Экономика • 20 Шілде, 2024

Қазақы мәсінің хас шебері

139 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кейіпкеріміздің әу бастағы мамандығы – қаржыгер. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Есеп және аудит факультетін тәмамдаған ол өз саласы бо­йын­ша мүлде жұмыс істемеген. Диплом бойынша қызмет қумаған Рахима Исағұ­ло­ваның бүгінгі кәсібі ешкімге ұқсай бермейді. Елімізде алғаш рет ұлттық на­қыш­тағы кебіс-мәсі тігу ісін бастаған Рахиманың өнімі бүгінде көпшілік арасын­да сұранысқа ие болып отыр.

Қазақы мәсінің хас шебері

Кәсіпкер келіншек 2016 жылдан бері кебіс-мәсіні оюлап, түрлі тас­п­ен әшекейлеп тігіп, сатылымға шығара бастаған. Бұған дейін мұн­дай аяқ­киімдер отандық нарықта бол­ма­ған. Алғаш деп айту себебіміз де сол.

«Сол жылы үшінші баламмен декреттік демалыста отырған кезімде «Қандай жұ­мыс­пен айналыссам екен?» деп ойландым. Жолдасымның жалақысы күнкөріске жете қой­майтыны анық. Сөйтіп жүргенімде Instagram желісінен Өзбекстандағы жәр­мең­­кеде әшекейлі кебістердің тұрғанын көріп, «Осыларды неге өзімізде тікпеске?» деген ой келді. Оған үлкен қаржының да қажеті жоқ еді. Көп ұзамай баланың жасқа толғанға дейін түсіп тұратын жәрдемақысының 20 мың теңгесіне базардан 3 кебіс сатып алдым. Оның сыртын оюлап, әшекейлеп тігіп, дайын өнім­­ді өз Instagram парақшама жариялап, тап­­­­сырыс қабылдайтынымды хабарладым. Одан кейін мәсілерді де ­базардан сатып алып ке­­ліп, сыртын дәл солай сәндеп сата бастадым», дейді.

Рахима тігіншілік, дизайнерлік өнерді еш жерден меңгермепті. Бұл кәсіпті бас­тар сәтте өз түйсігіне ғана сенім артқан.

«Әулетте атам етікші болған. Мұндай іс­мерлік сол кісіден даруы әбден мүмкін. Бү­гі­н­де мәсіні арнаулы цех арқылы тек былғарыдан тіктіреміз. Қазір осы өнімнің жазда киетін жүнсіз түрі, қыста киетін қой жүнімен және жасанды жүнмен астарланған түрлері бар. Сондай-ақ қонышы ұзын және қысқа, табаны шегеленген және жұмсақ деген сияқты бірнеше түрі бар. Сапасына қа­рай бағасы да әртүрлі. Ал сыртына әдемі та­сын, оюын қойып, жұбайым екеуміз үй­ден сәндейміз. Ең алғашында бір күнде бір мә­сіні әуре ететінбіз. Қазір бір сағатта тігетін бол­дық. Қолымыз әбден жаттыққан», дейді Ра­хима.

Отбасылық кәсіп арқылы тігін өне­рін қосымша табыс көзіне айнал­­дырған ерлі-зайыпты «Qurym masi» брендін жан-жаққа танытып отыр. Айта кететін бір жайт, кейіп­ке­ріміз кәсібін кең көлемде дамыту үшін мемлекеттен қаржылай қол­дау алмапты.

«Жаз мезгілінде мәсі көп сұра­нысқа ие емес, сондықтан күніне 1-2 дана ғана тігеміз. Айына 300 мыңдай пайда түседі. Тапсырыс көп түсетін уақыт – күз бен қыс­тың алғашқы айлары. Ол уақытта күніне 10 мәсіден көп тігеміз. Ең арзаны – жаздық мә­сі­лер. Кебіссіз, қарапайым түрі – 12 мың, ал ке­бісімен, оюланған түрі – 18 мың теңге. Ең қым­баты – қойдың жүнімен астарланған және та­баны шегеленген түрі. Негізінен жұрт оны желтоқсанда, Жаңа жылда үйдегі үлкен­­деріне сыйлық ретінде алады. Содан соң 8 нау­рыз, Көрісу, Наурыз мерекелері қар­­саңында жақсы өтеді. Мұндай уа­қытта айы­на 2-3 миллион теңге таза пайда түсіруге бола­ды. Ал ке­біс-мәсінің дизайны тұтынушы сұ­ра­­ны­сына байланысты тігіледі», дейді шебер келіншек.

Ұлттық нақыштағы аяқкиімге тапсырыс ел­дің әр өңірінен түседі. Тіпті шетелден, мы­са­лы, АҚШ, Қытай, Ресейге алып кеткен отан­­дастарымыз да болған. Шебердің кебіс-мәсі­­лері бірқатар сән үйінің сауда нүк­­те­­леріне де қойылған. Олар шеберден өз құны­на алып, үстінен сәл ақы қосып сататын көрінеді.

Кәсіпкердің енді бір мақсаты бар, ол – ұлттық нақышта кебіс пен мәсіні сәндеп тігуден шәкірт тәрбиелеу. Бар білгенін үйретем деген Рахима мұндай ұлттық кәсіптің әр өңірде дамуын шын қалайтынын да айтып отыр.