Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Алғашқы заем берілді
Аталған бағдарлама аясында несие беру үшін «Отбасы банкі» Қазақстан қор биржасынан («KASE») 170,5 млрд теңге алды. Яғни 24 шілдеде «KASE»-де банктің әлеуметтік облигацияларының екі шығарылымын орналастыру бойынша мамандандырылған сауда-саттық өткізілген. Нәтижесінде, тұтынушыларға алғашқы 60 заем берілді. Қазір қоныстойын атап өтуге Астана, Семей, Шымкент, Алматы, Ақтөбе, Тараз және өзге де өңір тұрғындары дайындалып жатыр. Айта кетейік, бір облигацияның номиналды құны – 1000 теңге. Бұл ретте тартылған қаражат мөлшерлемесі сауда-саттықты өткізу қорытындысы бойынша айқындалып, 14,25%-ды құраған. Облигациялардың айналым мерзімі – 5 жыл. Купонды төлеу кезеңділігі – жылына 2 рет. Банк облигацияларын сатып алудың артықшылығы, бұл купондық сыйақы үшін салық салынбайды.
«Отбасы банктің» облигациялары әлеуметтік облигациялар мәртебесіне ие. Бұл қосымша опция олардың иелеріне ESG даму саясатын жүзеге асыру аясында айтарлықтай артықшылық береді. Сондай-ақ қор биржасында біздің облигацияларды сатып алған инвесторлар іс жүзінде «Наурыз» бағдарламасының қатысушылары болды. Олар ерекше мұқтаж азаматтардың санаттарына қолжетімді несие беру үшін қаражат түрінде қорландыру жасады деген сөз. Мен серіктестерімізге қосқан бұл үлестері үшін алғыс айтамын. Олардың қолдауының арқасында биыл 12 500 азамат қоныс тойын атап өтеді», деді «Отбасы банктің» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
«Наурыз» бағдарламасымен елімізде бірінші болып несие алып, өз пәтерінің кілтіне қол жеткізген тұтынушының бірі – Гүлмира Нұрпейісова. Төрт баланың анасы. Ауруханада жұмыс істейді. Көпбалалы отбасы бұған дейін ауылдағы ата-анасының үйінде тұрып келген. Қазір Семейден 2 бөлмелі, әрленген пәтер сатып алды. Несиені жылдық 7% мөлшерлемемен рәсімдеген.
«Біз сияқты үлкен отбасыға, әрине, жеке баспана қажет. 2016 жылы «Отбасы банктен» депозит ашып, қаражат жинадық. Салымды тезірек өсіру үшін жалақыдан ақшам бірден банктегі депозитіме аударылатындай етіп автотөлем орнаттым. Жинақталған қаражат пен отбасымның үлкен құрамы «Наурыз» бағдарламасымен қатысушылар тізіміне енуге көмектесті», дейді ол.
Бір кем дүние
Сарапшылар елдегі ипотекалық бағдарламалардың кейбір тұстары тиімсіз екенін айтады. Олардың сөзінше, ипотека қымбат, яғни тұрғын үйге алынған несие сомасы тым көп. Ал дамыған мемлекеттерде ең төменгі мөлшерлеме 2%-дан аспайды. Бізде мұндай жеңілдік тек «Бақытты отбасы» бағдарламасында ғана бар, оның өзінде ол барлығына қолжетімді емес.
«Мысалы, «Наурыз» бағдарламасын алайық. Ипотека сомасы 30 млн теңге деп көрсетілген. Жалпы мерзімі – 12 жыл, 6 ай. Бұл – осы пайыздық мөлшерлеме мен бастапқы жарнаға сәйкес максималды ипотека мерзімі. Есептейік. Бастапқы жарнасы – 20% немесе 6 млн теңге. Оның үстіне қосып төлейтіні –
22 834 000 теңге. Әрі қарай кеттік. Алдын ала тұрғын үй заемы 9%-бен 8 жылға жүрсе, бұның үстіне қосымша төлемі сол жылдарда 21 600 000 теңге болмақ. Сонда жалпы төлем – 302 703, соның ішінде 225 000 теңгесі ауаға кететін төлем болады. Қалған
77 703 теңгесі депозитті толтыруға кетеді. 8 жылдан соң депозитте 50% (15 млн) жиналады да клиент тұрғын үй заемына ауысады. Бұл 3,5%-бен 54 айды қамтиды. Сол уақытқа үстіне қосып төлеуі – 1 234 000 теңгені құрайды. Бұның төлемі – 300 630 теңге, соның ішінде негізгі борышқа 257 мың теңге қаражат кетеді. Ал пайыздық төлемі – 43 630 теңге», дейді тұрғын үй жөніндегі сарапшы Жасұлан Жетпіс.
Оның сөзінше, «Отбасы банктегі» кез келген займ басында не соңында болсын қалай болғанда да тұрғын үй заемына ауысу қажет. Ал оны алу үшін банктің 3 талабы бар:
- Депозитке үш жыл болуы;
- 50% қаржы жинақталуы;
- Бағалау көрсеткіші кем дегенде 16 коэффициент болуы қажет.
Бізде қандай да бір мемлекеттік бағдарламаға қатысушы тұрғын үй заемын бірден ала алмайды. Ипотека рәсімделеді, бірақ алдымен 8 жыл бойы банктің пайыздық борышын өтейді. Қалған шағын сома депозит қорына түсіп отырады.
Өңірлік жобалардың деңгейі қалай?
Бүгінде әр өңірге тиесілі ипотекалық бағдарламалар да бар. Мәселен, «Елорда жастары», «Алматы жастары» немесе «Сыр жастары». Олар мұндай жобаны «Отбасы банкпен» бірлесе отырып іске асырады және жобаға тек сол аймақтың тұрғындары қатысады.
7 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Алматы жастары» бағдарламасына 18 жастан бастап 34 жасқа дейінгі тұрақты тіркеуде тұрған алматылықтар қатысады. Бұл ретте жұбайының жасы ескерілмейді, сондай-ақ бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатысуға құқылы. Бағдарламаға қатысушының жұмыс өтілі соңғы 6 айдан кем болмауға тиіс. Оны міндетті зейнетақы аударымымен растау қажет. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған мүсінші, суретші, дизайнер және басқа да қатысушылар үшін, яғни жеке кәсіпкерлер үшін еңбек өтілі кемінде 1 жыл болуы керек.
«Алматы жастары» бағдарламасы 2017 жылы басталды. Осы уақыт аралығында 4 570 жас қоныс тойын тойлады. Статистикаға сай білім беру және денсаулық сақтау саласының мамандары ең көп несие алған. Қарыз алушылардың орташа жасы – 29 жас. Биыл бағдарламаны жүзеге асыруға 25 млрд теңге қарастырылды, оның 22 млрд теңгесі қалалық бюджеттен, 3 млрд теңгесі «Отбасы банктен» бөлінді. Бұл 1 200 алматылықтың баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді», дейді «Отбасы банк» АҚ Алматы қалалық филиалының директоры Данагүл Түсіпова.
Сарапшы Жасұлан Жетпістің айтуынша, аймақтық ипотекалық бағдарламаларда жұмыс істейтін басқа салалар бойынша кейбір шектеулер бар.
«Неліктен зауытта, өндірісте немесе құрылыста істейтін жас маман қолдау ала алмайды? Дұрысы, оларға 5% мөлшерлемесі, 13 жылға бастапқы жарнасы 10%, мейлі 20% болса да, 18 млн теңгеге дейін бірінші не екінші нарықтан алуға үй алуға тежеу болмаса екен. Екіншіден, тұрғын үйге кезекке тұрғандарды ғана мемлекеттік бағдарламаға қатыстыру шарты белгіленген. Бұрын олай емес еді. Кезекке тұрмаған азаматтар да мемлекеттік бағдарламаға қатысып, өз депозитін жақсы жинағандар үй алу мүмкіндігіне ие болатын. Бұны да қайта жандандыру керек», дейді.
Сондай-ақ сарапшы өңірлік бағдарламалардағы «өз қаласында тұрақты тіркеуде тұру керек» деген талапты да қайта қарау керек деп есептейді.