Өндіріс • 07 Тамыз, 2024

Мектеп жиһазын өндіреді

90 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алатаудың етегін­дегі халық тығыз қоныс­тан­ған Еңбекші­қазақ, Қа­расай, Жамбыл, Іле, Тал­ғар аудандарында осы күні үш ауысымды 39 мек­теп бар, яғни 26 мың­нан аса оқушыға орын же­тіс­пейді. Осыған орай, облыста үш ауысымды мектептер мен оқушы орны тапшылығын жою мақсатында «Жайлы мек­теп» жобасы аясын­да 53 мектеп салыну жос­парланған. Биыл 26 жайлы мектептің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру көзделген.

Мектеп жиһазын өндіреді

Пайдалануға берілген нысан ішін мүлікпен толтыру да – маңызды міндет. Қазір өңірдегі осынау қажеттілікті «Алатау прогресс кз» ЖШС өтеп отыр. 2009 жылы құрылған компания осы уақытқа дейін өндірісті дамыту және өндірістік қуаттылықты арт­тыру бағытында ауқымды жұ­мыстар атқарды. Өндіріс аумағы 20 мың шаршы метрге, ал құйылған инвестиция көлемі 4 млрд теңгеге жетті. Кәсіпорын 100-ден аса адамды жұмыспен қамтып отыр.

Германия, Қытай және Ресей­ден жеткізілген заманауи технологиялармен жабдықталған кәсіпорында жоғары сапалы стандарттарға сай жиһаздар өндіріледі. Жобалау және өн­діру кезеңдерінде жиһаздың ыңғайлылығы мен сапасына айрықша көңіл бөлінеді. «Алатау прогресс кз» оқушы мен мұғалім үстелін, орындық, шкаф және арнайы жиһаз шы­ғарумен айналысады.

ва

Кәсіпорын басшысы Берік Жиенбаев зауытта өндірілетін мектеп жиһазы тапсырыс бе­ру­­­шілер тарапынан жоғары ба­ға­­ланып, сұранысқа ие екенін ерекше атады. 2023 жылдың қо­рытындысында кәсіпорынның өндіріс көлемі 2 млрд теңгені құраған.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасының шапағатын бизнес өкілдері де сезініп жатыр. Себебі құрылыс қарқын алып, өндірілетін өнімдерге сұ­раныс еселеп артты. Соның нәтижесінде өткен жылдың табысын биыл жарты жылда орындадық. Осы жоба аясында облыста 17 мектеп­пен келісімшарт жасалды. Біздің «Altamir» бренд­тік жиһаздарымызға өзге өңір­лерден де тапсырыс түседі. Мек­теп жиһаздарының сапалы әрі заманауи, экологиялық таза өнімнен өндірілуіне, сондай-ақ оқушы жасы мен бойына сай келуіне баса көңіл бөлінеді», деді кәсіпорын басшысы.

ва

Өңірге іссапармен келген Мәжіліс депутаты Максим Рожиннің айтуынша, «Жайлы мектеп» жобасымен салынатын мектептердің ішкі жабдығына 100 пайыз отандық өндірістің өнімі қолданылуға тиіс.

«Сәйкесінше, заманауи жиһаз да барлық қауіпсіздік талабына сәйкес болуы шарт. Кейінгі кезде өнім өндіруде отандық өнімнің үлесі артып келеді. Дегенмен оның көлемін ұлғайту және дайын өнімді сату аумағын кеңейту бағытында әлі де ауқымды жұмыс істеу қажет. Өйткені экономиканың негізгі бөлігі болатын жеңіл өнеркәсіптің мысын импорт басып тұр. Біз өз тарапымыздан отандық өнім өндіру­ші кәсіпорындарға көмектесуге дайынбыз», дейді депутат.

Қарасай, Жамбыл ауданда­рының тұрғындарын тұрақты еңбекпен, мардымды жалақы­мен қамтамасыз етіп отырған өндіріс ошағына білікті маман тарту да – кәсіпорын саясаты­ның маңызды бір тармағы. Бүгін­де кадр тапшылығының алдын алу үшін аудан орта­лығын­дағы кәсіптік колледж­дермен меморандум жасалып, жас мамандарды еңбек­­­ке тарту және шетелдік зама­науи құрылғыларды басқаратын операторлықты оқытып, мең­гер­ту істері жүйелі жолға қойы­лып келеді.

«Altamir» металл өңдеу це­хында жұмыс істегеніме 15 жыл болды. Цехқа келген металл ал­дымен қиылып, содан кейін иіліп, соңғы сатысында дәне­кер­лене­ді. Мұнда өз ісіне жауап­ты әрі тәжірибесі толыққан 40 адам екі ауысымда жұмыс істейміз. Еңбекақымыз тұрақты төленеді. Еңбек қауіпсіздігін үнемі жадымызда ұстаймыз», дейді цех бригадирі Әлихан Абзалұлы.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында елімізде 369 мектеп салу көзделсе, биыл соның 217-сіне тапсырыс берілген. Жаңа мектептерді отандық өніммен қамтамасыз етудің бас­ты мақсаты – кәсіпкерлерді қолдай отырып, жергілікті халықты жұмыспен қамтып, әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсарту.

 

Алматы облысы