Тарих • 02 Тамыз, 2024

Шығыстық таным

52 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шығыстық таным – құпия таным, шытырман әлем. Дымыңды құртқан арудай, көз арбаған кеңістіктей. Ішіне ене бересің, ене бересің…Шығыстық таным – құпия таным, шытырман әлем. Дымыңды құртқан арудай, көз арбаған кеңістіктей. Ішіне ене бересің, ене бересің…«Ақылмен хауас барлығын, Білмей-дүр, жүрек сезе-дүр». Хауас деген не?»

Шығыстық таным

Абай шығармаларында хауас сөзі үш жерде, үш түрде кезігеді: Хауаси хамса заһири, хауас сәлим, хауас. Хауаси хамса заһири – сыртқы бес сезім мүшесі. Көру, есту, ұстап білу, дәмін тату, иіс арқылы сезу. Хауас сәлим – осы сезімнің былғанбаған, табиғи таза түрі.

Хауастың бірінші ма­ғынасы – ішкі бес сезім мен сыртқы бес сезімнің қосындысы, екінші мағынасы – Алланың сегіз сипатының қосындысы, үшіншісі – хауас деп хакім Жаратушының өзін айтады», дейді абайтанушы Мекемтас Мырзахмет.

Яғни бұл екі қатар арқы­лы Жарату­шыны ақылмен емес, жүрекпен сезіну арқы­лы те­рең біле алатынымызды мең­зейді. Содан да бір өле­ңінде:

«Ақылмен ойлап білген сөз,

Бойға жұқпас сырғанар,

Ынталы жүрек сезген сөз,

Бар тамырды қуалар»,

дейді.

Шын мәнінде, біз кеңестік сана жадымызға енгізген еуроцентристік, затшылдық ұғымдардан, дүниенің кө­рінген сырларына бәйге жариялаудан әлі күнге арыла алмай келеміз. Өткен ғасырда шығыстық таным жабылып, Шығыс ақындарының аудармасын «көп ұйықтама, әйтпесе шашың ұйпа-тұйпа болады» деген сыңайлы күлкілі дидактикамен аударылғаны мәлім. «Абайдың Батысынан Шығысы басым» деген ақиқат сөзі үшін Мұхтар Әуезов қатаң цензураға іліккен болатын. Ақыры заңғар жазушы «Шығыс деп, орыстың қарт классиктерін айтып отырмын» деп маневр жасап құ­тылуға мәжбүр болды. Егер біз Абайды танығымыз келсе, алдымен Шығысына, Әл-Фарабиге көбірек үңілгеніміз жөн.

Абыз Әбіш айтқандай, шығарма­шылық дегеніміз – үздіксіз ашудан тұрса керек. Ал қазақ баласы үшін ендігі ашылар зәулім құрлық – Шығыс болса керек.