Қоғам • 27 Шілде, 2024

Тасқыннан кейінгі тіршілік

113 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жыл сайын қайталанатын көктемгі су тасқыны биыл әдеттегіден жойқын болды. Апат өңірдегі бірнеше елді мекенді басып қалып, қыруар тұрғын үй су астында қалды, тірнектеп жинаған мал-мүлік шығынға ұшырады.

Тасқыннан кейінгі тіршілік

Қалың қардың көбесі сөгілген уақытта Атбасар, Сандықтау, Целиноград аудандарының әлденеше елді мекендеріне қауіп төнетіні бар. Жылдағы әдет – осы.

Облыстың барлық ауданындағы тоғандардың тозығы жеткен. Тозған тоғандар құлдилап құйылған қызыл судың екпініне шыдамаса, 8 аудандағы 24 елді мекенге қауіп төнер еді. Атап айтқанда, Аршалы ауданындағы «Батпакөл», Астрахан ауданындағы «Қызылжұлдыз», Бурабай ауданындағы «Веденовка», «Кенесары», «Щучинск саяжайлары», «Фроловское», Бұланды ауданындағы «Иванков», Есіл ауданындағы «Соленая балка», «Чапаевская-2», Сандықтау ауданындағы «Максимовское», Шортанды ауданындағы «Дамса» және «Негізгі» тоғандарының уақыт тезіне шыдамай, ондаған жылдар бойы жөндеу көрмегендіктен, қабырғалары арса-арса болып қаусап тұрғанын айтпай кетуге болмайды. Ал бұл жай қызыл судың қаупін қалыңдата түспек. Облыс аумағында тоқсанға жуық гидротехникалық тоғандар болғанымен, олардың бірқатары су жинақтауға қауқарсыз болып шықты. Қорғалжын ауданының бір өзінде ғана 5 гидротехникалық құрылымды есептен әлдеқашан шығарып тастауға болар еді.

Мамандардың сараптамасына қара­ғанда, өңірді басып өтетін 25 өзен 11 мыңнан аса тұрғыны бар 95 елді мекенге қауіп төндірді. Оның ішінде жыл сайын жағалауда жүріп кететін, көктем сайын арнасынан асып-тасып жататын Жабай, Нұра және Есіл өзендерінің бойындағы қауіп зор еді. Енді мына бір жайға назар аударайық. Әр көктем сайын аузымыз күйіп жатса да сылбырлықтан аса алмай отырмыз. Жабай мен Нұра өзендерінің аңғарларын кеңейту, таяз жерлерін тереңдету жұмысы 2021 жылы жоспарланған екен. Арада үш жыл өткенімен, оң сараптама қорытындысы бар жобаны жүзеге асыру кешеуілдей берді. Жабай өзенінің тасуы салдарынан әнебір жылы Атбасар қаласын топан су басып қалды. Қаншама тұрғын үй құлады. Әйтсе де, аузы күйген үрлеп ішедіні ұғар емес. Қала мен Борисовка селосының маңындағы Жабай өзенінің сағасын тереңдетуге байланысты жоба жасалғанымен, мемлекеттік сараптамадан өткізілмеді.

Тағы бір елең еткізетін жай Көкшетау, Степногорск қалалары мен Қорғалжын ауданында орын алды. Бұл жерлерде халықты апат жайлы хабарландыру жүйесі сын көтермейтін. Жалпы, аймақты толайым қамтамасыз ету үшін әлі де 278 дабыл құрылғылары қажет екен. Әсіресе, Бурабай, Зеренді, Атбасар және Целиноград аудандарына осындай құрылғыға деген қажеттілік басым.

Су тасқынынан жыл сайын зардап шегетін өңірдің жылнамасына назар аударайық. 2014 жылы Атбасарда 395 тұрғын үй су астында қалып, оның 209-ы жарамсыз болып қалды. Жаз шыға төрт 45 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй пай­да­лануға берілді. Медициналық кол­леджінің бұрынғы жатақханасы 29 отбасына лайықталып қайта жабдықталды. 2017 жылы апат тағы қайталанды, 636 үй қызыл судың астында қалды. Оның 459-ы жарамсыз деп танылды. Мәселені шешу үшін он бірінші 45 пәтерлік тұрғын үй салынды. Осы жұмысқа 1 млрд 187 млн теңге қаражат бөлінді. Биыл да Атбасар тасқынның тақсыретін тартып отыр. «Асар Ақмола» қоғамдық қоры 428 млн теңге қаражат бөліп, көктемгі тасқыннан жапа шеккендерге берілетін бес 100 пәтерлік тұрғын үй құрылысын қолға алған. Жобаның құны – 1 млрд 326 млн теңге.

Жарқайың ауданында да көктемгі су тасқыны бұрын-соңды болмаған алапат қарқынмен төнді. Апаттың салдарынан ауданның елді мекендеріндегі 62 үй жарамсыз болып қалды. 9 елді мекен су тасқынының зардабын көріп отыр. Бұлар – Үшқарасу, Отрадный, Құмсуат, Далабай, Нахимовка, Тассуат, Львовское, Гастелло, Пригородный елді мекендері. Аудандық әкімдікке 186 тұрғын өтініш жасаған. Олардың 185-іне 68 302 000 теңге материалдық көмек көрсетілген. Өтініш берушілердің бірі көмектен бас тартқан. Бұл ауданда да ауыл тұрғындарына 109 үй салып беруді «Асар Ақмола» қоғамдық қоры қолға алып отыр. Тасқын зардабын шеккен 130 отбасының шығынын өтеу үшін Үкімет қорынан қаражат бөлінген. 185 тұрғынға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бірмезгілдік жәрдемақы төленген. Тұрғындарға «Бірлік Жарқайың» қоғамдық қоры да қолұшын созып жатыр.

Бүгінде 30 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 201,9 млн теңге материалдық шығын өтелді. «Асар Үме» қоғамдық қоры 27 отбасына баспана сатып алу үшін 176 млн теңге қаражат бөлді. «Бірлік Жарқайың» қоғамдық қоры 650 мың теңге қаржы бөліп, тағы бір отбасына үй сатып әперді. Осы арада ел ішіндегі бірлік туралы бірауыз сөз айта кетуге болады. Ел басына түскен ауыртпалықты жалпақ жұрт болып жұмыла көтеріп жеңілдетуге тырысып жатыр. Қазақстан халқы Ассамблеясы қоры есебінен 15 млн теңге қаражат бөлініп, қызыл судың қырсығынан жапа шеккен отбасына көмек көрсетілді.

Алдағы уақытта аудандағы При­городное селосында тұтас шағын аудан бой көтермек. Қазір мұнда екіпәтерлік 15 үй салынып жатыр. Бұл пәтерлер баспаналары жарамсыз болып қалған отбасыларына беріледі. Шағын ауданда 30 пәтер бой көтермек. Осылайша, тасқын судың тақсыретін тартқандардың мәселесі шешіледі. Қазір тұрғын үйлердің қабырғасы қаланып, шатыры жабылып жатыр. Құрылыс алаңының жетекшісі Дүйсенбек Мақышевтің айтуына қарағанда, алдын ала жасалған кесте бойынша жұмыс жүргізіледі. Қыруар құрылыс жұмысы белгіленген мерзімде аяқталмақ.

 

Ақмола облысы