Еңбек • 06 Тамыз, 2024

Қаратұрықтың тәтті алмасы

133 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қара жолдың бойында жатқан Қаратұрық ауылдық округіндегі 6 елді мекенде 13 мыңнан аса адам тіршілік етеді. Негізгі кәсіптері – мал шаруашылығы. Десе де кейінгі жылдары жеке кәсіптің кілтін тауып, несібесін молайтып отырғандар қатары еселеп артқан. Соның нәтижесінде биылға арналған салық жоспары 59 млн 447 мың теңге болса, бүгінде округ бюджетіне 57 млн 910 мың теңге түсіп, жылдық болжамның 97 пайызы орындалған.

Қаратұрықтың тәтті алмасы

«Округімізде кәсіпкерлік субьектілеріне қолдау көрсету мақсатында шағын және орта бизнеске қолайлы жағдай жасалған. Қазір округте 101 шағын және орта бизнес субьектісі тіркелген. Оның 97-сі тұрақты жұмыс істеп, 212 адам жұмыспен қамтылды. «Кә­сіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағ­дарламасы» аясында жұмысқа орналасқан азаматтар саны 48 адамды, яғни 22 пайызды құрады. Ауыл азаматтарын жұмыспен қамту жалғасын таба береді», дейді Қаратұрық ауылдық окру­гінің әкімі Айбек Ілебаев.

Уақыт көшінен қалмай, жаңа­шылдыққа ұмтылуды ұмытпаған округ тұрғындары кәсіп теті­гін таба білу арқылы тір­шіліктерін түрлендіре түскен. Соның нәти­же­сінде округ аумағында 56 азық-түлік, тұр­мыстық, 3 құрылыс дүкені, 4 сұ­лулық салоны, 3 кө­лік жөндеу орталығы және 1 спли­терлік кірпіш шығаратын кәсіпорын ашылып, күнделікті тұрмыс-тіршілікке қажетті затты алыстан іздемей, ауылдан та­уып, тұрмыстарын жандандырып жатыр. Аталған нысандарда 138 адам жұмыс істейді. Биылғы жартыжылдықта кәсіпкер саны­ның артуына округтегі «Бекет» сауда орталығының ашылуы айрықша әсер еткен. Себебі атал­ған сауда орталығында 41 жеке кәсіпкерге орын ұсынылған.

смп

Жеке кәсіп ашамын деген ынталы азаматқа «Ауыл аманатының» тигізер көмегі көп. Былтырдан бері 54 азамат жеке құжатын тапсырып, қазір 33 жеке кәсіп иесі 224 млн 400 мың теңге көлемінде 2,5 пайыздық несиеге қолжеткізіп, мал өсіріп, бақша егуді бастап кеткен. Биыл 21 кәсіпкердің құжаты рәсімделіп жатыр екен.

Ауыл тұрғындарын маусым­дық және тұрақты жұмыспен қамтып отырған 518 шаруа қо­жалығы жұмыс істейді. Аталған шаруа қожалықтары шамамен мыңға жуық тұрғынды жұ­мыспен қамтып отыр. Шаруа қожа­лықтары негізінен өсімдік шаруашылығы және мал өсіру­мен айналысады.

«Округіміз тау бөктеріне жақын орналасқандықтан, таби­ғи-климаттық жағдайы бақ өсіруге қолайлы. Кейінгі он жыл ішінде жалпы сомасы 8,7 млрд теңге инвестиция тарту арқылы интенсивті жеміс бақтарының көлемі осы күні 692 гектарға жетті. Бұл бақтардың барлығы тамшылатып суару әдісін қол­да­нады. Тамшылатып суару әдісін бұлардан бөлек 100 гек­тар жері бар «Егемен-2024» өндірістік кооперативі, 40 гектарды алып жатқан «Баттал» шаруа қожалығы, сондай ақ 250 гектар жерге спринглер құрылғысын орнатуды биыл қолға алған «Абди Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі пайдаланып жатыр», дейді ауыл әкімі Айбек Ілебаев.

Ол округ бойынша ауыл ша­руашылығы құрылымдары­ның инвестиция көлемі биылғы жар­тыжылдықта 1 млрд 514 млн­ теңгені құрағанын алға тартты. Инвестицияның қомақты көлемін, яғни 1 млрд 314 млн теңгені «Абди Агро» ЖШС тартып отыр. Аталған шаруашылық 1 000 басқа арналған мал бор­дақылау кешені құрылысын салуды бас­тап кеткен. Сондай-ақ «Сады Умай» ЖШС қаз өсіру фермасын аяқтап, ендігі кезекте алма бағын отырғызуға күш салып жатыр.

Ал «Риччарден» ЖШС алма бақ өсіруде өзгеге үлгі болып, алманың жоғары сапалы 7 түрін жайқалтып өсіріп отыр. Алма бақтың төбесі түгелдей арнайы тормен жабылған.

«Ол жеміс ағаштарын бұршақ ұрудан, құстан қорғайды. Шаруа­шылыққа тамшылатып суару технологиясы енгізілген. Алманың голден делишес, айдарлет, ред делишес, гренни смит, фуджи, гала, мельба сынды танымал сорттарын күтіп-баптап өсіреміз. Жеміс жинау науқанында жұмысшылар саны 30-ға жуықтайды. Негізі 14 адам еңбек етеді. Техникамыз да жеткілікті. Жоғары сапалы өнімдерімізге көршілес Ресей мемлекетінен сұраныс түседі. Ал басым бөлігі еліміздің барлық аймағының сауда нүктелеріне таратылады. Бақ аумағында сыйымдылығы 400 тонналық алма сақтайтын қоймамыз бар», дейді алма бақтың меңгерушісі Садыржан Якупов.

2013 жылдан бастап бос жатқан жайылымдық жерге Италия, Германия технологиясына негіздеп алма көшеттерін отырғызған шаруашылық ал­ғашқы 5 жылда шетел мамандарымен бірлесе жұмыс істеген. Соның нәтижесінде жоғары сапалы мол өнім алуға қол жеткізген.

Шаруашылық қарамағындағы 50 гектардың 21 гектарына алма, қалған жерге абрикос пен қара өрік өсіріп отыр. Алма бақта 2 мың текше метрлік су жинайтын бассейн де бар. Тәулігіне бір мәрте суарып, уақтылы дәрумен қосып отырады. Былтыр әр гектардан 30-35 тоннадан өнім алған. Ал биылғы көктемгі үсік салдарынан өнім көлемі кемитін көрінеді.

Қаратұрық аулында «Ауыл аманаты» бағдарламасының ша­па­­­ғатын көріп отырған кәсіп­кердің бірі – Мұрат Рахметәлі. Бағдарлама аясында 2,5 пайызбен 6 млн теңге рәсімдеп, оған етті бағыттағы бұқашықтар сатып алып, бордақылауға кіріскен. Қорасындағы қазақтың ақбас, «Алатау» тұқымды ірі қаралар орташа таза салмағы 300-350 келіге дейін ет береді. Осы күні бордақыда тұрған 20 бас ірі қараны жеткілікті жемшөппен қамтамасыз ету мақсатында 1 500 түп жоңышқа мен 15 тонна жүгері жемін сатып алғанын айтқан жеке кәсіпкер Мұрат Рахметәлі бұған дейін жұмыссыз отырғанын да жасырмады. Төрт бала тәрбиелеп отырған отбасы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қорасын малға толтырып, кәсіптің кілтін ашып, несібелерін молайтты.

Жалпы, Қаратұрық ауылдық округі тұрғындарының еңбекке епті екенін байқау қиын емес. Биыл шаруа қожалықтары 2 600 гектар жерге дәндік жүгері мен 410 гектарға көкөніс отырғызып, күтіп-баптап жатыр. Сондай-ақ округте 10 454 бас мүйізді ірі қара, 5 100 бас жылқы және 34 500 бас қой-ешкі өсіріледі.

 

Алматы облысы,

Еңбекшіқазақ ауданы