Спорт • 08 Тамыз, 2024

Дерек пен дәйек

99 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Швецияның атақты жеңіл атлеті Арман Дюплантис Париж Олимпиадасында теңдессіз өнерімен тағы да төрткүл дүниені тамсандырды. Сырықпен секірушілер сайысында ол 6 метрлік межені бағындырғанда-ақ, енді оған ешкімнің жете алмайтыны белгілі болды. Бірақ 24 жастағы саңлақ бұл белесті қанағат тұтпады. Алдымен Арман олимпиадалық (6,10 см), іле-шала әлемдік рекорд (6,25 см) орнатты. Алғашқы рекорд бразилиялық Тиаго Брасқа (6,03 см, 2016 жылы Рио-де-Жанейро) тиесілі еді. Екіншісінде өзінің көрсеткішін (6,24 см, 2024 жылы Сямын) жаңартты. Сөйтіп, бүгінгі таңдағы екі бірдей ғаламат көрсеткіш дәп осы Скандинавия түбегінің саңлағына тиесілі.

Дерек пен дәйек
  • Спорттық гимнастикадан өткен жарыста Симона Байлз үш рет алтыннан алқа тағып, АҚШ құрамасының жалпы командалық есепте көш бастауына сүбелі үлес қосты. 27 жастағы Огайо штатының тумасы қолды тіреп жасайтын жаттығуда, көпсайысты және командалық бәсекеде алдына жан салмады. Оған дейін ол 2016 жылғы Рио Олимпиадасында төрт рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген. Осылайша, бас жүлде санын алтыға жеткізген Байлз әйелдердің спорттық гимнастика тарихында олжаға молынан кенелгендер арасында үшінші орынға көтерілді. Оның алдында – тек келмеске кеткен қос мемлекет КСРО мен Чехословакия құрама командаларының мүшелері Лариса Латынина (9 алтын+5 күміс+4 қола) мен Вера Чаславска (7+4+0). Америкалық арудың алты алтынынан бөлек, тағы бір күміс пен екі қоласы бар.
  • Олимпия ойындарында 28 (23+3+2) жүлде алып, адам нанғысыз көрсеткішке қол жеткізген АҚШ-тың атақты жүзушісі Майкл Фелпс допингпен ұсталғандарды бірден өмір бойы үлкен спорттан шеттету қажет деп есептейді. «Мен әрбір жарысты ұтқан сайын мысықтілеу адамдар табылатын. Олар мені «Рұқсат етілмеген дәрі-дәрмектер пайдаланды, арамза әрекеттерге барды. Әйтпегенде мынадай көрсеткішке қолы жетпейтін еді» деп айыптады. Алайда мен еш уақытта алаяқтық жасаған емеспін. Жеңіске өз еңбегім арқылы ғана жеттім. Оны құзырлы органдарға сан мәрте дәлелдедім. Сол себепті де мен «допинг дауына» іліккен арамзаларға аса қатаң жаза қолданылғанын қалаймын», деді.
  • Дзюдодан Олимпиаданың екі және әлемнің бес дүркін чемпионы Давид Дуйе Франция спортшыларына берілетін сыйақыдан салық ұстауға үзілді-кесілді қарсы екенін мәлімдеді. «Біздің елде чемпиондар 80 000, күміс пен қола жүлдегерлер 40 000 және 20 000 еуро алады. Біреулер бұл соманы аса бір қомақты қаржы деп есептемесе, енді біреулер үшін зор байлық. Оған спортшылар қауымы ұзақ жыл бойы төккен тері арқылы қол жеткізеді. Сондықтан да таза еңбекпен келген ақшадан салық ұстау – нағыз опасыздық, ұят нәрсе», дейді француздың атақты балуаны.
  • Израиль спортшысы Анастасия Горбенко Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) ұйымдастырған банкетке барамын деп жарыстан қалып қойды. Негізі ол 200 метрге кешенді жүзушілер сайысының финалына өте алмаған еді. Содан ХОК-тың кешкі асында тамаққа сылқия тойып алады. Бір мезетте Анастасияның алдын орап кеткен аустралиялық Элла Рэмзидің сырқаттанып қалғаны белгілі болады. Ережеге сай жасыл құрлық өкілін одан кейін тұрған спортшы алмастыруы керек. Ол Горбенко еді. Бұл жаңалық оның құлағына жарысқа 25 минут қалғанда ғана жетеді. Бірақ сол уақыт аралығында «Пари-Ла-Дефанс» аренасына жетуі мүмкін емес-ті. Сөйтіп, финалдық сайыс Израильдің өкілінсіз өтеді. Кім білсін, егер Анастасия асқа бармағанда жеңіс тұғырына көтерілуі де мүмкін еді ғой?
  • Аса ауыр салмақта айқасып, жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген кәсіпқой бокстың көкжалы Александр Усик Парижде жеңіс тұғырына көтерілген Украинаның былғары қолғап шеберлеріне өз қалтасынан сыйақы тағайындады. Сол елдің әйгілі бапкері Дмитрий Сосновскийдің айтуынша, Усик чемпиондық атаққа қол жеткізген саңлаққа 80 000, финалиске 70 000 және қола жүлдегерге 50 000 доллар табыстауға уәде еткен көрінеді.
  • Әйелдер арасындағы 100 метрлік сайыста сенсациялық нәтиже тіркелді. Басты фавориттердің барлығына шаң қаптырып кеткен Жюльен Альфред теңдессіз деп танылды. Тіптен, АҚШ-тың қос жүйрігі Шакарри Ричардсон мен Мелисса Джефферсон оған жете алмады. Бұл – Сент-Люсии тарихындағы Олимпиаданың алғашқы алтын медалі.