Ұлттық спорт • 17 Тамыз, 2024

Жүйріктер жарысы

106 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

8-13 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында бәйге түрлерінен дүбірлі дода өтеді. «Қазанат» атшабарын дүбірге бөлейтін бәйгеге қандай жүйріктердің қосылатыны іріктеу сайыс­тарынан кейін анықталады.

Жүйріктер жарысы

Арғымақтар іріктелді

Бес күн бойы Сарыарқаның сайын даласын дүбірлі додаға бө­лейтін этноспорт тартысына қо­сы­л­атын арғымақтарды іріктеу сайыстары әлі де жалғасын табады. Павлодар қаласында жалауын желбіреткен іріктеу додасынан кейін Алматы қаласында бәйге түрлерінен кезекті тур өтті. Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дарында бәйге түрлерінен сын­ға түсетін арғымақтардың арынын бағамдауға қалың көпшілік жиналды. «Алматы қаласының кубогі» үшін өткен аламан бәйгеге 39 жүйрік қосылған. Көмбеге қара үзіп келген жетісулық ат­сейіс Дәулет Асыловтың «Ви­­за» есімді арғымағы көм­беге қара үзіп жеке- дара кел­ді. Ауыз­дығымен алысқан арғы­ма­қ­ты тізгіндеген шабандоз Әли­хан Бақытханұлы енді осы жүйрікпен Дүниежүзілік көш­пелілер ойындарының бәйгесіне қосылады. Екінші орын Жам­был облысынан сәйгүлік қосқан Мұратхан Арнатқа бұйырып, «Күрең аты» да этноспорт алама­нының жолдамасын олжалады. Үшінші келген Мырзахан Диастың «Әлқисса» (Жамбыл облысы) арғымағы да бәйгеге қатысады.

Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына аламан бәйге бо­йынша елімізден алты ат қосылса, шетелдік командалар үш жүйрігін ғана додаға салады.

Құнан бәйгесіне де сыншылар­дың тісін санап, тұрқын парықтап рұқсат еткен 27 жүйрік додаға қосылды. Үздік шыққан үш құ­нанға ғана Дүниежүзілік көш­пелілер ойындарына қатысу жолдамасы берілетіндіктен, шабандоздар аянып қалмады. Алматы облысының тұрғыны Ерсұлтан Серіковтің «Сұңқар» атты құнанын тізгіндеген Абзал Тұрғанбек топты бастап келсе, екінші орын Айбек Бейісбаевтың «Бақторысына» (Алматы облысы) бұйырды. Үш­­тікті Алматы қаласынан ат қосқан Бағлан Нұрбосыновтың «Сениорита» атты құнаны түйін­деді.

Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында да құнан бәйгеге елімізден 6 құнан қатысса, өзге мемлекеттерден келген әр команда 3 құнанын қосады.

 

Ер үстіндегі ептілік

Ұлттық және ат спорты түр­лерінен мемлекеттік жаттық­ты­рушы Нұркен Байбөриев елімізде өтетін аламанда алтын алу­ға спортшылар барын салып әзірлік жүргізіп жатқанын жет­кізді.

«Бұған дейінгі оқу-жаттығу жиыны, түрлі сайыстардағы нәти­жені екшей отырып, теңге ілудің үш стилі бойын­ша іріктеуде дара­ланған үздік­терді анықтадық. Оқу-жаттығу жиынын күшейтіп жатырмыз, саңлақтарымыз үздік шыға­ры­на сеніміміз кәміл», деді Н.Байбөриев.

Іріктеуден өткен 3 спортшы енді Дүниежүзілік көш­пелілер ойындарында «Қос құлаш», «Бес белес», «Жеті құт» стильдері бо­йынша додаға қатысады. «Бес белес­тен» сынға түсетін Бекнұр Серіков – Батыс Қазақстан облысының тумасы. Жасөспірімдер мен жас­тар арасында өткен Қазақстан чемпионатының жеңімпазы, Азия кубогінің иегері. «Жеті құт» стилі бойынша бақ сынайтын Бақыт Төлтай – Түркістан облысының шабандозы. Ел біріншілігінде топ жарған саңлақ биыл теңге ілуден Азия кубогін олжалады. «Қос құ­лаш» стилінде Рахат Қамбаровқа се­нім артылмақ. Түркістан облысында өмірге келген Рахат – ұлттық спорт фестивалінде чемпион атанып, Азия кубогін еншілеп, Азия чемпионатында жеңіске жеткен саңлақ.

Теңге ілуден ұлттық құрама мүшелері Дүниежүзілік көшпе­лілер ойындарына оқу-жаттығу жиынының соңғы кезеңін 27 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Астана қаласында өткізеді. Мұны Туризм және спорт министрлігіне қарасты Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы ұйымдастырып отыр. Этноспорт олимпиадасы саналатын Дүниежүзілік көшпе­лілер ойындарында теңге ілу додасы этноауыл аумағында 11-13 қыркүйек аралығында өтеді. Исламбек Салжанов басқаратын Ұлттық спорт қауымдастығына қарасты Теңге ілу федерациясының жұмысы жанданып, саңлақтардың байрақты додаларда топ жаруына бар мүмкіндік жасалып отыр.

 

Көкпардан есеміз кетпей ме?

Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында этноспорттың 21 түрінен дода өтетіні белгілі. Дүниежүзілік доданың меншік иесі саналатын Қырғызстан мемлекеті көш­пелілер ойындарын өздері үш мәрте өткізді.

Шолпан ата шаһарында, әй­гілі Ыстықкөлдің жаға­лауында ұйымдастырған аламанның басты бәсекесі көкпар болғаны белгілі. Спорттың осы сынында қазақ пен қырғыздың тартысы, тақым мықтылығын сынасуы қиқумен өтетіні әмбеге аян. 2022 жылы Түркияның Изник қаласында өткен IV Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы Өзбекстан көк­паршыларын 8:1 есебімен ойсырата ұтып, жартылай финалда Моңғолия құрамасын 12:2 есебімен ығыстырып, финалда тегеурінді қарсылас Қырғызстан көкпаршыларын 4:3 есебімен еңсеріп, чемпион атанған еді. Бұл жолы сол жеңісті қайталай аламыз ба?

Көкпардан да, қазандыққа салым салатын көкбөріден де сынға түсетін құраманың саңлақтары оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Көкпардан ұлттық құра­маның бас бапкері лауазымына тағайындалған Ақылбай Манкеев шеңберге ойналатын көкпардан мерейіміз үстем түскенімен, қырғыздың көкбөрі ойынынан бәсекелестік өте жоғары екенін жеткізді.

«Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына дайындық барысы жүйелі жүргізіліп жатыр. Ұлттық құраманың мүшелігіне өткен спортшыларды іріктеу арқылы, қарым-қабілетін салмақтай отырып шақырттық. Көкпардан да, қырғыздың көкбөрі ойынынан да Қырғызстан мен Өзбекстан құрамасы өте тегеурінді. Көкбөрі­ден қырғыз спортшылары намысты қолдан бермесі анық. Өздерінің төл ойынында аянып қалмайды. Ал біздің жігіттер көкбөріден бірнеше жылдан бері қазандыққа ойнаған емес. Десе де барымызды саламыз», деді А.Манкеев.

Ұлттық құраманың мүшесі Наурызбай Қалтаев спортшылар көкбөріден де тынбай әзірлік жүргізіп жатқанын айтты.

«Көкбөрінің шеңберге тартатын көкпардан айырмашылы­ғы – қырғыздар үш тайм тартыс­қа түседі. Көкпарды біз екі тайм ойнаймыз. Әрине, көкбөріден бас­ты қарсылас қырғыз саңлақ­тары­на қарсы тыңғылықты әзір­лік жүргізіп жатырмыз», деді Н.Қалтаев.

Көкпар федерациясы Дүние­жүзілік көшпелілер ойындарына әзірлікті күшейту мақсатында тәжірибелі кеңесшілерді де жат­тығу жиынына тартып отыр.

 

Дайындаған –

Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»