қожалықта жұмыс істейтін адамдардың айлық жалақысы 300 мың теңге көлемінде. Малшылар да осындай еңбекақы алады, жылдық еңбек демалысы беріледі. Бурабай баурайындағы сауықтыру орындарына жолдама алып беремін.
Тәжірибелі басшының айтуына қарағанда, биылғыдай жауын-шашыны мол жылда өнімді жұмыс істеудің өз әдісі бар екен. Мәселен, қожалық басшысы Ерлан Еділұлының айтуына қарағанда, шөптің бір орамасы шамамен 300 кило болады. Егер тығыздап, арасында жік қалдырмай әбден қысып буатын болса. Міне, сонда жауыннан қорықпай жұмыс істеуге мүмкіндік туады. Ал орама 150-200 килолық болып, арасында жік қалса, ылғал өтіп, шөп шіріп кетеді. Бұл да бір биылғыдай жауынды-шашынды жылдары шөпшілер ескеретін жай екен деп ежіктеп жазып отырмыз. Ендігі бір мәселе, техниканың қосалқы бөлшектерімен қатар шөпті буатын жіптің қымбаттығы.
– Мұндай жіп сатармандардың айтуларына қарағанда, алыс-жақын шетелдерден тасымалданады, – дейді шаруа қожалығының басшысы, – Қажет болғаннан кейін қымбаттағына қарамай аламыз. Өкініштісі сол, осындай қарапайым ғана жіпті біздің елдің кәсіпкерлері неге шығармайды екен? Нарықтағы барлық тарап бос емес деп уәж айтатын кәсіпкерлердің құлағына алтын сырға деп айтып жатқан базынам. Міне, осындай мықты, берік жіп шығарыңдаршы, шөпшілер пышақ үстінде талап алып кетеді.
Ұйымшыл шаруашылықта Оразғали Кимиев, Әнуар Юсупов, Бауыржан Орынтайұлы тәрізді механизаторлар күндік жоспарларын асыра орындап, жанталаса жұмыс істейді. Шаруа қожалығының айтуына қарағанда, шөп сатып көрмеген, ал Новорыбинка ауылдық округіндегі мал сүмесімен күн көріп отырған жалғызілікті, әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандарға әрқашанда көмек қолын созады.
– Қақаған қыста жемшөбі таусылғандар өтініш айтатыны бар, – дейді шаруа қожалығының басшысы. – Елде отырған соң көршіңнің малы тілін тістеп аш тұрса қалай көмектеспессің. Негізінде, төрт түлік малдың бейнеті көп екені белгілі. Ең бастысы, мал азығын дер кезінде қамдап алу. Егер елде отырған біз мал өнімдерін мейлінше көбейтіп, дастарқандағы ырыздықты молайтатын болсақ, нарық заңына сәйкес бәсекелестік туындап, азық-түлік бағасы арзандап кетпегенімен қымбаттай қоймайды ғой.
Осы арада шаруашылық басшысының биылғыдай шөп мол шыққан жылы екі жылдық қор жинап аламын деп отырған ұмтылысы құптарлық. Дәл биылғыдай шөп жыл сайын бола бере ме?
– Биыл шөп өте жақсы шықты, – дейді Жақсы ауданындағы «Софья» шаруа қожалығының басшысы Сейілбек Жолдыбаев, – Тек шабындық жерге жете алмай отырмыз. Терісаққан өзені қатты тасып, су сай-саланы басып қалған. Шабындыққа барар жол әлі құрғаған жоқ. Таяуда бірер шаруа қожалықтары шалғы салып еді, алқапты трактордың табанымен айғыздап бүлдіретін болған соң тоқтады. Бірер күн тоспақбыз. Жер кепкен соң кірісеміз.
Мал қораларының маңайына үйілген қоянжон маялардың қатары көбейіп келеді. Ырыздық мол жылы жіті қимылдап, екі жылға еркін жететін қор жинап алғанға не жетсін, шіркін?
Ақмола облысы