Өнер • 30 Шілде, 2024

Ұлттық кино: ілгерілеу мен ізденіс

874 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Кино да тірі организм сияқты. Кейде көз ілеспес жылдамдық­пен дамиды, бірде тоқырап, құлдырайтын кезеңдері болады. Қазір мемлекет тарапынан бұл салаға қамқорлық күшей­генін аңдаймыз. Мәдениет және ақпарат министрлігінің құзыретіндегі «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орта­лығы» бар. Ұлт киносын қолдайтын орталықтың түпкі мүддесі туралы орталықтың басқарма төрағасы Құрманбек ЖҰМАҒАЛИДАН сұраған едік.

Ұлттық кино: ілгерілеу мен ізденіс

– Құрманбек Жұмағали­­ұлы, «Ұлттық киноны қолдау ор­та­лығына» келгеніңізге жыл тол­ды. Осы уақыт аралығында ауыз толтырып айтатын қан­дай істер атқарылды?

– Кино саласы үшін бір жыл көп уақыт емес. Алайда біраз ша­руа еңсерілді. Орталыққа кел­ген сәттен-ақ көрерменнің кө­ңіл төрінен орын алатын туын­ды­лардың санын арттырсақ деген мақ­сат қойдық. Қазақ киносына қандай серпіліс қажет деген ой маза бермеді.

Алдымен Сараптама кеңесі­нің мүшелерімен, осы салада жүр­­ген мамандармен кездес­тім. Кино­гер қауыммен пікір алмасып, кәсіби мамандардың ойын та­разыладық. Өйткені мақсат ортақ – қазақ киносын биік бе­лес­терге жетелеу. Жұмыста жүйе қа­лыптастырып, тек соны алға сүй­реуге күш сал­дық. Себебі жү­йелі жұмыс қана нә­ти­жеге бас­тайды. Мәдениет және ақ­па­рат министрі Аида Балаева да бұл мәселеге ерекше назар ауда­рады. Кино орталығы жа­нын­да­ғы Сараптама кеңесінің мүше­лері­мен кездесуінде де министр осыған маңыз берген болатын.

Биылдан бастап біз кино­гер­лердің ұсынысын ескеріп, киножобалар конкурсына өзгеріс енгіздік. Астын сызып көрсететін ортақ жұмыс – осы. «Бармақ бас­ты, көз қысты» әрекет келмеске кетуі тиіс. Мақсатымыз – осындай маңызды іс сеніп тапсырылған соң, іріктеу­дің ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз ету. Мемлекеттің бір тиыны да сапасыз сценарий мен көркемдігі төмен картинаға бөлінбеуі тиіс деп есептеймін.

– Биылғы іріктеудің жаңа ережелерге сай ұйымдас­ты­рыл­ғанын айтып қалдыңыз. Мұн­да қандай өзгерістер бар?

– Қаңтар айында басым тақы­рыптарды жарияладық. Кино­гер­лер үшін сценарий жазу, то­лымды ой қорытуға үш ай уақыт бердік, содан соң алдымен тек сценарийлер талданды. Ал екінші кезеңде құжаттар қаралып, анықталған қателерді түзетуге үш күн уақыт берілді. Мұндай механизм бұрын бол­маған. Алдыңғы ережеде қате құжат тапсырсаң, оны өзгерте алмас едің. Әріптестерім ренжи қой­мас. Мемлекеттен қомақты қаржы алып, кино түсіргің келсе, өткізетін құжаттар да мінсіз болуы тиіс қой. Өйткені оның әр ­тиыны есептеу­лі. Ер­теңгі күні есебі алынатын, заң ал­дында жауап берілетін, тексе­рілетін құжаттар. Соған жауап­кершілікпен қарау керек.

– Ол кісілер шығармашы­лық адамдары ғой. Қағазбастылық­қа салған дұрыс па?

– Өтінімдер ережеге сай болып, мерзімінен кешікпей келсе қуа­намыз. Негізінен құжаттары­­на ыждағатты компанияның ат­қар­ған ісі де сапалы шығады.

Бұл орайда Кино орталығы конкурс кезінде үздіксіз ке­ңес беру­ді назардан тыс қал­дыр­май­ды. Мақсатымыз ашық әрі әділ конкурс өткізу болды. Сон­дық­тан байқаудың барлық ке­зе­ңіне қатысты ақпараттардың қол­жетімді болуын назарда ұс­та­дық. Киногер емес, кез келген ел тұр­ғыны питчинг барысын онлайн көре алатындай жағдай жасалды. Осыдан артық қан­дай ашық­тық керек? Өз басым бір­де-бір жоба­ға байланысты пікір білдірме­дім, Сараптама кеңесі­нің жұмысы­на мүлдем аралас­қам жоқ. Біз­дің орталық – бірың­ғай оператор. Сондықтан Сарапта­ма кеңесі­нің шаруасына араласып, бас сұға­тын құқым жоқ. Бәрі де әділетті болуына басымдық бердік.

Сараптап қарасақ, биылғы конкурсқа анимация, деректі, ойын фильмдері санаты бойынша 465 өтінім келіп түсті. Бұл ретте талаптар тасада қалмай, ­сце­­нарийдің басым тақырып­тар­ға сай келуі, сюжет құрылымы мен драматургия қағидаттары­на ­­ба­са назар аударылды. Осылай­ша, 101 сценарий келесі кезең­ге жолданды, ал екінші кезеңге ­87 жоба іріктелді.

18-20 маусым аралығында Алматыда ашық қорғау, яғни пит­­чинг өтті. Сараптама кеңе­сі­нің мүшелері ұлттық кино­ға сү­белі үлес қосатын кино­кар­ти­на­ларды іріктеуге бар күш-жіге­рін салды. Талқылау аяқ­­тал­ғаннан кейін ұлттық фильм­дер деп танылуға үмітті 29 киножоба Сараптама кеңесінің оң қорытындысына ие болды. Ор­та­лық Сараптама кеңесінің қо­ры­тындысын ведомствоаралық комиссияның қарауына енгіз­ді. Жақында комиссия отырысы өтті, мемлекеттік қолдауға үмітті киножобаларды қаржыланды­ру мәселесі талқыланды. Отырыс қорытындысы бойынша олар 18 жобаны қолдауға ұсыным берді. Олардың қатарында Диас Бер­тистің «Кенжем қайда?» фильмі бар. Онда кенже баланың тағдыры баяндалып, отбасы құн­дылығы суреттеледі. Айта кету керек, жас режиссер бұған дейін «Приговор», «Игрок», «Черный двор» секілді туындыларымен танымал болды.

«Қазақфильм» жобалары­ның ішінде «Бүркітші», «Жусан» фильмдері бар. «Бүркітші» көр­кем фильмі ауылдағы жұмбақ жағдайдың бетін ашуға тырысады.

Ал «Жусан» адамгершілік, гу­манизм мәсе­лелерін қозғай­ды. «Адамзатқа іздеу саламын» ани­мациялық фильмі жасанды ин­теллектің мүмкіндіктерін паш етпек. Бұл жобаға анимация саласында тәжірибесі бар, «Халықаралық ÁMEN Animation film» фести­валінде номинант болған режиссер Жанат Жайлыбай жетекші­лік етеді. Ал режиссер Әміржан Қазиевтің «Жібек» анимациялық фильмі арқылы Шығыс пен Батыс арасындағы мәдени байланыс баяндалады.

«Батыл бол» дебюттік филь­міне келсек, режиссер Татьяна Шишкина мен продюсер Раушан Бешімбаева бұл фильм арқылы тіл мәселесін қаузап, еліміздегі бе­реке-бірлік деген секілді ма­ңызды ұғымдарды тарқатқысы келеді.

Ал кең ауқымды көрер­мен­­дер аудиториясына арналған ­­«Әлия» фильмі қазақтың батыр қы­зы Әлия Молдағұлованың ерлі­гін наси­хаттауды мақсат етіп отыр, ре­жиссері – Ален Нияз­беков, оның отандық прокатта топ жар­ған фильм­дерде қолтаң­басы бар. Тәжірибелі режис­сер Қанат Төребайдың «Туркестан-Соло» оқиғалы фильмі де топ жар­­ғандар тізімінде. Фильмде швей­цариялық саяхатшы, жазушы Элла Майярдың Түркістан дала­сына сапары суреттеледі. Ал бірлесіп шығарылатын «Опе­рация Сапфир» фильмі елі­міздің имиджін халықаралық дең­гейде арттыруды көздейді. Есімі әлемге танымал режиссер Тимур Бекмамбетов фильм арқылы 1994 жылғы АҚШ пен Қазақ­станның арнайы операция­сын ашып көрсеткісі келеді.

Байқап қарасақ, осы ірік­тел­ген дүниелердің ішінде кино на­рығында жеке дара дамып жүрген жастардың жобалары көп екен. Мұндай қолдаудың маңызы зор екені мен айтпасам да түсінікті. Жастардың жобалары өтіп жат­қанда, тілеуін тілеудің орнына, аяқтан шалудың қаже­ті жоқ. Жұмыс жүрген жерде сын айтылады. Ол сөзсіз. Алай­да «сын шын болсын, шын сын болсын» деген сөзді ұмытпасақ екен деймін. Бұл – қай саланың да балағынан тартып, дамуына жол бермеумен тең әрекет қой.

Сондықтан шамдануға емес, дамуға, жобасы озып шыққан әріптестерге қолдау танытуға, тілекші болуға бет түзесек деген өтінішіміз бар. Әділетті Қазақстан деп жүрміз, «артық ауыз әңгіме арқылы дегенін жасату» дәуірі әлдеқашан өтіп кет­кенін ұғынайық.

– Кино орталығының бүгіні мен өткенін салыстыруға бола ма? Өзгешелік бар ма?

– Есігіміз киногерлер үшін әр­дайым ашық. Мәселе туын­дай ма, келсін. Жан-жақты сара­лаймыз, шешілу жолын заң аясында қарастырамыз. Жақын­да ғана былтыр жобалары ірік­теу­ден өтіп, жұмысқа кіріскен шы­ғар­машылық топ өкілдерімен ар­найы кездестім. Қордаланып қалған түйткілдерді талқыладық. Ортақ мәмілеге келдік. Осылайша, ­жұ­мыс та жүйеленіп сала береді.

Биыл 5 жылдығын атап өт­кен орталық отандық киноиндус­трия саласына қарқынды қа­дам басып жатыр. Жетістік аз емес, маңыздысы, бүгінге де­йін 120-дан астам киножобаға қар­жылай қолдау көрсетіліпті. Оның ішінде 57 толықметражды фильм, 30 деректі фильм, 26 қыс­қаметражды картина және 10 ани­мациялық туынды бар. Ең бас­тысы осы жарқын жобалар көрер­меннің ықыласына бөленді. Оған толықметраж­ды «Дос-Мұқасан», «Патриоттар уақыты», «Вurkit» экшн фильмі дәлел бола алады.

Бұған қоса әрбір туынды түсі­ріліп болған соң сөреде шаң ба­сып қалмауы тиіс. Байқап қара­са­ңыздар, қазір орталықтың фильм­дері прокатқа үзбей шы­ғып жатыр. Биылдың өзінде ал­ғаш рет кино­альманах ретін­де түсі­рілген «Алматы, я люб­лю тебя!», «Адам и Алма», ағарт­у­­шы Ахмет Байтұрсынұлы сын­ды тұл­ғамыздың өмірінің кей­бір ке­зең­дерін айшықтайтын «Соң­ғы үкім» фильмі, шынайы оқиға­ға не­гізделген «Опе­ра­ция Набат», жыр алыбына ар­на­­ған «Жамбыл. Жаңа дәуір» фильм­дерін көрермен жылы қа­был­дады. Жақын арада жас режис­сер Айтөре Жолдасқалидің «Шулама» фильмі ел кинотеатр­ла­рына жол тартты. Асхат Ку­чин­­­чирековтың «Бауырына салу» филь­мі көрерменнің жү­ре­гін жібі­тіп сала берді. Мұның бар­лығы шығармашылық ұжым­дармен жиі кездесіп, тілдесіп, ортақ шаруаны жүйелеудің ар­қасында.

­­­Бұған қоса қызметке келгелі жоба менеджерлерін бекіттік, яғни орталықтағы өндіріс бөлі­мінің қызметкерлері әр жобаны жіктеп бөліп алып, орындалуы­на баса назар салады. Барлық жобаны алғашқы күннен, яғни «тәрелке шағудан» бастап, премьераға дейін бақылауда ұстайды. Қазір олар былтыр питчингтен өткен 18 жобаның жайын саралап ­отыр. Фильмдердің өндірісі аяқта­лу­ға жақын. Олардың қатарында 2011 жылы Тараздағы лаңкесті құрықтау барысында ерлікпен қаза тапқан Ғазиз Байтасов туралы «Капитан Байтасов» фильмі бар. Лудомания тақырыбын қозғайтын «Игроманка» жобасы да көрерменге ұсыныла­ды. Бұл туындыдан әрбір адам оймақтай ой түйіп, сабақ алса деген ниетіміз бар. Футбол жа­йында түсіріліп жатқан «Қайрат» фильмі де жастардың салауатты өмір салтын ұстануға және спортқа деген құлшынысын оятады деп сенім артып отырмыз. «Фейковый арман», «Маңғыстау – Тетис мұхитының орны» фильмдерінің түсірілімі аяқталды. Балалар контентін де шет қалдырған емеспіз. Мәселен, өткен жылы питчингтен суырылып алға шыққан жобалардың арасында «Алан туралы аңыз» анимациялық фильмі бар.

– «Қазақфильм» анима­тор­лары «Алтын адам» анима­ция­лық фильміне қатысты мә­селе көтергенін білесіз. Жағдай неге шиеленісті?

– Бұл жоба Кино орталығы­на 4 жыл бұрын, яғни 2020 жылы ұсынылып, басталған. Жалпы құ­ны – 378 млн теңге. Келісім­шарт бойынша ол 2021 жылы аяқ­талуы тиіс болатын. Бірақ орындаушы жұмысты толық аяқ­та­­ма­­ды, фильмді өткізбеді. 2022 ­жы­лы «Қазақфильм» жобаны тағы ­да тап­сыра алмады. 2023 жыл­ға дейін созылған жобада соңғы түзету­лер қамтылмаған болып шық­ты. Орталық шы­ғармашылық ұжым­­ның 3 жыл бойы жобаны аяқ­тай алмай келе жатқан себеп­­теріне түсі­ністікпен қарап, ат­қарған жұ­мыстарына қаражат төленіп кел­ген. Орындаушыға істеген жұмысы үшін 294 млн теңге бөлінді. Ал қалған 84 млн теңге жоба 2023 жылы тағы уақтылы аяқталмағандық­тан, берілмей, бюджетке қайта­рыл­­ды. Сарап­тама кеңесі жобаға қа­тыс­­ты 126 ескерту енгізген. Бұл түйт­кілді тұстар жоғарыда айтқа­ным­дай, уақтылы түзетілмеген болып шықты.

Мәселе жылдарға созыл­ған­дықтан Ұлттық киноны қолдау орталығы мен «Қазақфильм» ара­сындағы іс сотқа жетті. Өйт­кені аяқ­талмаған жобаға мемлекет қаржы бөле алмайды.

Тағы бір ескеретін дүние, осыдан бір ай бұрын «Қазақфильм» басшысымен бірге сот шешімін орындау жөніндегі медиативті келісімге келдік. Мұны әлеумет­тік желідегі парақшаларымда да жаздым. «Қа­зақфильм» және жобаға жа­уапты ұжым жобаны өзара келі­сім арқылы аяқтап, «Алтын адам» анимация­лық филь­­м­ін про­катқа шығара­ды. Одан түс­кен таза табыстың ­20%-ы кино орта­лығына аударыл­са, қал­­ған 80%-ы «Қазақфильмнің» үле­­сінде қалады. Осылайша, «Қа­зақ­­фильм» бұл жо­ба­ның түсі­рі­лім тобы алдындағы берешегін өтейді.

Ұлттық киноны қолдау орта­лығының бюджеті сіз бен біз­дің қаржымыздан құралған. Сон­дықтан әр тиынның сұрауы барын тағы бір ескеруіміз қажет. Мәселенің заң тұрғысынан ше­шіліп жатқаны да содан және біз орталық жобаларына қатыс­ты мұндай мәселелер барын жа­­сыр­маймыз. Мәселен, қазір өн­ді­рісінен шикілік шыққан
5 фильм бар. Олармен де мәселе заң аясында шешім табады.

– Орталықтың жеткен же­тіс­тіктері туралы да ақпа­рат қы­зық. Өйткені негізгі мәсе­лелер айтылды...

– Қуана бөлісер жаңалы­­ғы­­мыз – биылғы Халықаралық Канн кинофестивалі аясындағы Marche Du Film кинонары­ғы­на қа­тысуымыз. Франция­дағы Рalais сарайында алғаш рет «Kazakh­cinema» стенді қойылды. Бұл отандық киноөндіріс имид­жін қа­лыптастыруға, бірлескен кино­өндірісті дамыта отырып, ше­тел­дік серіктестер тар­ту­ға, сон­дай-ақ отандық фильм­дер­дің танымалдығын арт­ты­руға мүм­­кіндік берді. Шара аясын­да еуро­палық киносту­дия­лар­дың, киноөндірісті қол­дауға бағыт­тал­ған шетелдік қор­лардың, кино­индустриядағы маркетингтік ком­­паниялардың басшыларымен бірқатар іскер­лік кездесу өт­кіздік. Канн фести­валі аясында Францияның Ұлт­тық кинематография және анимация орталығы­мен келісімге қол қойдық. Алдағы уақытта франциялық әріптес­тер кино өндірісін халықаралық деңгей­де ілгерілетуге қатысты инсайдтарымен бөліседі. Ал ол жаңа перспективаларға жол ашпақ.

Кинонарыққа қатысу барысында Грузияның Ұлттық кино орталығы директорының міндетін атқарушы Коби Хубунаймен де меморандумға қол қойдық.

– Ендігі кезекте халықара­­лық деңгейде ел абыройын ас­қақ­татқан туындыларға тоқ­тал­сақ...

– Отандық кино соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Көрсеткіш жаман емес сияқты. Оны да көрерменнің патша көңілі таразылайды. Туындылары­мыз әлемнің барлық кинофестива­ліне қатысып қана қоймай, қан­жығаларына да жүлде толты­рып келіп жатыр. Жақында режиссер Данияр Саламаттың «Талақ» картинасы Шанхай халықаралық кинофестивалінде топ жарды.

Торонто қаласындағы Peaks Central Asian Film Festival аясында «Сабыр» фильмінің Сол­түстік Америкадағы премьерасы өтті. Кинорежиссер Әділхан Ержановтың «Дала қасқыры» фильмі де Reims Polar 2024 кино­фестивалінде француз сыншы­лары қауымдастығының сый­лығымен марапатталды. Жуық ара­да орталық фильмдері дәс­түрлі «Сыншылар таңдауы – 2024» киносыйлығында түрлі но­м­инацияларды еншілегенін айту қажет.

– Ал халықаралық фестивальдарда жүлде алған кинолар шетелдік прокатқа шығып жатыр ма?

– Мысалы, режиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын» фильмі былтыр Францияда прокатта болды. Сол Францияның көрер­мені біздің Әділхан Ержанов­тың фильмдерін жақсы көреді. Режиссердің жаңа туындылары прокатқа шығып тұрады. Біздің «Патриоттар уақыты» ең көп қара­жатты Ресейдің прока­тынан жинады. Бұл әскери экшн-драма және көршілес елде өзекті тақырып болғандықтан, жақсы көрсеткішке қол жет­кізді. Туынды Қытайда да кино­театр­лардан көрсетілді. Жас кинематографистеріміздің «Жа­ным, ты не поверишь» филь­мін әйгілі HBO сатып алып, көрермендеріне ұсынды. Бұл – үлкен жетістік.

– Сұхбатты орталықты да­мыту бағытындағы жоспар­ларыңызбен түйіндесек..

– Жақын арада Ұлттық кино орталығының туындыларын елі­міздің бірқатар мәдени-көп­шілік орталықтарында көрсет­сек деген ойымыз бар. Әсіресе, өңірдегі кө­рермен отандық фильм­дерді тама­шалауға мүм­кіндік алса деген ниет басым. Бұған қоса жыл соңына дейін Екін­ші дүниежүзілік соғыс туралы «Қара қыз», әртүрлі жанр­дағы «А-Студио» тобының әндері­не негізделген «Солдат любви» мюзиклі, сыбайлас жемқор­лық туралы «Жаза» экшн-драма­сы үлкен экранға жол тартады. Бұл бағытта біз фильмнің алдын ала көрсетілімдерін тек бұрынғы қалыппен Алматыда ғана емес, бас қаламыз Астанада да өткізуді қолға алдық. Мұндағы ой – Астананың да мәдени ба­ғытта дамуына тамшыдай болса үлесімізді қосу.

Алдағы уақытта биыл питчингтен өткен жобалардың жа­йын пысықтауға кірісеміз. Шы­ғар­машылық топтар бөлінген қара­жатты дұрыс жұмсап, сапалы туынды түсіреді деп сенеміз.

Оның үстіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кино са­ласын реформалау қажеттігіне зер салып отыр. Осыны негізге ала отырып, орталық дамуға бастайтын ұзақмерзімді жоспарларын түзді. Орталық болашақта өзінің жобаларын прокатқа шығару арқылы табыс табуды межелейді. Бірақ қаржы табу үшін Кино туралы заңға бірқатар өзгеріс енгізу қажет. Егер прокаттан түскен табыс түгелдей орталыққа өтсе, аймақтарда кинотеатрлар жасақтау мүмкіндігі ашы­лар еді. Біз ауыл-аймақта ор­на­ласқан мәдениет үйлерін жөн­деуден өткізіп, шетте отырған аға­йынға ұлттық киноларымызды, қазақ киносын көрсетуге мүмкіндік алар едік.

Бұған қоса Кино орталы­ғы­ның актерлік базасын жасақ­та­сақ деген ойымыз бар. Респуб­лика­лық кастинг жариялап, кино­­ком­панияларға актер табуға жәр­­дем­дессек, әрі ауылдағы тума та­лант­тарды елге танытсақ — атқа­рылған жұмыстар легі есе­ленері сөзсіз. Бұл бастама «Айналдырған 10 актер барлық фильмді шарлап жүр» деген пікірлерге тоқтау салар еді.

Сондай-ақ жыл соңына қарай киногерлердің басын қосып, бір-біріміздің мерейімізді көтеріп, өт­кен жылға есеп беретін қоры­тынды шара өткізсек деген ние­тіміз бар.

Әрбір атқарған ісімізді сара­лап, сараптап жүру әдетке айнал­ған. Абай бабамыз «Егерде есті кісі­лердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!» дейді ғой. Қара сөзде айтылған осы дүние – өмірлік ұстанымдарымның бірі.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Жолдыбай Базар,

«Egemen Qazaqstan»