Қазақстан спортшылары 1991 жылдан бері қысқы және жазғы Олимпия ойындарына, спорт түрлерінен өтетін әлем чемпионаты сынды дүниежүзілік додаларға, халықаралық турнирлерге тұрақты қатысады. Тәуелсіздік алған жылдан бастап Қазақстан спортшылары төрт жылда бір мәрте ұйымдастырылатын қысқы және жазғы Олимпия ойындарынан олжасыз қайтқан шағы жоқтың қасы. Тек қысқы Олимпиада додасында мейманымыз тасымағанымен, жазғы Олимпиаданың дуында саңлақтар ел мерейін асқақтатып жүр.
Әлем біріншілгі, әлем кубогі, жазғы Азия ойындары, Азия чемпионаттары сынды айтулы аламанда олжа салған саңлақтарымыз ел спортының әлеуетін арттырып, деңгейін өзге елдердің дәрежесімен теңестіріп отыр. 1994 жылы Лиллехаммерде өткен қысқы Олимпиада ойындарына тұңғыш рет дербес құрама ретінде қатысып, 1 алтын, 2 күміс медаль иеленді. Содан бері Қазақстан делегациясы қысқы Олимпия ойындарына жеті мәрте қатысты. Шаңғымен жүгіруден, биатлоннан, коньки спортынан еншімізге медаль жазылды. Демек бізге қысқы спортты дамыту жолында осындай спорт түрлеріне басымдық беруіміз керек. 1994 жылы Норвегияның Лиллехамер қаласында өткен қысқы Олимпиада додасында 50 шақырым қашықтықта топ жарған Владимир Смироновтың ізін басар шәкірттер даярлаудың маңызы зор. 1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында өткен қысқы аламанда конькимен жүгіруден Людмила Прокашева, 2014 жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен ақ Олимпиада аламанында Денис Тен мәнерлеп сырғанаудан қола медаль иеленді. Ендеше, олимпиадалық спорт түрлерінен ізбасарлар даярлайтын кешенде осы спорт түріне мән беріліп, жастардың шоғыры жарқырай көрінуінен үміт етеміз. Биыл Оңтүстік Кореяда өткен жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиада аламанында шаңғымен тұғырдан секіруден чемпион атанған Илья Мизерных сияқты таланттардың бой көрсетуіне жол ашуға тиіспіз.
1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында өткен жазғы Олимпия ойындарына Қазақстан делегациясы алғаш рет ат байлады. Төрткүл дүние дидарын өзіне қаратқан дүниежүзілік додаға қосылған спортшылардың ортасында егемендігін енді алған жас мемлекеттің де оғландары ойқастап, жүлдені көсіп алды.
Жалпы, жазғы Олимпия ойындарынан еліміздің спортшылары 2016 жылы өткен Рио додасына дейін алтын медальсыз қайтқан емес. Әсіресе «жыртығымызға жамау болып» боксшылар олқылықтың орнын бүтіндеп келді. Қазақ боксының бай дәстүрін 2021 жылы Токиода өткен жазғы Олимпиададағы 2 қоланы биылғы Париждегі жалқы күмістің салмағымен өлшеуге әсте болмайды. Буын алмасу үрдісі қай спортта да жүреді. Рас, ұлттық құраманың дайындығы, боксшылардың әлеуетіне қатысты айтылар сынның әл әзір басылмайтыны бесенеден белгілі. Біз тек жекпе-жек спорт түрлерінің ішінде боксқа бар жауапкершілікті жүктеп қойып, орасан зор нәтижені күтіп отырғандаймыз. Дзюдо күресінен де Олимпиаданың алтын медалін қазақ елінің спортшылары олжалай алатынын Елдос Сметов әйгілеп берді. Жеңіл атлетикадан да жерге қаратпайтын саңлақтарымыздың бар екенін сонау Сидней Олимпиадасында (2000) Ольга Шишигина алтын олжалап паш етті. Оның даңқты жолын Ольга Рыпакова жалғастырды. Әрине, Бекзат Саттарханов салған сүрлеумен Олимпиаданың алтынын олжалаған Ермахан Ыбыраймов, Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиев, Данияр Елеусіновтердің Олимпиададан алған еншісін қайталайтын саңлақтар туады әлі.
Спорттық гимнастикадан саңлақтарымызға Олимпиаданың медалі жалынан ұстатпай келген. Нариман Құрбанов күні кеше Парижде күміс медальға қол жеткізіп мерейімізді асырды. Нысана көздеуден Ислам Сәтпаев пен Александра Ленің қола медалі де орасан шаруаға арқау болып сеңді қозғауға тиіс.
Қазақ спортының еңсесін тіктеу жолында әлі де атқарылар шаруа шаш-етектен. Ауқымды реформа жасалуы керек екенін Париж жазғы Олимпиадасы да айқындап берді.
Еліміздің спортшылары паралимпиада, сурдолимпиада ойындарынан да жүлдесіз қайтқан емес. Бұқаралық спортты дамыту, ұлттық спортты өркендету ісінде де ілгерілік байқалады.