Банан әдетте тропикалық және субтропикалық өңірлерде өседі. Ал Оңтүстік Корея қоңыржай белдеуге жатады.
«2012 жылдан бері Оңтүстік Кореяда орташа жылдық температура көтеріліп келеді. Былтыр көрсеткіш 13,7 градусқа тең болған. Бұл – метеобақылау тарихындағы ең жоғары температура. Одан бөлек, өткен жылы жауын-шашын мөлшері орташа жылдық көрсеткіштен екі есе асып кеткен. Осыған қарап мамандар Оңтүстік Кореяның климаты субтропиктік өңірдікіне ұқсап бара жатқанын айтады», дейді Сеул ұлттық университетінің профессоры Ким Кван Су.
Сурдоәнші
Елордалық Айдана Жапарова танымал әндерді ым тілінде орындайды. Яғни құлағы естімейтін жандарға әннің әуезін түсіндіреді.
Жалпы, елімізде мүлде естімейтін немесе нашар еститін азаматтар саны 30 мыңнан асады екен. Музыкада шекара жоқ. «Мен жақында ғана сахнаға шығып, 5000 адамға ым тілінде ән орындадым. Байқасаңыздар, концерттер не басқа да іс-шаралар өтіп жатқанда сахнада жүргізушілер ғана тұрады. Мен олардың жанында сурдоаудармашылардың да тұрғанын қалаймын. Құлағы естімейтін не нашар еститін адамдар да сондай іс-шараларға барғысы келеді. Шетелде бұл – дамыған үрдіс. Ерекше жандар да рухани демалыстан құр қалмауы керек», дейді ол.
Робот-такси
Жасанды интеллектіге негізделген жоба бұған дейін арнайы белгіленген аймақта жүзеге асырылған еді. Қытай билігі биылдан бастап робот-таксилерге жоғары жылдамдықты магистральдармен қатынауға рұқсат берді.
Робот-таксидің артықшылығы көп. Мобильді қосымшамен шақырасың. Уақытында жетіп келеді. Қоршаған ортаға зияны жоқ. Электр қуатымен жүреді. Жылдамдықты белгіленген межеден асырмайды. Қауіпсіз. Тіпті өзге көліктерден озып, көшелерде қозғалыс жолағын ауыстыра алады. Қазір Бейжіңде бұл жобаның аясы кеңейтіліп жатыр. Ел билігі тың технологияны енгізу арқылы көліктердің кептелісте тұру уақытын 30 пайызға дейін қысқартып, жол қозғалысының тиімділігін арттырды. 2025 жылға қарай 65 қалаға, ал 2030 жылы 100 қалаға енгізуді жоспарлап отыр.