Кешкілік сабақ біткен бойда атақты Пушкин кітапханасына тартып кетемін. Жалғыз өзім. Әлі танысып үлгермеген курстастарыма бірге баруды айтудың өзіне қымсынсам керек. Тапсырыс берген кітабымды күтіп «Лениншіл жас» газетінің соңғы айдағы тігіндісін аударып-төңкеріп отырғанмын. Сол құлағымның түбінен таныс дауыс саңқ ете қалды: «Маған қажет кітапқа менен бұрын кім заказ беріп қойған десем, сен екенсің ғой, курстасым». Жалт қарасам, Жұмабек жылы жымиып тұр екен. Қасымдағы бос орындыққа жайғасты.
Неге екені белгісіз, сол сәтке дейін оны өте тәкаппар жігіт шығар деп те ойлағаным рас. Жақынырақ танысуға асықпағанымның сыры да содан. Алайда алғашқы әсер де алдайтын болып шықты. Емен-жарқын араласпасаң, адамды толыққанды тану тіпті, мүмкін емес екенін енді білгендеймін. Аузын ашса, жүрегі көрініп тұрған аңқылдаған жігіт екен. Сонысымен баурап алды.
Тоқетері, Жұмабек екеуміздің достығымыз осылай «Пушкиннен» басталғаны – басыбайлы шындық. Егіз қозыдай бірге жүрдік. Сабақтан шыққан соң қалтамызда қалған қарабақырымызды жиыстырып, кешкілік арзан тоқашпен жүрек жалғап, түн ортасына дейін кітапханада отыратын күндерімізді кездескен сайын еске алушы едік. Күні кешеге дейін. Өйткені үлкен достығымызға ұласқан сол бір сәтті екеуміз де ешқашан ұмытқан емеспіз. Жүкең менен екі жас үлкен. Інісіндей еркелетіп «Шәкембай» дейтін. Мен де оны ағамдай қабылдадым.
Көп адамнан табыла бермейтін ерекше қасиеттерін қадап тұрып айтқың келеді Жұмабектің. Біреуіне тоқталсам. Өмірде «табандылық теоремасы» деген ұғым болса, соны біздің арамызда ойлап тапқан және дәлелдей білген Жұмабек дер едім. Оның болашақта үлкен қайраткер болатынына бірінші курста-ақ көзім жеткен. «Шәкембай, екеуміз университетті қызыл дипломмен бітіруге тиіспіз» дейтін бірінші семестрдің өзінде. Сөйтіп жүргенде алғашқы сессияның бастапқы емтиханын Зейнолла Қабдоловтың «Әдебиет теориясынан» тапсырдық. Академик ағайымыз екеумізге де семіз «төрт» қойып шығарып салды. Сол бойда райымнан қайттым. «Қызыл дипломмен» қоштасып тұрғанымды айтамын.
Жұмабек табандап отырып алды: «Шәкембай, бұл – заңдылық емес, кездейсоқтық. Уайымдайтын дәнеңе жоқ. Екеуміз де «пересдача» жасап, «бес» аламыз!» Мен айтамын: «Жүке, біз стартта тұрған адамбыз ғой, алдымызда әлі 55 емтихан бар, соның бәрінен сіз «бес» алатыныңызға сенімдісіз бе?» «Сенімдімін, менің «слабак» досым!», деді Жүкең әдеттегі жаргондарын бастырмалатып. Қайрап тұр.
Дегенмен, қырсықтығым бір басымнан асатын мені Жұмабек бұл қақпанға түсіре алмады. «Слабак» екенімді мойындаған маған ол көпке дейін томсырайып жүргені бар. Жұмабек қайраткерлік қасиеттерді бозбала кезінен бойына дарытқанын сол кезде анық білдім. Әлгі оқиғаны бекер айтып отырған жоқпын. Аш ішектей несіне созайын, ақыры «пересдача» жасап, «Әдебиет теориясынан» «5» алған Жүкең кейінгі барлық емтиханды да «үздік» бағаға тапсырды. Таң қаламын. Әлі күнге дейін. Мұндай күрескерлік пен табандылықты ешкімнен байқаған емеспін. Енді байқамайтын да шығармын. Сондай Жұмабекті қалай жоқтамайсың?!
Алланы шын сүйген адамға Жаратқанның шексіз көмектесетінін Жұмабектің өмірінен көрдім. Домбыра шертеді. Ән айтады. Сондықтан да оны музыканың иісі мұрнына бармайтын жігіт деп айта алмайсың. Дей тұра, композиторлықты кәсіп қылғысы келетін адам емес екені де білініп тұратын. Жұмабек өмірінде бір ғана ән шығарды. Бірақ ән болғанда қандай?! Ғажап әуен. Кәсіпқой сазгерлеріңнен таба алмайтын сырға толы ақық туынды. Дайындық курсында бірге оқыған, көрші филология факультетінің студенті Әлимаға арнаған осы бір әннің өзі Жұмабектің әр істі үлкен сүйіспеншілікпен атқаратынының жарқын мысалы бола алады. Өзі де, жаны да сұлу болашақ асыл жарына арнап жазған өміріндегі жалғыз авторлық әнін Жұмабектің өзі шырқаған кезде Ромеоның сонетасын тыңдап, мөлдір махаббаттың кәусар бұлағының сылдырын естігендей болатынмын. «Шәкембай, ол қыз – менің Ай нұрым!» дейтін әнін аяқтай бере.
Бір күні Әлимамен таныстырды. Айдың нұры десе Айдың нұры екен. Осы эпизод есіме түскенде ылғи бір ой келеді: Жұмабек маған өз өмірінде бірде-бір рет қателеспеген адамдай көрінеді. Шын сөзім. Бәрін де қашанда түзу жасайтын Жұмабектің қателікке ұрынғанын көрген де емеспін, естіген де жоқпын. Бір сызықтың бойымен өмір сүрмесе де, шалыс басқан қадамы болсайшы Жұмабектің?! Сондай досыңды қалай жоқтамайсың?!
Қалай дегенде де, ол сырт қарағанда басқалардан бөлек көрінетін. Өзі жіптіктей жас жігіт болғанымен салмақты екені көрген жерден сезілетін. Ең ғажабы, Жұмабек кез келген қалыпқа құйыла кететін. Бұл – ештеңе емес. Ал енді кез келген қалып атаулының өзі Жұмабектің оң жағына орайласа қалатынын қайда қоярсың? Олай дейтінім, жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысындағы данышпан декан Темірбек Қожакеевтің қатаң қалыбына қапысыз құйыла кеткен санаулы студенттің бірі Жұмабек Кенжалин болды. Айтайын-ау, аталған қалыпқа сыйған студенттің кіршіксіздігіне басқа дәлел іздеп не керек?!
Кейде ойлайтынмын: мына өмірді гармонияға толтырып өмір кешкен Жұмабек шын мәнінде Құдайдың ең сүйікті құлы болар? Өйткені Жұмабек не істесе де, әдемі істейтін. Не туралы айтса да, ат құлағын теңестіргендей сұлу кестелейтін. Киім киісі де келісті-ақ. Тіпті Жұмабек иығына не ілсе де, мұнтаздай көрінетін. Бойындағы жіп атаулының бәрі аса бір қымбат болмаса да, тал бойына бір мін жолатпай тұратын. Арзан костюмнің өзі оның бойына құйыла кететін. Жұмабек таққан галстуктің бәрі өңін одан сайын шырайландыра түсетін. Әсіресе алқызыл түстісін байлағанда жүзінен жанының тазалығы алабөтен аңғарылушы еді, жарықтық!
Арагідік алыста қалған студенттік жылдар туралы сөз қозғала қалса, баяғы жалғыз «журфакты» әр жылдары бітірген жігіттер бір-бірінен «осы сен кімдермен бірге оқып едің?» деген кезекші сұрақты алма-кезек қойып жататыны бар. Курстастары бір-бір тұтқа ұстап, бастық болғандары оған жардай жауап беріп, ұпай жинап жататын тұстары да кездеспей қалмайды. Осы сұрақ алдымнан шыққан сайын ең алдымен Жұмабек Кенжалинмен бірге оқығанымды алға тартатынмын. Мақтанышпен.
Ол шын мәнінде біздің курсымыздың нағыз лидері болды. Жүкең – студент кезінен бастап көзін жұмғанша үнемі портфель ұстап өткен адам. ҚазМУ-дың кәсіподақ комитетінің төрағалығынан бастап «Қазақ газеттері» ЖШС-ның бас директоры–редакторлар кеңесінің төрағасына дейін. «Адамды орта қалыптастырады» деген қағида бар. Дұрыс формула. Әрқайсымыздың адам болып кетуімізге ортамыздың әсері орасан болды. Осы жолда Жұмабек көбімізге үлгі бола білуімен ерекшеленді. Оқуға зеректігінің арқасында Лениндік стипендиат атанды. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылатын. Төртінші курста жүргенінде Алматы қалалық кеңесінің депутаты болып сайланды. Осылайша, ол сол кездің өзінде-ақ бүкіл Алматы шаһары студенттерінің мүддесін қорғады.
Тірі кезінде оның тұлға болып қалыптасқанына мәз болып жүре беріппін. Әрине, осындай досымның барына мақтанатынмын. Бірақ оны ешқашан мақтамаппын. Оның да себебі бар. Жұмабек мақтағанды да, мақтанғанды да жаратпаушы еді. «Шәкембай, біздің баяғыда қара нанды бөліп жегенімізден артық қандай әңгіме болуы мүмкін?! Шіркін, студент кездегі достардан адалы жоқ. Өйткені ашқұрсақ кезде танысып-біліскен адамдардан арамдық шықпайды» деп отыратын. Дегенмен, қазір өкінесің: «Ол туралы көзінің тірісінде мақтау керек пе еді?! Көңіл көңілден су ішпеуші ме еді?! Соншама припципшіл болғанымыз ба?!»
Алайда көңіл ортақтығы да, ой ортақтығы да қалыптасқан екі дос үнсіз ұғысып өмір сүргенімізге қуанамын. Шынында да сол айтылмай қалған мақтаулардың бәрі біздің бір естелігімізге татымайтын сияқты. Адамды өлтірмейтін – мақтау емес, естелік. Естелік арқылы сенің екінші өмірің басталады. Естелік арқылы ғана сен мәңгі жасайсың! Жұмабек қайтқалы онымен бірге болған сәттер көз алдымда көп көлбеңдеп тұратынды шығарды: Жұмабек екеуміздің «Пушкинде» тапсырыс берген кітабымызды сарыла күтіп отыратынымыз... Жұмабектің студент кезде жалдап тұрған пәтерінде тұла бойы тұңғышы Дастанның туғанын «жуғанымыз»... Құрылыс отрядында жүргенімізде Жұмабектің басына қысқа орамал тартып алып, үлкен үйдің бір бұрышының кірпішін қалап жатқанда ақсиып күлгені... Жұмабектің «алтын квадраттан» алған алғашқы пәтерінде Алматыға Бақанастан шаруаларыммен барған сайын қонатыным... Жұмабек екеуміздің Әлиманың тәтті шайын ішіп отырып түн ауғанша ғылыми коммунизм туралы пікір таластыратынымыз... Абайдың 150 жылдық тойында Ертістегі кеменің ішінде екеуміздің Бари Алибасовпен танысқанымыз... Иә, бәрі есте.
Адалдық аксиомасы. Қазақ журналистикасы жұлдыздарының бірі Жұмабек Кенжалиннің публицистикасы мен редакторлық таланты туралы аз жазылған жоқ. Сондықтан да қайталауға ұрынғым келмейді. Қадап айтқым келген тұс, ол қарымды қаламгер, пайымды публицист болумен қатар қазақ баспасөзі менеджментінің теориясымен де, тарихымен де, тәжірибесімен де қатар айналысқан азғантай шоғырдың басында тұрды. Мұндай тұлғалар бізде саусақпен санарлық десем қателесе қоймаспын.
Ал енді саяси менеджменттің түп-тұқиянына дейін зерттеп өткен жалғыз Жүкең деп ойлаймын. Шынында да Қазақстанның масс-медиа әлемінде ол осы қос қасиетімен құндылығын арттыра түсті. Айтары жоқ, қазақ баспасөзінің барлық қырын жақұт жылтыратқан зергердей жан-жақты қамтуға бар саналы өмірін арнаған Жұмабектің тағдыры маған мамандыққа адалдықтың айшықты аксиомасындай көрінеді. Сондықтан да бүгін көп әріптестері әлі айта қоймаған Жұмабектің ғалымдық қырына көбірек тоқталғанды жөн көріп отырмын.
Сонау 90-жылдары саяси басылымның бастауына жарқ етіп шыққан «Халық кеңесі», одан кейінгі жылдары «Ақиқат» журналы, «Қазақ әдебиеті», әсіресе өмірінің соңғы жылдары «Қазақ газеттерін» басқарған кездері ол саяси менеджменттің тәжірибесімен тікелей айналысқанын әріптестері ұмыта қойған жоқ. Осы ойды тарқата түссек, саяси менеджменттің қазақстандық тарихы да осы кезеңде кейіпкерімнің ілкімді ізденістерінен бастау алды. Жүкең мұнымен де тоқтап қалған жоқ. Қашан да қиын жолды таңдап алудан қаймығып көрмеген Жұмабек бұған қоса түрен түспеген саяси тақырыптың теориялық сүрлеуін салуды да өзінің миссиясындай қабылдағанын оның осы саладағы еңбектері дәлелдеп берді.
Жүкеңнің «саяси менеджмент» ұғымын ғылыми айналымға түсірген бірден-бір ғалым екенін көп адам біле бермейді. Дәл осы сұраққа акцент жасап отырғанымыз да сондықтан. Айтайын дегенім, қашанда халтураға жаны қас Жұмабек оңай тақырыпқа барған жоқ. Бұған дейін жазылмаған қиын тақырыпты аттай қалап, таңдап алды. Жұмабек Кенжалиннің кандидаттық монографиясы докторлық диссертацияға пара-пар толыққанды дүние екенін сол кезде оның ұстаздары да, әріптестері де кулуарда кеңінен көсіліп айтқанын құлақ естіді. Оны жазу барысында ғылыми формалдылықтан саналы түрде бас тартып, алып отырған тақырыбының табиғатын барынша еркін ашуға
ұмтылды.
Әрине, ғылымда ерлік жасау өте қиын. Десе де, басқалардың жүрегі дауалай бермейтін тақырыпты қопарып-төңкеруге бел буудың өзі – қайсарлық. Бір анық, сол кезде «саяси менеджмент» ұғымы ХХІ ғасырға дейін басқа тұрмақ, шетелдің терминдер сөздігінде пайдаланбаған категория еді. Жұмабектің жүрек жұтқандығы сол, 2001 жылдың өзінде Саясаттану бойынша Оксфорд қысқаша сөздігінде анықтама берілмеген саяси менеджмент туралы тақырыпқа батыл бара білуінде жатыр.
Аталған терминді қазақ ғылымының айналымына енгізген Жүкеңнің ерлігіне бас иемін. Жалпы, «менеджмент» деген термин – ең алдымен, экономикалық термин. Негізі. Ал оны саяси стильге ауыстыру ол кезде өте қауіпті болатын. Осы ғылыми жобасын Жұмабек абыроймен аяқтап шықты. Ол – саяси менеджменттің өкілдік және демократиялық үдерістерін халық мүддесіне сай тиімді басқарумен біріктіру керек екенін ашып көрсеткен алғашқы қазақ ғалымы. Сол кезде Қазақстанның «алдымен экономика, содан кейін саясат» деген мемлекеттік саяси жүйесін ең алдымен Жүкеңнің еңбегі, ал қазір өмірдің өзі теріске шығарды. Жұмабек өзінің ғылыми концепциясы арқылы саясаттың экономикадан жоғары тұрғанын дәлелдеп берді және саяси менеджменттің тек мемлекет пен билікке ғана қатысты ұғым емес екенін айқындап көрсете білді.
Жүкең саясаттың экономикадан әлдеқайда биік тұратынын, керек десеңіз, қашанда жоғары тұратынын өз диссертациясында дәйекті дәлелдермен қорғады. Сонымен қатар саяси менеджменттің қазіргі уақытқа дейін қолданылу аясы тар болғанына қарамастан, оның тылсым тарихын қопарып, Платон, әл-Фараби, Макиавелли еңбектерін терең зерттеу арқылы мемлекеттік басқару ісінен саяси менеджменттің жасырын жатқан жарқын үлгілерін тапты. Саяси менеджмент пен баспасөздің жұршылықпен байланыс орнатуының жолдары мен механизмдерін, сондай-ақ саяси технологиясын өзіндік тың көзқараспен қарастырды. Ең алдымен, қазақ баспасөзінің жаһандану кезеңіндегі алатын орны туралы ғылыми тұжырымдарын алға тартқан Жұмабек қоғамның дәйекті дамуын қалыптастырудағы баспасөздің рөлін де толық және түпкілікті дәлелдеп шықты.
Жұмабек – диссертациясында мемлекетшілдік сана стратегиясын сіңіру аясында да тұжырымды ойларын анық білдіріп, саясаттағы сабақтастық стратегиясын да жан-жақты нақты дәлелдермен зерттеген ғалым. Саяси жүйенің тұрақтылығы мен өздігінен дамуын қамтамасыз ету үшін саяси қызмет субъектілері арасындағы ақпараттық қатынастардың, ақпараттық байланыстардың тұтас жүйесін ашып көрсетті. Саяси коммуникация, ақпараттық технологиялар, имидж қалыптастыру технологиясы, мемлекеттің ақпараттық ресурстары сияқты кесек мәселелерді де ғылыми монографиясында толыққанды ашып көрсете білді. Мұның бәрі табанды ізденістің жемісі деп ойлаймын. Имиджмейкинг, электораттық пиар, брендинг және лоббистік пиар сияқты PR салалары туралы қазақ ғалымдарының арасынан бірінші болып терең ғылыми тұжырымдама жасаған да Жүкең.
Өзім ғылыммен айналыспағандықтан мұның қандай үдерістер арқылы жүзеге асатынын білмеймін, бірақ Жұмабек Кенжалиннің осы еңбегі көлеңкеде қалып кеткендей көрінеді. Өзінің ғылыми еңбегінде ол қазіргі кездегі саяси технологиялар заманында имиджмейкерлік тәсілдер, PR салалары, бренинг, ребрендингті жеке-жеке бақайшағына дейін зерттеп, керемет жазғанына көз жеткіздім. Өйткені астын сызып тұрып оқығанмын. 2010 жылы монография болып шыққан осы еңбегін бакалаврианттар мен магистранттарға міндетті түрде оқыту керек деп ойлаймын.
Ғылыми тұрғыдан қарастыратын болсақ, шыныңда да Жүкеңнің қазақ журналистикасының тарихына, тәжірибесіне және теориясына сіңірген еңбегі өте орасан зор. Осы орайда екі-үш жыл бұрын Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінің ұжымы мұсылманша айтқанда сауапты іс жасады. Жоғары оқу орнынан Жұмабек Кенжалин атындағы аудитория ашылды. Досымның артында қалдырған мұрасын насихаттауда мұның мәні мен маңызы ерекше екені даусыз.
Жұртшылықпен (PR), үкіметтік ұйымдармен (GR) және инвесторлармен байланыс (IR) сияқты ақпараттық коммуникацияның үш саласын алдағы жылдары өтетін Жұмабек Кенжалиннің оқулары бойынша студенттерге тереңдетіп оқыту керек деп санаймын. Себебі қазіргі квазимемлекеттік ұлттық компанияларда болсын, облыстық деңгейдегі әкімдіктерде болсын, PR біршама дұрыс жолға қойылған деп айтуға болады. Ал GR мен IR өте ақсап жатқаны жасырын емес. Өйткені бұл мәселелерді терең меңгерген мамандар жоқ. Сондықтан да болашақта аталған факультетте осы мәселеге ерекше көңіл бөлінгені дұрыс-ақ. Осы орайда пиар мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындары Жүкеңнің әсіресе ғылыми жұмыстарына аса мән беруге тиіс. Оның ғылыми диссертациясын, саяси менеджмент туралы монографиясын ҚазҰУ-дың журналистика факультеті болсын, басқа оқу орындары болсын, министрлік арқылы оқу бағдарламасына енгізгені абзал. Себебі бұл – қазіргі замандағы ең өзекті, ең қажетті тақырып.
Әрине, бұл бағытта сең қозғалды. Досымның ғылыми еңбектерін насихаттауда ол өзі талай мемлекеттік комиссияның төрағасы болған ҚазҰУ журналистика факультеті біраз шаруаның басын қайырды. Жұмабек Кенжалин шығармашылығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды. Жыл сайын Жұмабек Кенжалин оқуларын өткізіп жүр. Осы шаралардың бәрінде Жүкеңнің ғылыми еңбегі терең талданып, нақты айтылған әңгімелердің келешек мамандарға пайдасы молынан тиері хақ.
* * *
Қазақта «жетекші» деген сөз бар. Көп жерде жөн-жосықсыз пайдалана бергендіктен бе, реңі қаша бастағандай естіледі. Маған дәл осы сөз Жұмабек есімінің алдында тұратын анықтауыштай елестейді. Жүкең университетте жүргенде тек мені ғана емес, курстағы жүгірмектердің бәрін жетектеп жүріп, бөтен тұрмақ, біздің өзімізге білдірмей қатарға қосқанын қазір құдайшылық үшін айту – уәзипа. Сондықтан болар, жетекші деген сөз Жұмабекке қатысты айтылғанда қайта құлпырып шыға келетіндей әсер қалдырады.
Айтары жоқ, ол шын мәнінде жетекші бола білді, бақилыққа кеткенше көбімізге жанашырлық танытудан жаңылмай өтті. Нақты ісімен. Нақты көмегімен. Оқу бітіргеннен кейін де Алматы мен Астанадағы курстастардың басын құрап жүретін Жұмабек өзінің бауырмалдығымен бәрімізге араласып жүруді үйретіп кетті. Бір-бірімізге тілектес болуды бойымызға сіңірді. Бір-бірімізге жанашырлық танытуға тәрбиеледі. Жеке үлгісімен. Жұмабек барда жұбымыз жазылмайтын. Бір атаның балаларындай жүрдік. Осындай жанашыр жетекшіңді қалай
жоқтамайсың?!
Шархан ҚАЗЫҒҰЛ