Фестивальдың ашылу салтанаты алдында Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Мақсат Жайықов бастаған қазылар алқасы баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, бүгінгі кезеңдегі ең үздік цирк мектептерінің жетістігі мен тәжірибесі, биылғы халықаралық ауқымды шараның жаңалығы туралы жан-жақты ақпарат берді. Мақсат Жайықовтың айтуынша, өткен жылдан бастап Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен цирк әртістерінің шетелге гастрольдік сапарлары 35 жылдан кейін қайта жанданып, әлемдік фестивальдар мен байқауларға қатысып, жетістікке жетіп, жеңіс тұғырынан көріне бастаған. «Almaty Circus Festival» секілді халықаралық деңгейдегі іргелі жобаның биыл екінші рет өткізілуі де – қала әкімдігі қамқорлығының нәтижесі.
Содан бері Алматы цирк фестивалі өзара қарым-қатынас пен мәдени туризмнің белсенді даму алаңына айналып келеді. Фестивальдың мақсаты – халықаралық мәдени байланыстарды дамыту, әлемдік аренада отандық цирк өнерінің дамуына жаңа серпін беру, көрермендердің Қазақ мемлекеттік циркінің мүмкіндіктері туралы түсініктерін кеңейту және қоғамдағы халықаралық цирк өнерінің мәртебесін арттыру. «Almaty Circus Festival» әлемнің көптеген елінен келген цирк өнерінің жанкүйерлері мен үздік өкілдерінің басын қосады, бұл елімізде мәдени туризмнің белсенді дамуы үшін өз септігін тигізеді.
Қазақ мемлекеттік циркінің директоры және фестиваль қазылар алқасының төрағасы Мақсат Жайықов: «Фестиваль барысында алматылықтар мен әсем қаламыздың қонақтары Қазақ мемлекеттік циркінің манежінен төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен келген үздік цирк әртістерінің өнерін тамашалайды. Олар фестивальдың жоғары марапаттарын иелену үшін бойындағы бар талантын және кәсіби шеберлігін жарқырата көрсетпек. Фестиваль қатысушыларының өнерін халықаралық кәсіби қазылар алқасы бағалайды. Қазылар алқасының құрамында Қазақстан және шетелдік цирк өнері майталмандары мен амбассадорлары бас қосқан», деді.
Фестиваль бағдарламасы аса ауқымды әрі бай. Аты аңызға айналған Қазақ мемлекеттік циркінің манежінде цирк өнерінің барлық жанрында бірегей нөмірлер ұсынылды: қандай да бір қолайсыз жағдайда тепе-теңдікті ұстай алатын эквилибристер, керемет ептілік пен күшті қажет ететін, көрерменді таңғалдыратын трюктер жасайтын акробаттар, цирк күмбезінің астында құсша самғайтын таңғажайып әуе гимнасттары, үйретілген ит пен мысықтардың табиғи мүмкіндігі, тіпті ең талғампаз көрерменді де бейжай қалдырмайтын шабандоздар, Армения мен Италиядан келген әлемге әйгілі сайқымазақтар көрерменді естен кетпес әсерге бөлеп, күн сайын шат-шадыман қуанышқа бөлеп, шығарып салып отырды. Тіпті ұмытылмас шоу жасап, көрерменді таңғалдыру үшін кейбір мықтылар өміріне қауіп төнетініне қарамастан, басын қатерге тіге отырып, небір күрделі трюктерді сақтандыру белдігінсіз жасағаны еріксіз бас шайқатты. Цирк өнерінің бүгінгі алпауыты Қытай елінен келген Ван Мэнчэннің өзімен бірге ала келген реквизитінің салмағы екі тоннадан асатыны да – байқаудағы қызықты деректердің бірі. Ұйымдастырушылар биылғы фестивальда әуе акробаттарының өнеріне мейлінше басымдық берген.
Қазақ мемлекеттік циркінің және «Almaty Circus Festival» жобасының бас қоюшы режиссері Марина Редько: «Біз көрермендер үшін жай ғана конкурстық бағдарлама емес, нағыз жанды, жоғары деңгейдегі заманауи цирк шоуын дайындадық. Бұл асқан батылдықтың, адамның фантастикалық абсолютті мүмкіндігін көрсетудің таңғажайып мерекесі болды. Биыл фестивальға арнайы ерекше жарықтандыру шешімдерімен үйлесетін ұлттық этностильдегі жаңа эксклюзивті дизайнерлік костюмдер тігілді. Балалар мен ересектерге жағымды эмоция мен ұмытылмас әсер сыйлайтын түрлі түсті шоудың ұзақ уақыт есте қалатыны сөзсіз», дейді.
Үш күнге созылған фестивальдың бас жүлдесін Кристина Воробьеваның жетекшілігіндегі Өзбекстанның Sky Angels арқан бойымен жүретін даршылар тобы жеңіп алды. Олар орындаған «Үштіктің демі» деп аталатын нөмір беделді қазылар алқасының ең биік бағасы мен демін ішке алып тамашалаған талғампаз көрерменнің шын ықыласын иеленді. Сондай-ақ Өзбекстанның өнерпаздары Түркияның Armoni Organizasyon бас директоры Ахмет Экши мен Қазақ мемлекеттік циркі ардагерлерінің арнайы жүлдесін де иеленіп, Петербург қаласында өтетін «Шегарадан тыс» халықаралық цирк өнері фестиваліне шақыру алды. Алматы қаласы әкімдігінің арнайы жүлдесі күлкілі қойылымдарымен көрермен көңілін көтерген италиялық сайқымазақ Дэвис Вассалоға табысталды. Алтындалған мүсін марапатының иесі болып Ресей әуе гимнасттары Мария Терентьева, Светлана Михнюк, Алина Габбасова, қытайлық Вонг Мэнчэн танылды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Құрманғали Досбатыровтың шәкірттері Марина Стародубова мен Даяна Жетпісова да жүлдесіз қалған жоқ. Олардың «Жаңбыр астындағы самғау» қойылымы күміс жүлдеге лайық деп танылды. Бұған қоса Түркия мен Грузия қазыларының арнайы жүлдесі мен Италияда өтетін халықаралық цирк фестиваліне жолдаманы да еншіледі. Эфиопиядан келген «Қара бүркіттер» мен ресейлік ит үйретуші Евгений Комисаренко да күміс жүлдеге ие болды. Италиядан келген Кимберли Дзаватта, Украина мықтылары Роман Кронжо мен Ангелина Прохорова, сондай-ақ португалиялық гимнаст Жоан Годиньо қола жүлдеге қол жеткізді. «Астаналық цирктен» келген Нұрым Күленбаевтың баптауындағы Virtuoso шабандоздар тобына Қытай ұлттық акробатика труппасының арнайы жүлдесі табысталды.
«Almaty Circus Festival» мәресіне жеткен жеңімпаздар қатысатын фестиваль бағдарламасы 24 тамызға дейін жалғасады.
АЛМАТЫ