Керей – Жәнібек сұлтандардың Мойынқұм өңіріндегі Қозыбасы деген дарқан алқап пен Шу өзенінің қос қапталын бойлай отырып, Қазақ хандығының алғашқы туын көтергенін естіген сайын әлгі биік арман-мақсатына одан әрі беки түсетін. Мұраттың болашақ елшіл тұлға болып қалыптасуына ол оқыған мектеп аудан ғана емес, сол жылдары облыс бойынша үздік мектептер қатарында болуы да өлшеусіз үлесін қосқан еді. Атап айтқанда Көктерек аулындағы (Бірлік селосы) С. Киров атындағы орта мектеп, расында білім жолындағы алғашқы баспалдағындай болды.
Осы мектепті үздік бітірген жас талапкер Алматы қаласындағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының инженер-механик даярлайтын факультетіне оқуға түскен еді. «Ару қала – Алматыдағы студенттік жылдарын білім алуға ғана жұмсап қоймай, Мұрат Қалматай рухани жағынан да барынша жан-жақты ілім жинауға тырысатын. Сол кездері астанамызда көптеп өтетін рухани жиындарға қатысуға күш салушы еді. Әсіресе филология ғылымдарының докторы, академик Әлкей Марғұланның жариялаған ғылыми тұжырымдары студент жігітті ерекше ойландыратын. Қазақтың біртуар ғалымы Әлкей Марғұлан кейбір лекцияларында, кезінде өзі басшылық еткен Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясының Мойынқұм ауданына барып, алғашқы Қазақ хандығы дәуіріндегі біраз тарихи қалалар мен қорған, бекіністердің сырын зерттеп қайтқанын егжей-тегжейлі түрде баяндаушы еді», деп атап айтылған «Қазақстанның Алтын кітабы» атты энциклопедиялық еңбекте. Бұл кітапқа енген Мұрат бауырымыз туралы мақала «Еленген еңбек» деп аталады. Өкінішке қарай, аталған экспедицияның жұмысы жайында қарапайым халық біле бермейтін. Ал сол жылдардағы оқушы Мұрат болса, бұл ғылыми сапар жөнінде (сол кездері кеңшар басшылығының құрамында жұмыс істеген) әкесі Сәмбетбайдан шет жағалап естігені бар. Бірақ ресми Мәскеу ұлттық республикалардың шынайы тарихын бұрмалап «Қазақтарда өз мемлекеті болған емес, тек патшалық Ресейге қосылғаннан кейін ғана ұлт екенін білді» деген саясат жүргізіліп келген еді. Осындай жымысқы саясаттың кесірінен Әлкей Марғұлан тобының археологиялық ізденісі мен жұмысы да бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жалпы жұртшылыққа кеңінен таныстырылмады. Яғни археологиялық аудиториялар ғана қол жеткізе алатын, таралымы шектеулі ғылыми басылымдарда там-тұмдап болса да жарық көрген-ді. Сондықтан болар студент Мұраттың рухани таңғалысында шек болмады. «Демек аталарымыз айтқан және ертіп барып балаларға көрсеткен көне қалалардың үйінді жұрттары терең тарихқа куә болып жатқан екен ғой. Институтты бітірісімен туған өлкеме барып, оның одан әрі маңызының артып, гүлдене түсуіне өз үлесімді қосуым керек» деген баяғы арманына одан әрі беки түскені есте.
Сонымен, 1977 жылы дипломын алысымен Мойынқұм аудандық атқару комитетіне қарасты Азаматтық қорғаныс штаб басшысы қызметіне кірісіп кеткен еді. Осы қызметінен бір көрініс әлі күнге елдің есінде. Шалғай ауданмен арадағы байланысты нығайту мақсатында Жамбыл облысының орталығынан Мойынқұм ауданының сол кездегі орталығы Фурмановка селосына ЯК-40 ұшағының қатынауына мүмкіндік жасау керек болды. Осы жұмыстың басшылығына тағайындалған Мұрат Қалматай барлық мүмкіндікті жұмылдырып, аянбай тер төкті. Ұшақтың қону алаңын мықтаудың біраз жолын зерттеді. Алайда алғашқы сынамалық байқау мұндай сусымалы құмды алқапқа ұшақ қондырып, ұшырудың аса күрделі шаруа екенін көрсеткен еді. Дегенмен Мұрат Сәмбетбайұлы алған бағытынан қайтпады. «Академик Марғұлан айтпақшы, бір кездері санаулы қолымен келіп, Керей – Жәнібек бабаларымыз болашақ Қазақ мемлекетінің іргесін қалаған Мойынқұм жеріне біз тіпті ұшақ қондыра алмасақ кім болғанымыз?» деген берік ұстаныммен жұмысын табанды түрде одан әрі жалғастырды. Санаулы айлар ішінде жаңа инженерлік-конструкторлық ізденіс өз жемісін беріп, ұшу-қону алаңы іске қосылған еді.
Сондай-ақ Жамбыл кеңшарының автогараж меңгерушісі болып жұмыс істеген жылдары да қажырлы еңбекке толы еді. Салғырттықтың себебінен шашырап кеткен автокөліктер мен олардың бөлшектерін мұқият жинақтап, ауыл тұрғындарына зор қолғабысын тигізген-ді. Ал 1987 жылдан бастап, Мойынқұм аудандық автобаза меңгерушісі болып жұмыс істеген 10 жылының орны тіпті ерекше. Аудандағы барлық малшылардың жайлауы мен қыстауына оларға қажетті тұрмыстық және кәсіби тауарларды уақтылы жеткізіп тұруды тікелей қадағалап, қолынан келген барша көмегін аямайтын. «Сондай қызметтік сапарларында бес ғасыр бұрынғы, ықылым заманнан ескерткіш болып қалған «Аяқ Ақтөбе», «Бала Ақтөбе», «Орта Ақтөбе» қалаларының жұрттарын жағалап өтуші еді. «Қолдарында бірде-бір ауыр техникасы болмаған ата-бабаларымыз мынандай ерекше қалаларды қалай салған?», деп қайран қалғаны есінде. Мұрат Сәмбетбайұлы осындай рухани өсуі арқылы халыққа қолғабысын тигізу ісіне одан бетер ықыласпен кірісетін. Табиғатынан сабырлы әрі ыждағатты мінезге ие осы бір еңбекқор жан екінші жағынан тым биязы да еді. Әлгіндей рухани ширығыс пен адамгершіл ұмтылыс оның ішкі жан дүниесіндегі жанартаулардай еді. Ал күнделікті өмірде Мұрат Қалматай – өз еңбегін ешкімге міндет етпейтін, атақ-даңққа ұмтылмайтын, ықпалдыларға жағына қоймайтын қоңыр мінездің иесі. Осылайша, ол 1997 жылға дейін Мойынқұм ауданының өркендеп өсуіне, отбасыларының бақытты өмір сүруіне өз үлесін қоса білді», делінген «Қазақстанның Алтын кітабында».
Тәуелсіздік жылдарында Мұрат Сәмбетбайұлы қызметін көршілес Шу ауданында жалғастырды. Бұл екі аудан 1965 жылға дейін біртұтас Шу ауданы, оның орталығы Бірлік аулы болатын. Дәл сол Бірлік аулы, яғни Көктерек кеңшарындағы мектеп табалдырығын алғаш аттап, оны үздік бітіргені де кейіпкеріміздің рухани құндылыққа деген құрметін үстей түссе керек. «Ең бастысы, тарихи жағынан да бұл қос аудан бір-бірімен сабақтас. Атап айтқанда, алғашқы Қазақ хандығы Шу өзенінің орта және төменгі сағасында құрылған еді ғой. Келесі байланыс – атақты Аңырақай шайқасы тарихы. Ол аймақ шамамен Қордай жеріндегі Аңырақай тауларынан басталып, Шу алқабын қамти өтіп, сонау Мойынқұм төріндегі Хантауы бөктеріне дейін жалғасып, жеңіспен аяқталғаны белгілі. Қазіргі Қордай, Шу және Мойынқұм аудандары даласында. Ғұлама тарихшы Мұхамед-Хайдар Дулатидің жазуынша, Аңырақай шайқасы 1456 жылы орын алған екен», деп сипатталған «Алтын кітапта». Жастайынан тарихи сабақтастыққа жаны жақын болып өскен Сәмбетбайұлы, сондықтан да аталған шежірелі жерге де өз маңдай терін сіңіргенді жөн көрсе керек.
Мұрат Сәмбетбайұлы ұрпақтарының елшіл, рухани жағынан бай болып өсуіне үнемі күш салып отырады. Аяулы жары Шәрбану Ләтіпқызы екеуі балалары мен немерелерін еңбекқорлық пен адалдыққа баулыды. Ел тәуелсіздігі үшін жанын құрбан еткен Қайрат Рысқұлбековтей есіл ердің өз аулынан екенін олар мақтан тұтады. Екі мәрте Еңбек ері Жазылбек Қуанышбаев пен оның шәкірттерінің еңбек етуіне жағдай жасаушылардың бірі болғанына кейіпкеріміз үнемі шүкір етеді.
Нұрлытай ҮРКІМБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі