* Қазақ хандығы – 550
Австриялық дипломат Сигизмунд Герберштейн (1486-1566) Қасым билеген Қазақ хандығы туралы жазып, оның тұрғындарын «қазақ татарлар» («Cosatski») деп таниды.
1518 жылдың маусым айынан 1519 жылдың қаңтар айына дейін Мәскеуде елшілік сапармен болған италиялық Франческо Да-Колло мен Антони Де-Конти өз еліне қазақ жерлері жөнінде мәліметтер алып қайтты. Иранға, Қытайға және басқа да шығыс елдеріне сауда-саттық және дипломатиялық жұмыстарымен барып қайтқан неміс ғалымы және жазушысы Адам Олеарийдің (1635 ж.), голландиялық Ян Стрейстің (ХVII ғасырдың екінші жартысы), француз үкіметінің дипломатиялық агенті Де-ла-Невилльдің (1689 ж.), француз көпесі Жан Батист Таверньенің (ХVII ғасырдың 30-жылдары), швед елшілігінің хатшысы Энгельберт Кемпфердің (1683 ж.), голланд суретшісі Корнелий де Бруиннің жолжазбаларында қазақтар және олардың қоныстары туралы сан алуан тарихи және этнографиялық материалдар топтастырылған.
Әсіресе, 1664-1665 жылдары голланд елшілігі құрамында Мәскеуге келіп, оның шығыстағы аймақтары жөнінде материалдар жинастырған географ Н.К. Витсеннің 1692 жылы Амстердамда жарық көрген «Солтүстік және Шығыс Татария туралы» деген еңбегін ерекше атау керек. Кітапта Есім ханның, Тәуке ханның, Тұрсын мен Болат сұлтандардың, Сайрам, Түркістан, Созақ, Аққорған, Икан, Сауран, Отырар секілді қалалардың аттары аталады. Түркістан қаласында ұзындығы жиырма бес сажын ғимарат бар, ол «Астана» деп аталады; Астананың ішінде жүзден астам баспана орналасқан; олардың біреуінде адам бойындай қазан тұр; Астанада Әзірет-қожа деген қасиетті адамның бейіті бар деп жазады автор (Оқырман не туралы, кім туралы айтылып отырғанын білетін шығар).
Голландиялық жазушының мәліметтері бойынша Қазақ хандығы Тәуке хан тұсында бір орталыққа бағынған, саяси жағынан нығайған мемлекет болған, хандықтың тек Сыр бойындағы қалаларының саны отыз екіге жуықтаған. Қазақтар туралы сыңаржақ пікірлер таратушыларға швед авторы Иоганн Табберт фон Страленбергтің 1738 жылы Лондонда жарық көрген «Еуропа мен Азияның солтүстік және шығыс бөліктерінің тарихи-географиялық сипаттамасы» атты кітабын парақтап шықса, біраз пайдасы тиер еді.
Ф. Страленберг Қазақ хандығын Қазақ Ордасы («Kosachi Hordaе») деп атап, қазақтардың көне мәдениеті бар халық екендігіне деректер келтіреді. Олардың ішінен автор «жұмбақ жазуларды» (Орхон-Енисей жазуларын), Солтүстік және Оңтүстік Қазақстандағы ескерткіштерді, әсіресе, Ұлытау шыңдарының біріндегі петроглифтерді, Ертіс пен Есіл өзендері жазығындағы көне мазарлар мен қорғандарды атайды.
Қазақ мемлекеттілігін зерттеуде бұрмалаушылықтарға ұшырап келе жатқан тақырыптардың бірі – қазақ дәстүрлі қоғамының саяси жүйесі.
Қазақ қоғамында билік жүргізу бірнеше деңгейде жүзеге асырылды. Көшпелілердің синкреттік дүниетанымына орай орныққан биліктік жүйе мемлекеттік атрибуттардың бәрін қамтыды. Ең жоғары билік жүргізу құқы Шыңғыс хан ұрпақтарының әлеуметтік-корпоративтік тобынан сайланатын ханға тиесілі болды.
Хандық биліктің негізгі функцияларына экономикадан тыс қайшылықтарды реттеу, ру-тайпалар арасындағы келіспеушіліктерді шешу, әскери-саяси және сот қызметтері жатты. Қазақтарда хан билігінің басты функциясы – халықты сыртқы шапқыншылықтардан қорғау, ел мен жердің тұтастығын сақтау болды.
Қазақ қоғамындағы аға хан институтына қазақ жүздері арасындағы бірлікті нығайту, тұтас қазақ жұртына қатысты мәселелерді реттеп отыру міндеті жүктелді. Қайсыбір деректерде Қазақ хандығының Тәуке ханнан кейінгі билеушісі Қайып Мұхамбет болған (Казахско-русские отношения. Вып. 1. Док. 15. С. 18). 1718 жылдың көктемінде Әбілқайыр ханның «Қайып ханның тапсырмасымен соғысуға дайын екендігі» (Памятник Сибирской истории ХVIII века. Т. ІІ. С. 160) жөніндегі мәлімдемесі де Қайыптың бас хан болғандығын растайды. Кейін бұл дәрежеге Әбілқайыр, Абылай қол жеткізеді. Хан билігінің дискреттік сипатта болғандығы, Қазақстанның саяси жүйесіндегі түрлі билік субъектілерінің арасында қатаң вертикальды тәуелділіктің орын алмағандығы жөніндегі пайымдаулар орталық биліктің әлсіздігі секілді, қысқаша айтқанда, Қазақ хандығының мемлекеттілік болмысының пісіп-жетілмегендігі туралы идеяға қосымша қолдау табу ниетінен, қазақ мемлекеттілігінің өзіндік ерекшеліктерін ескермеуден, мәселені отырықшы-егіншілікті мемлекеттерге тән биліктік жүйе негізінде қарастырудан туындайды.
Қоғамдық санада хан билігі мемлекеттіліктің, қоғамды ұйымдастыру ісіндегі тарихи сабақтастықтың символы, қауіпсіздік пен игіліктің нышаны ретінде қабылданды. Бұл – сонау Түрік қағанаты заманынан бері келе жатқан хан мен халық тұтастығының бір көрінісі болатын.
Хан бірден-бір билік иесі болған емес. Жоғарғы сюзерен ретіндегі оған хандықта билік жүргізуді қарауындағы ұлыстар мен тайпалық бірлестіктерді билейтін сұлтандармен және билермен бөлісуге тура келді. Жалпы мемлекеттік сипаттағы мәселелерді шешу үшін құрылтай (халық жиналысы) шақырылды. Тарихта Қарақұмдағы халық құрылтайы, Ордабасы құрылтайы белгілі. Орыс дереккөздерінде құрылтай «съезд» деп аталды. ХІХ ғасырдың орта кезінде қазақтар өмірімен танысқан бір орыс көпесі: «Көне заманнан қырғыздарда орыс бодандығына өтуіне дейін көп адамдар қатынасқан съездер болды» деп жазды (Записки саратовского купца Я.П. Жаркова о киргизах. 1852 г. / Путевые дневники российских чиновников и исследователей о казахской степи ХVIII – середины ХІХ века. Сб.док. и материалов / Сост. И.В. Ерофеева и др. Астана, 2012. С. 599).
Құрылтайда хан сайлау, жау шапқыншылығына қарсы күрес, шет елмен бітімге келу, т.б. бүкіл қазақ халқының тағдырына қатысты мәселелер талқыланды.
М.Х. Дулати «Тарих-и Рашидиде» Күлтөбені Моғолстанның әйгілі аймағы деп жазады. Күлтөбе басында ел бірлігі мен оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты қиын-қыстау кезеңдерде халық жиналысы бірнеше рет өткізілгенге ұқсайды. Бірақ онда қабылданған шешімді ханның бұлжытпастан орындау қажеттілігі қағидатты ешбір өзгеріске ұшырамады.
Хандық билік және оның статусы мен функциялары, сұлтандар және билермен қарым-қатынасы, хандық биліктің пәрменділігі мен беріктігі секілді мәселелер шығыс авторларының шығармаларында кеңінен зерттелді.
Дәстүрлі қазақ қоғамының ең ықпалды саяси күшін, ханнан кейін, сұлтандар немесе төрелер құрады. Шыңғыс хан әулетінен тарағандардың барлығы сұлтандар аталып, олар, Шыңғыс ханның қай бұтағына жатса да, хан тағынан үміткер болды.
Қазақтар далалық мемлекеттілік дәстүрлерді сақтай отырып, сұлтандардың жеке ұлыстарды басқару құқын да қабылдады. Олардың саяси құқықтарына жалпы мемлекеттік басқаруға, жергілікті (яғни, ұлысты) басқаруға қатысу жатты. Ұлысты басқару сұлтандарға оның халқының үстінен әскери-саяси билік жүргізуге мүмкіндік тудырды. Ұлыстық сұлтандарға соғыс кезінде жасақ құрып, оған қолбасылық ету құқы берілді.
Марта Олкотт: «Қазақтарда екі сатылы әкімшілік құрылым болды: хандар мен сұлтандар аристократиясы рулық қағидатқа негізделген әкімшілік жүйесінен биік тұрды», – деп жазады. Алайда, америкалық профессордың пікірі үстіртіндеу секілді. Ол қазақ қоғамындағы билер институтының орны мен рөлін жеткілікті түсінбеушіліктен туындайды.
Дәстүрлі қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік жүйесіндегі демократиялық биліктің маңызды буыны – би халық түсінігінде: сот, төреші; батагөй, шешен; бітістіруші дипломат, елші ретінде ұғынылды. Би, «Жеті Жарғы» бойынша, өзіне бағынышты ру-тайпа шегінде сот және әкімшілік билік (ханмен қатар) жүргізді. Өз қауымының тұрмыс-тіршілігін қадағалап, тәртіп пен тыныштықтың бұзылмауына жауапты болды. Осылайша, билер билеуші хандардың халық арасындағы сенімді тірегіне айналып, сұлтандармен тең құқылы дәрежеде мемлекеттік мәселелерді талқылауға қатысты.
Қазақтарда билер, атқаратын жұмысына, лауазымына, беделіне, адами қасиеттеріне орай, ата би, төбе би, қатар би, жеке би, төтен би, бала би болып бөлінген.
Билер институты мемлекеттің саяси және әлеуметтік құрылымын тек қана ғұрыптық құқық емес, сол сияқты рухани-мәдени салт-дәстүр негізінде де ұштастыра әрі теңдестіре отырып қамтамасыз етуді көздеген бірден-бір құрылым болды. Оның үстіне ол мемлекеттік басқару жүйесімен тығыз астаса отырып, халық пен билеуші топтардың белгілі бір әлеуметтік-саяси құндылықтар төңірегінде топтасуына ықпал етті (Оразбаева А. Қазақ хандығындағы билер институтының генезисі мен тарихи эволюциясы / Саясат. 1997. 107-б.).
Билер институты көшпелілер қоғамында бұрыннан да белгілі болды. Қазақ қоғамында ежелгі құқықтық реттеу формаларының бірі ретінде билер соты жұмыс істеді. Оны көне замандардағы хандық басқару жүйесінің тайпа көсемдеріне сүйену арқылы мемлекет ішіндегі тәртіп пен реттілікті нығайтуға бағытталған ұмтылысы нәтижесінде өмірге келген далалық демократияның классикалық үлгісі деуге болады.
Қазақ қоғамында сот төрелігі мемлекеттік басқару иерархиясындағы жоғарғы буын-хандық билікпен теңдес, кейде одан биік деңгейде тұрды. Билер соты жергілікті мәндегі дау-дамайды, қылмыстық және азаматтық істерді қараған. Билер сотының шешімдеріне көңілі толмаған, әділдігіне сенбеген дауласушы тарап өзге билерге немесе төбе би төрелігіне жүгінуге құқылы болған.
Ал төбе би дәстүрлі қазақ қоғамында арбитр қызметін атқарған (Кенжалиев З. Көшпелі қазақ қоғамындағы дәстүрлі құқықтық мәдениет. А., 1997; Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 2-том. А., 1999).
Дәстүрлі қазақ қоғамында Еуропа елдерінің парламентімен деңгейлес институт – билер кеңесі болды. Ол жылдың бір мезгілінде, әдетте ел жайлауға көшіп болған соң (ал кейбір авторлар күз айларының бірінде дейді) өткізілген, оған хан, сұлтандар, үш жүздің елге сыйлы, «қара қылды қақ жаратын» әділдігімен танылған билері, батырлар мен қожалар қатысқан. Билер кеңесінде мемлекеттік маңызы бар мәселелер талқыланып, тиісті шешімдер алынған. Билер шешімдерін ешкім бұза алмаған, хан да, қара да оны орындауға міндетті болған. Тәуке хан қалыптастырған осы демократиялық-құқықтық қағиданы кейінгі қазақ хандары қатаң ұстанған. Ал билер кеңесінің Ресеймен тек бейбіт келісімге келу жөніндегі ұйғарымын бұзып, өз дегенімен Ресей бодандығын (мейлі, тіпті, протекторат-ақ болсын) қабылдау жөніндегі Әбілқайыр ханның қадамы халық тарапынан қатты қарсылыққа ұшырады. Қазақтардың Әбілқайырдан сырт айналғаны соншалық, 1736 жылы оның ордасына келген ағылшын суретшісі Джон Кэстль: «Хан өз қол астындағылармен аса бір үлкен сақтықпен араласуға мәжбүр, сондықтан жеке басына көрсетіп отырған олардың тұрпайылығын айтып, менің сөге жамандауымды сұрады» деп жазады өз «Күнделігінде» (Джон Кэстль. 1736 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырға барып қайтқан сапар туралы. Алматы, 1996. 22-23-б.).
Билер кеңесінің шешімдері хан беделінен жоғары қойылғанымен, орталықтандырылған билік пен басқару ісіне қайшы келмеді (С. Өзбекұлы).
Сонау ғұндар заманы, Түрік қағанаты кезеңдерінен бері келе жатқан мемлекеттік атрибуттар мен басқару институттары Қазақ хандығында сол күйінде, өзгерместен қабылданды деу қателік болар еді. Қазақ қоғамы мемлекеттілік дәстүр сабақтастығын жалғастыра отырып, оны өзінің өмір сүру жағдайына орай дамытты. Әсіресе, ХVIII ғасырда сыртқы күштердің ел егемендігіне байланысты және қоғам өмірінде отырықшылықты – егіншілікті өңірлер рөлінің артуын ескере отырып, аға ханды салтанатты түрде сайлау тәртібі және оған өзгеріс енгізу нормалары қабылданады. Оны Абылайды сайлауға үш жүздің хандары, сұлтандары, билері және басқа да ықпалды адамдарымен бірге, тұңғыш рет Оңтүстік Қазақстан қалаларының өкілдері қатысуынан көреміз.
Абылай (1771-1780) отырықшы халықтарға қоса, көшпелілерден де салық жинай бастайды. Мемлекеттілік билікті күшейту шаралары қолға алынады. Абылай төлеңгіттерден тікелей өзіне ғана бағынатын жеке гвардия құрады. Хан өкілеттілігі кеңейтіледі.
Төрелер өкілеттігін шектеу мәселесі де алға қойылды. Төле би ханға, қандай қиыншылық болса да, оны көтеретін төрелер емес, халық екендігін айтып, «Қабырғадан қар жауса, атан менен нарға күш; Ел шетіне жау келсе, батырлар мен биге күш», – дейді. Әйтеке бидің 1698-1699 жылдары Түркістанда өткен жиында Ресейдің, Қытайдың, не басқа елдердің көмегі түбінде опа бермейтіні, оның орнына әскери дайындықтан өткен тұрақты жасақ ұстап, оған керекті қаражатты төрелер мен ауқатты адамдардан жинауды ұсынады. Ұсынысты Төле би мен Қазыбек би де қолдайды (Билер институты жөнінде: Оразбаева А. Дәстүрлі қазақ қоғамына тән билер институты. Алматы, 2004).
Мұның өзі қазақ мемлекеттілігінің түбірлі саяси-әкімшілік реформалардың алдында тұрғанын, оның өзгеріске, прогрессивті дамуға қабілеттілігін көрсетеді.
«Қырғыз – қайсақтардың саяси және әлеуметтік қатынастарын» зерттеген неміс ғалымы Франц Шварц: «Қырғыз-қайсақтарда, дворяндармен қатар, жай халықтан шықса да, құрмет тұту жағынан атақты ақсүйектерден жоғары тұрған адамдар бар. Олар – жорықтар кезінде ерлігімен және айла-тәсілмен ерекше көзге түскендер, яғни батырлар», – дейді (Шварц Ф. Туркестан – ветка индогерманских народов / Немецкие исследователи в Казахстане. Ч.І. Пер.с нем. Алматы, 2006. С. 180).
Отандық тарихнамада батырлар институты, оның дәстүрлі қазақ қоғамындағы орны, батырлардың әлеуметтік категория ретінде қалыптасуы біршама зерттелген. Батырлардың дәстүрлі функциясы – елді сыртқы шапқыншылықтан қорғау. Америкалық дипломат Ю.Скайлер: «Ерен ерлікті, елдік пен тәуелсіздікті жоғары ұстаған қырғыздар қай кезеңде де, Сырым, Арынғазы немесе Кенесары сияқты дала төсінде атқа қонған батырлар туы астында жиналуға дайын тұратын», – деп жазды (SchuyІer E. Turkistan. Notes of a journey in Russian Turkistan, Khokand, Buchara and KuІdja. VoІ. I. Іondon, 1876. P. 34).
Батыс авторлары Қазақ хандығындағы билік бөлінісінің дәстүрлі қазақ қоғамының өмір сүру және даму ерекшеліктеріне байланысты екендігін, қайта қоғамды тұрақтандыруға, нығайтуға бағытталғандығын ескере бермейді. Себебі, сан ғасырлар тарихы бар көшпелілік, өзіндік өркениет ретінде, абсолюттік жүйені, ешқандай шектеу қойылмаған билікке ұмтылушылық үрдісін қабылдамады. Хан мен халық арасындағы билік тепе-теңдігінің сақталуы көшпелі қоғамның дамуына қолайлы жағдайлар тудырды.
Қазақ мемлекеттілігі функцияларының жүзеге асырылуы негізінен әдеттік ғұрыптар басым түрлі құқықтық нормалар жүйесімен реттеліп отырылды.
Түркі халықтарының сан ғасырлық құқықтық нормалар жүйесі Тәуке ханның 1680-жылдары Күлтөбеде хан кеңесін шақырып, жеті би атсалысып құрастырған қазақтардың «Жеті Жарғы» атты ата заңында жүйеленді. А.И.Левшин: «Билердің ертеден келе жатқан Қасым хан мен Есім хан тұсындағы әдеттік-құқық жүйелері «Жеті Жарғы» заңында жинастырылды», – деп жазады.
Қазақ құқығы өз бастауын ХІІІ ғасырда өмір сүрген үйсін Майқы биден алады. «Жеті Жарғы» ережелер жинағында бұрыннан басшылыққа алынып келе жатқан «Қасым ханның қасқа жолындағы», Хақназардың «Ақ жолындағы» «Есім ханның ескі жолындағы» жосықтар ғана емес, «Ұлы Жасақтың» да кейбір баптары пайдаланылады. Бірақ соңғылары қазақ халқының тұрмыс-салтына, әлеуметтік-экономикалық жағдайына орай бейімделіп алынды.
«Жеті Жарғы», Моңғол империясы немесе Алтын Ордадағы секілді, жоғарыдан түсірілген құқық емес, құқықтық әдет-ғұрыпты жаңа саяси жағдайға бейімдеудің нәтижесі болды. Мұны неміс ғалымы Г. Дёрфердің көшпелілердегі моңғолдық және түркілік элементтерді зерттеуге арналған еңбегінен айқын көруге болады (Doerfer G. Türkische and mongoІischen elements im neufersischen. Bd. I. Wiesbaden, 1963. S. 264-265).
Ғұлама ғалым С. Зимановтың сөзімен айтқанда, қазақ құқығының ерекшелігі – оның көшпелі мәдениет шеңберінде туып, сол дәуірдің ең құнды сипатын иеленуінде.
«Жеті Жарғыда» әдеттік құқықтың басымдылығы қазақ халқының басын біріктіріп, Қазақ хандығының нығаюына жұмыс істеді. Ә.Бөкейхановтың: «Көшпелі және отырықшы өмір сүрген қарғатамырлы қазақтарды «әдет заңы» ортақ тәртіпке шақырды, өз таңбасы, өз ұрандары бар тайпаларды «алаш» ұраны ел басына күн туғанда бір тудың астына біріктірді» деген сөзінде осы тарихи шындық жатыр (Туземец [Ә. Бөкейханов]. Женщина по киргизской былине Кобланды / Туркестанские ведомости. 1899. №35. С. 208-209).
«Жеті Жарғы» – Тәуке хан тұсында қоғам өмірінің сан-саласын қамтыған, Қазақ хандығының, ел-жұртының тұтастығы мен бірлігін қамтамасыз етуге бағытталған конституциялық құжат болды.
Қазақ хандығының этностық негізінің нығаюында ислам діні маңызды рөл атқарды. Сыртқы күштерге қарсы күресте діни идеология халықты жұмылдырушы, интеграциялық процесті жеделдетуші күш болды. Қазақ хандарының бір дінге сенуі және бәрі бірдей ислам дінінің сопылық бағытын ұстанып, далалық исламның негізін қалауы қоғам мен мемлекетке ерекше ықпалын тигізді, рухани жікшілдікке тосқауыл қойды. Парсы ғалымы Меһди Санаи Қожа Ахмет Ясауидің қазақ халқының қалыптасуындағы рөлін жоғары бағалап, ол «Қазақстан үшін ұлттық және исламдық жағынан өзін-өзі тану құралы әрі халық мақтанышы болды» деп көрсетеді (Mehди Caнaи. Иассауи тариқаты – Қазақ әдебиеті. 1998. 17 шілде).
Ислам діні, Қазақ хандығының мемлекеттік діні ретінде, ішкі және сыртқы саясатының доктринасына айналды. Қазақтардың бүкіл қоғамдық-саяси және мәдени өмірі Шариаттың басымдық рөлімен сипатталды. Қазақ заңдарының құқықтық дереккөздерінің бірін ислам діні құрай бастайды. Қорыта айтқанда, Қазақ хандығы исламдық мемлекет ретінде қалыптасады.
Шариаттың мемлекет өмірінде берік орын алуымен халықтың әдет-ғұрпында, мәдени дамуында соны өзгерістер, елеулі алға басушылық орын алады (Нуртазина Н. Ислам и эволюция государственности в Казахстане / Отан тарихы. 2006. № 1.).
Қазақ хандығының экономикасын тек көшпелі мал шаруашылығымен ғана сипаттап, осыдан барып «қазақтарда мемлекет болмады» деу ешқандай тарихи құжаттармен расталмайды. Еуразия кеңістігінің тұрғындары, олардың ішінде Қазақ хандығы халқын құрағандар ежелден, мал шаруашылығына қоса, егіншілікпен шұғылданып, кен қорытқан, қолөнер кәсібімен айналысқан. Мұны Еділдің төменгі жағы мен Жайық бойында, Сырдария, Талас, Жетісу өңірінде, Орталық Қазақстанда, Алтай тауының қойнауларында жиі кездесетін тарихи ескерткіштер айқын дәлелдейді.
Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен генезисінде отырықшылық мәдениет пен ежелгі және орта ғасырлар кезіндегі қалалардың рөлі ерекше болды. Осы орайда А.И.Левшиннің мына сөздері ойға оралады: «Один бухарец, часто посещавший Оренбург и слывший человеком ученым, рассказывал нам, будто бы в древние времена берега Сыра и Аральского моря были столь населены, «что кошка могла прийти из Туркестана в Хиву, перебегая с одной крыши на другую» (Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей. Алматы, 1996. С. 111).
Бүгінгі Қазақстан аумағын мекендеген мемлекеттердегі көшпелілік және отырықшылық симбиозы әсіресе, қарахандар тұсында айрықша көрінді (Қараңыз: Прицак О. Караханиды / Ислам. ХХХІ. 1951. С. 21-23; Байпаков К.М. Средневековая городская культура Южного Казахстана и Семиречья. А.꞊А., 1986; Пищулина К.А. Присырдарьинские города и их значение в истории Казахских ханств в ХV-ХVII вв. / Казахстан в ХV-ХVIII веках. А.-А., 1969).
Х ғасырдағы ғалым-географ әл-Макдиси өзінің «Китаб әл-бәд ва-тарих» («Дүниенің басталуы мен тарихы жөніндегі кітап») атты энциклопедиялық шығармасында қазіргі Қазақстан аумағында орналасқан ондаған қала тізімін келтіреді. Олар қолөнер өндірісі мен зат айырбасына, сауданың дамуына байланысты пайда болып қалыптасады.
Созақ, Сығанақ, Отырар, Түркістан, Сауран, Қойлық, Талғар (Тальхиз), Тараз, Аркук және т.б. ортағасырлық қалалардың ірі сауда, қолөнер және саяси, мәдени орталықтар болғандығы шығыс дереккөздерінде айтылып, археологиялық жәдігерлермен нақтыланып отыр.
Бір ғана Алтын Ордада 110 қала болғандығы, оның 21-інде ақша соғылғандығы анықталды. Бұлардың саны жыл санап артып келеді. 2001 жылы Орал қаласының түбінен, Шағанның Жайыққа құяр сағасындағы қырқасының мүйісінен ХІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІV ғасыр кезеңінде өмір сүрген қаланың орны табылды.
Отырықшы өңірлерді, қала тұрғындарын былай қойғанда, көшпелілердің өздері де кейбір дәнді дақылдар өсірумен шұғылданған. Батыс дипломаты Иософат Барбаро Дешті-Қыпшақ тұрғындарының егін шаруашылығымен айналысатынын өз көзімен көреді (Барбаро и Контарини о России. К истории итало-русских связей в ХV в. Ленинград, 1971).
Сырдария өңірі дамыған егіншілік пен сауданың, қолөнер мен мәдениет орталығы болды. Сырдария бойындағы қалалардың әлеуметтік-экономикалық және саяси маңызы, Қазақ хандығының тарихындағы рөлі В.В.Бартольд, А.Н.Бернштам, А.Х.Марғұлан, К.А.Пищулина тарапынан жан-жақты зерттелді. Тобылдық боярин С.Салтыковпен бірге Тәуке ханға барып қайтқан орыс елшісі В.Кобяков Сібір приказына былай деп хабарлайды: «А города у них, Тевкехана, все сделаны из сырого кирпича... А всего их, воинских людей, будет с 20 000 человек, которые кочуют по Сыру реке... А хлеб у Тевкихана родитца многое число, пшеница и ячмень и проса...» (Расспросные речи в Сибирском приказе казака Василия Кобякова о пребывании его в Туркестане / Дополнения к актам историческим. Т. Х. 1867. Док. № 80, ХІV. С. 389-390).
ХVI-ХVІІ ғасырларда Ясы (Түркістан) қаласы үлкен егіншілікті аумақтың орталығына айналады. Ибн Рузбихан Ясыны «Түркістан билеушілерінің астанасы» деп атайды. Бұл өңір дәнді дақылдармен және басқа да азық-түлікпен өз халқын ғана емес, басқаларды да қамтамасыз етеді. Түркістанда Дешті Қыпшақтың, Мәуреннахр және Қытайдан келетін сауда жолдары тоғысады.
Шығыс дереккөздерінде Ясы қаласының төңірегінде орналасқан Икан, Карнак, Карачук және т.б. елді мекендер аталады.
Қазақ хандығының түпкілікті астанасы болуынан бастап Түркістан Сырдария өңірінің саяси, мәдени ғана емес, мұсылмандық орталығына айналды.
Отырықшылық Жетісу өңірінің біраз аумағын қамтиды. Қазақтардың мұнда моғол хандығының тұсында тұрақты жайлау, қыстаулары болған. Қазақ қыстаулары бүкіл Сырдария өзенінің бойын алып жатады (Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани. Михман наме йи Бухара (Записки Бухарского гостя. Перевод, предисловие и примечание Р.П. Джалиловой, М. 1976. С. 94, 31).
Қазақтардың көшпеліліктен гөрі, жартылай отырықшы болғандығын Қасым ханның (ХVI ғ.) моғол ханы Сеид ханға айтқан мына сөздерінен-ақ байқауға болады: «Қыс болса жақындап келеді, біз, дала өңірінің тұрғындары, бұл кезде қыстау мәселесінің қамын ойластыруымыз керек» (Материалы по истории казахских ханств ХV-ХVІІІ веков. А.-А., 1969. С. 227).
Көшім ЕСМАҒАМБЕТОВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор.
(Жалғасы бар).