«Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Кейінгі жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды», деген еді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. «Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы, бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет», деді Мемлекет басшысы.
Еске салсақ, әлемде көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Елімізде де жуырда Ұлттық кітап күні жаңа мереке болып енгізілді. Ел Президентінің тапсырмасына орай 23 сәуірді Үкімет қаулысымен атаулы дата ретінде бекітті.
Жалпы, кітап оқытуға, кітапхана жүйесіне қатысты атқарылып жатқан ілкімді істер бұл ғана емес. Осы орайда Мәдениет және ақпарат министрлігі «Түркі мемлекеттерінің цифрлық кітапханасын құру» іс-шаралар жоспары бойынша бекітілген Жол картасымен жұмыстар атқарып жатқанын ерекше айтып өтеміз. Бүгінде Жол картасына сәйкес еліміздің сирек қорларының саны мен мазмұнын анықтау және сақталуын қамтамасыз ету мақсатында кітапхана, музей, жоғары оқу орындарында, ғылыми орталықтарда сақталған құнды қолжазбалар мен сирек кітаптардың бірыңғай реестрі құрылды.
Аталған жұмыстарды Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның «Түркі халықтарының ортақ жазба мұрасына зерттеу, іріктеу, жіктеу (ранжирлеу) және проблемалық мәселелері, сондай-ақ түркі халықтарының жалпы жазуы тақырыбы бойынша жұмыстар жүргізу мен салалық қорытындылар жасайтын жұмыс тобын құру туралы» бұйрығына сәйкес құрылған Жұмыс тобы жүргізіп жатыр. Жұмыс тобына Цифрлық даму инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, ҒЖБМ Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институты, Ұлттық академиялық кітапхана, Ұлттық архив мамандары енген.
Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әлидің айтуынша, Жол картасы негізінде тарихи-мәдени құжаттар мен қолжазбаларды, сирек кітаптарды, материалдарды зерттеу, ғылыми баға беру мақсатында ғалымдар мен кодиколог мамандардан Сарапшылар тобы құрылған.
«Архив – 2025» жобасын іске асыру жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары аясында 2024 жылдың аяғына дейін Әзербайжанның Ұлттық кітапханасы мен Ұлттық музейіне, Түркия Республикасының архивіне, Османлы архивіне, Топкапы сарайының архиві және кітапханасына, Сүлеймания қолжазбалар кітапханасына, Осман империясы дирекциясының архивіне, Өзбекстан Республикасының Ұлттық архивіне, Өзбекстан Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар архивіне, Әлішер Науаи атындағы Ұлттық кітапханасына ғылыми-іздестіру экспедицияларын жоспарлап отыр. Сонымен бірге, «Мәдениет және өнер саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерттеу және танымал ету, архив ісін жүзеге асырудың тиімділігін арттыру» бағытындағы мемлекеттік тапсырыспен стратегиялық әріптестікті іске асыру бойынша «Стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру қағидалары» бұйрығына сәйкес 3 жобаға конкурс жариялады», дейді комитет төрағасы.
Аталған жобалардың ішінде ТМД елдерінің мұрағаттарында Қазақстанның мәдениеті мен әдебиеті бойынша жаңа мұрағаттық материалдарды анықтау бойынша зерттеулер жүргізілетін «Қазақстандық жазушылардың зерттеу орталығының ТМД елдерінің мұрағаттарында жұмыс істеуі» жобасы бар. Жоба аясында тапсырысты орындаушы Қазақстан Жазушылар одағы ТМД елдерінің ішіндегі түркі мемлекеттерінің (Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзербайжан) қорларына ғылыми іссапарлар ұйымдастырмақ. Табылған материалдар шетелдік архивтер мен музейлерден, ғылыми орталықтар мен кітапханалардан, жоғары оқу орындарынан әкелінген тарихи-мәдени құжаттар мен қолжазбаларды, сирек кітаптарды, материалдарды зерттеу, ғылыми баға беру мақсатында құрылған Сарапшылар тобына ұсынылады.
ҒЖБМ Түркі мемлекеттерінің цифрлық кітапханасын құру іс-шараларының аясында ежелгі және ортағасырлық түркі жазба жәдігерлерін шетелдік архивтер мен музейлерден, ғылыми орталықтар мен кітапханалардан тауып, жүйелеу, зерделеу, сондай-ақ олардың электрондық базасын жасақтау мәселелерін іске асыру мақсатында бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға қажетті техникалық құжаттар әзірлеп, 2025-2027 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында пысықтау ұсынылып отыр.
Жол картасына сәйкес алдағы уақытта Сарапшылар тобы Жұмыс тобымен бірлесе жүйелеу, зерттеу әрі сараптама жұмыстарын іске асырады.
Жол картасының «Түркі мемлекеттерінің цифрлық кітапханасын құру» атты тармағында көрсетілген Түркі мемлекеттерінің цифрлық кітапханасын құруға арналған бюджеттік өтінім бойынша Ұлттық академиялық кітапханамен жұмыстар жүргізілді. Түркі мемлекеттерінің цифрлық кітапханасын Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасы аясында жүзеге асыру көзделгендіктен 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру аясында Бірыңғай автоматтандырылған кітапханалық ақпараттық жүйесін модернизациялауға қосымша бюджеттік өтінім берілді.
Бюджеттік өтінім қолдау тапқан жағдайда алдағы жылдары жоспарланған жұмыстар жүргізілетін болады. Атап айтқанда, электрондық каталогтің цифрлық нұсқасы 2025 жылы дайындалады деп күтіліп отыр.
Ұлттық академиялық кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергеннің айтуынша, жұмыс тобы қазір 2026 жылға дейін жоспарланған Жол картасы бойынша нақты детальдау бағытында еңбектеніп жатыр.
«Цифрлық кітапхана болғандықтан жүктелетін материалдардың сапасы мен санын, форматы, техникалық жұмыстарының нормалары мен уақытын талқылап жатырмыз. Казнебте дәл қазір «Түркітілдес елдердің цифрлық кітапханасы» ресурсы ашық, жоба осы платформадағы бар құжаттармен іске асып жатыр. Бұл бастама 2026 жылдан кейін де жалғасын табуы керек деп ойлаймын. Халықаралық кеңістікте қолжетімді болуы үшін автоматтандырылған жүйеде арнайы модуль құрастыру қажеттігін, сарапшылардан өткен құжаттарды жүктейтін мамандардың жұмысын әлі де талқылап жатырмыз», дейді Ғ.Құдайберген.
Сондай-ақ іс-шаралар жоспарының «Қарахандықтар мен Алтын Орда тұсында жазылған жәдігерлердің қолжазбаларын зерттеу, ортақ транскрипциясын жасау, электрондық басылымдарды дайындап, түркі мемлекеттерінің цифрлық кітапханасына енгізу» тармақшасы бойынша ҒЖБМ ақпарат күтіліп отыр.
«Қаржы министрлігінің жауабы негізінде Жол картасының 5-тармағын және 11-тармағын орындауға шығындар талап етілмейді деп көзделген. Дегенмен, шығындар қажет болған жағдайда Қаржы министрлігінің жауабы негізінде Министрлік пен ҒЖБМ 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасындағы шығындар арқылы пысықталады деп есептейміз», дейді Рустам Әли.
Ал жоспардың басқа тармақшалары бойынша жұмыстар 2025-2026 жылдар аралығында кезең-кезеңмен жүргізілмек. Мәселен, «Ақпараттық-имидждік жұмыстар» атты тармағы бойынша бүгінгі күні түркі мемлекеттерінің мұрасына қатысты құжаттар Түркі мемлекеттерінің цифрлық кітапханасы толық дайын болғанша Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасында орналасқан түркітілдес елдердің кітапханасы депозитарийіне жүктеліп жатыр. Бүгінде барлығы 550 құжат салынған.
Айта кетейік, іс-шаралар жоспарының басқа тармақшалары бойынша 2024-2026 жылдар бойына БАҚ-қа ақпараттар беріліп, имидждік жұмыстар жүргізіле береді.