Инвестиция • 31 Шілде, 2024

Ауылға бағытталған қаржы көлемі азайды

99 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде ауыл, орман және балық шаруашылығы саласының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі биылғы қаңтар мен мамыр аралығында 197,9 млрд теңгені құрап отыр. Бұл – өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 26,7 пайызға төмен көрсеткіш. Бір жыл бұрын 34,6 пайызға жоғары көрсеткіш тіркелген еді.

Ауылға бағытталған қаржы көлемі азайды

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Өңірлік бөліністе Павлодар, Ақмола және Солтүстік Қазақ­стан облыстары алға озған. Агро­өнеркәсіп кешенінің (АӨК) негізгі капиталына салынған ауқымды инвестиция осы өңір­лерде байқалған: Павлодар облысына – 53,8 млрд теңге, Ақмола облысына – 30,7 млрд теңге, Солтүстік Қазақстан облысына – 30,2 млрд теңге. Инвестицияның айтарлықтай көлемін алу бойынша Қостанай (18,4 млрд теңге), Түркістан (15,6 млрд теңге) және Шығыс Қазақстан облыстары да (10,4 млрд теңге) көшбасшылармен үзеңгі қағыстырады.

Агроөнеркәсіп саласындағы қаржыландырудың негізгі көзі – бизнестің жеке қаржысы. Бизнестің меншік қаражатының көлемі қаңтар-мамырда 142,4 млрд теңгені (былтырғыға ұқсас кезең көрсеткішінен 27,4 пайызға төмен) құраған. Одан кейінгі орында банктік емес займ қаржысы тұр – 49,8 млрд теңге. Бұл қаржы көлемі бойынша 24,5 пайызға құлдырау аңғарылады. Ал 5,8 млрд теңге (-27,1 пайыз) – екінші деңгейлі банктер ұсынған кредит қаржысы.

АӨК саласындағы инвестиция құрылымында бүкіл негізгі салымның 93,4 пайызын мал шаруашылығы мен маусымдық дақылдарды өсіру еншілейді. Аталған екі бағытқа 93,3 млрд және 91,6 млрд теңге қаржы құйылған. Бұл ретте мал шаруашылығына салынған инвестиция көлемі бір жыл ішінде ақшалай мәнде екі есе өсіп отырғанын да айта кетейік. Ал дақылдарды өсіру саласына салынған капиталдық салым кері­сінше 2 есе қысқарып кеткен.

Сонымен қатар аралас ауыл шаруашылығына, балық аулау мен аквамәдениетке де елеулі қаржы салыныпты, нақтылап айтқанда, 8,8 млрд теңге және 3,1 млрд теңге.

«Finprom» ақпараты бойынша, ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында еңбек ететін қызметкерлердің орташа айлық номиналды жалақысы биыл бірінші тоқсанда 212,3 мың теңге болған. Бұл елдегі бүкіл сала жалақысының орташа деңгейінен 44,5 пайызға төмен.

Бұған дейін Ауыл шаруашы­лығы министрі Айдарбек Сапаров осы жылы ауыл шаруашылығы саласына 1,7 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланғанын айтқан. Бірақ оған қол жеткізу мүмкін болмады.

«Жартыжылдық қорытынды­сы бойынша республикадағы көрсет­кіш 410 млрд теңгеге жуықтады. Бұл – жоспардың небәрі 24,1 пайы­зы. Шымкент пен Астана қаласы, Жетісу облыстарындағы көрсеткіш 10 пайызға да жетпейді. Осыған байла­нысты әкімдіктер жылдық көрсеткішке қол жеткізу бойынша жұмысты күшейтуі керек», деді министр.

Айтуынша, биыл жалпы қуа­ты 373 мың тонна сүт болатын 65 сүт-тауарлы фермасын іске қосу жоспарланған. Бұл мақ­сат­қа республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бөлінген. Алай­да бірінші жартыжылдық қоры­тындысында жалпы қуаты 67,2 мың тонна болатын тек 16 жоба жұмыс бастаған. Ет бағытындағы құс фабрикаларын салу және кеңейту бойынша қуаттылығы 72 мың тонна құс етін құрайтын 10 жобаны іске қосу жоспарға енгізілген. Оның екеуі Алматы және Қызылорда облыстарында өз жұмысын бастапты. Екі өңірде өндірістің басталуы  негізгі жоспардың 20 пайызы ғана.