Петропавл қаласында төрт адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыскер тобы биыл қаңтар–ақпан айларында студенттерді қорқытып, сондай қылмыстар жасаған. Жастары 20 мен 23 аралығындағы бұзақылардың үшеуі бұрын сотталған болып шықты. Олар қалталы студенттерді аңдып, олардың қымбат дүниелерін тартып алумен қатар жалдаған пәтерлеріне алып келіп, ұрып-соғып қорқыту арқылы онлайн несие алғызған. Әсіресе бір жалдамалы пәтерде тұратын ауылды жерден келген колледждің 18 жасар оқушысы бұзақылардан қатты жапа шеккен. Қарақшылар оның әлеуметтік желідегі жазбаларына назар аударған. Онда байғұс студент өзінің байлығымен, ұстаған дүниелерінің қымбаттығымен мақтанған. Оны көрген бұзақылар студенттің соңына түсіп, ақыры оны жалдамалы пәтерге алып келіп, қоқан-лоқы көрсетіліп, күш қолдану арқылы барлық ақшасын тартып алумен қатар, қымбат телефонын 50 мыңға сатқызып, ақшаларын қалталарына басқан. Қорқытып алғызған несиелерін де тартып алған. Бір жолы, студент үйінде жоғында, есігін бұзып кіріп, 70 мың теңгенің дүниесін ұрлап кеткен.
Жас бозбала құқық қорғау органдарына шағынуға қорыққан, өйткені бұзақылар оның пайдасыз екенін, өздерінің олармен сыбайлас екенін айтып, баланы психологиялық тұрғыдан әбден басып тастаған. Ата-анасы алыста, маңында басқа да жақындары жоқ бозбала сөйтіп, қарақшыларға әбден жем болып, барлығы 400 мың теңгенің ақшасы мен дүниесінен айырылған.
Облыстық ПД бастығының орынбасары, полковник Асқар Мұхаметқалиевтің айтуына қарағанда, оқу орындары мен мүдделі мемлекеттік органдар арасында өзара іс-қимылды тиімді іске асыру шеңберінде жүргізілген профилактикалық шаралардың бірінде бопсалауға ұшыраған студент жедел уәкілдерге жүгініп, басынан кешіп жүрген қасіретін айтқан. Сөйтіп, ҰҚҚКБ қызметкерлері қылмыскерлерді дереу ұстаған.
Петропавл қалалық сотының шешімімен қарақшылар Қылмыстық кодекстің қорқытып ақша алу, бас еркінен айыру, ұрлау және денеге орта дәрежедегі жарақат салу салу баптары бойынша сотталып, үшеуіне 4-тен 8 жыл араларындағы бас еркінен айыру жазасы берілді. Ал бұрын сотталмаған төртіншісі 4 жылдық шартты жазаға кесілді.
ПЕТРОПАВЛ