Қаржы • 20 Тамыз, 2024

Табыс салығы: Банктердің тәуекелі арта түсті

178 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ұлттық экономика министрлігінің екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) корпоративті табыс салығы мөлшерлемесін 20%-дан 25%-ға арттыру туралы ұсынысы банк секторына бұлт­сыз күнгі найзағайдай әсер етті. Бұл талап 2025 жылдан бас­тап қолданысқа енгізілуге тиіс жаңа Салық кодексінде қарас­ты­рыл­мақ.

Табыс салығы: Банктердің тәуекелі арта түсті

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қайтарымсыз қарыздардың есебі қайда?

Үкімет банктерді үп еткен желдің өтінде жалғыз қалдырған емес. Дүниежүзілік банк есеп­теу­лерінде 2009-2020 жылдар аралығында мемлекеттің ұлт­тық банктерге көмегі ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 9%-ға жуығын құрағаны айтылған. 2020 жылғы таза шығындар салық төлеу­ші­лердің 6,3 трлн тең­гесін немесе ІЖӨ-нің 8,9%-ын құрады. Көмек­тің негізгі бөлігі – шамамен 67%-ы «Halyk Bank»-ке (немесе «Қазкомды» құтқаруға) бағытталса, шамамен 24%-ы «Jysan Bank»-ке бөлінді. Сонымен қатар сарапшылар 2020 жылы АТФ банкке қаржылық көмек 0,1% купонмен құрылымдалғанын атап өтті. Бұл қаржы салық төлеушілердің ақ­ша­сын қайтарусыз, яғни АТФ банкирлері үшін қайтарымсыз берілген.

Ал енді осы Дүниежүзілік банк Қазақстан банктері капи­та­лының тартымдылығы сәуір айында 34,8%-ға жет­кенін, бұған нақты несиелік мөлшерлемелер мен таза пайыздық маржаның өсуі тікелей әсер еткенін айтып отыр. «Қазақстан банктері ұзақ уақыт бойы ресурстарға бай елдер арасында табыстылықтың ең жоғары көрсеткіштеріне ие болды» деп көрсетілген есепте.

Осылайша, еліміздің Ұлттық банкі қолданатын инфляцияға қарсы күрес шарасы – жоғары базалық мөлшерлеме айтар­лықтай жоғары табыс көзіне айналды. Мәселен, еліміздің банк секторының 2022 жылғы таза кірісі 1,5 трлн теңгені құрады. Банктік аудиттелген есептерде 2023 жылы отандық екінші деңгейлі банктердің валюта сау­дасынан тапқан пайдасы аздау болғаны, есесіне пайыздық кірістердің өсуі есебінен бұл «жетіспеушіліктің» орны арты­ғымен толғаны айтыл­ған.

 

Үкіметтің дайындығы...

Әрине, Үкімет банктердің табыс салығын көтеру туралы ұсынысқа үлкен дайындықпен келді. Мұның алдындағы акция­лар мен басқа да бағалы қағаз­дар­ды сатудан түскен пайдаға салық салу ел бюджетінің кірісін арт­тырды. Сарапшылар әзір­ше бұл ұсыныстың жоба дең­гейінде қарастырылып жат­қанын айтады. Үкіметтің эко­номикалық блогінің банк­тер­дің пайдасын ойын биз­несі сег­мен­ті­мен салыстыруын банк секторы түсінбестікпен қабылдады. Қарсы дауыстар әр жерден есті­ліп жатыр.

Ұлттық банк (ҰБ) басшысы Тимур Сүлейменовтің айтуын­ша, банктер мен ойын бизнесі табыстылығы жағынан бірдей бола бермейді.

«Банктердің қызметі жіті қада­­ға­ланып, қатаң реттеліп оты­рады, мұның бәрі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банктің ұдайы назарында. Бұл – ашық­тығы жағынан мүлдем екі бө­лек сала. Банктер – кез келген эко­номиканың қанайналым жүйесі. Сондықтан экономика жүйесіндегі банк саласының пайдалылығын, жүйелілігін және ма­ңыз­дылығын ескере отырып, олар да басқалар сияқты са­лық ре­жімінде болуға тиіс деп есеп­­тей­міз», дейді Ұлттық банк басшысы.

Базалық мөлшерлеменің жо­ғар­ғы деңгейі банктер үшін тиім­ді болды. Банктердің көзге түсіп қалатындай қор жинауына тап сол базалық мөлшерлеменің жо­ғары деңгейі әсер еткен. Мұны ҰБ базасындағы дерек­тер­ден байқауға болады. Ұлт­тық банк дерегі бойынша 2020 жылы елімізде жұмыс істей­тін банктердің ортақ табысы 1,4 трлн теңгеден асқан. Табысты молынан тапқандардың алғаш­­қы үштігінде «Halyk Bank», «Kaspi Bank» пен «Центр КредитБанкі» бар. 2023 жылдың басынан бастап отандық қаржы институттарының жиынтық пайдасы 1,42 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 76,8%-ға немесе 617,4 млрд теңгеге артық. Осы ретте сарапшылардың біздің банктер қарапайым халық­қа арқа сүйейді, сырттан ақша тар­ту­ға талпынбайды деген пікі­рі­­нің жаны бар.

Банк саласындағы жалпы активтің жартысынан көбі – депозиттегі ақша. Заңды тұлға­лар мен жеке тұлғалардың көбі ақша сақтайтын «Halyk Bank»-те отан­дық бизнес пен қарапайым халықтың 5,7 трлн теңгесі жатыр. Бұл – банк активінің шамамен 70 пайызы. Соның ішінде 3 трлн теңге халықтың депозиттегі ақ­шасы болса, қалған 2,7 трлн теңге – бизнестің қаржысы. Базалық мөлшерлеме банктерді байытты.

Тәуелсіз сарапшылардың айтуын­ша, екінші деңгейлі банк­тердің табысы туралы құ­пия деректердің ашық айтыла бастағанына көп болған жоқ. Мәжіліс депута­ты Еділ Жаңбыршин 2022 жылы сол кездегі Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған хатында 2022 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша «Самұрық-Қазына» қоры­ның жекеменшік банктерде орналастырылған қаржы актив­тері мен ақшасы 5,9 трлн теңгені құрағанын, мемлекеттегі қаржы­ның көбі жекеменшік банктер арқылы айналымға жіберіл­генін айтқан. Депутаттың айтуын­ша, сол қаржының 1,0 трлн тең­гесін бір жекеменшік банкке орналастырсақ, бұл банк жылына кемінде 150 млрд теңге табыс табады екен. Бұл біз білетін басшы ашық дерек. Осыған дейін осындай тәсілмен мемлекеттің қаржысы мен Үкімет алған қарыздардың қаншасының жекеменшік банк­терге өтіп кеткенін біз білмейміз.

«Біз олигархтарды және олар­­дың банктерін халықтың, мем­­лекеттің қаражаты есебінен қар­жыландырып отырмыз және оны тексере де алмаймыз. Сонда Үкімет, құзырлы органдар мен агенттіктер қайда қарап отыр? Әлде солармен бірге ме?», дейді Еділ Жаңбыршин.

Белгілі қаржыгер Ғалым Құсайы­новтың айтуынша, ЕДБ та­бы­сының себеп-салдарын талдамай мөлшерлемесін 25%-ға дейін көтеру аурудың себептерін анықтамай емдеумен бірдей.

«Жоғары базалық мөлшер­ле­ме және жоғары пайыздық мөл­шер­­лемелер ЕДБ пайдасын­да теңге­рім­сіздікті қалып­тас­тырды. Со­ның нәтижесінде банктердің табы­сы тәуекелсіз өсті. Ағымдағы шот­тар бойынша пайыздарды есеп­теуге тыйым салу банктерге мем­лекеттік бағалы қағаз­дар­ға 13-14 пайызбен қайта орна­­ластыруға мүмкіндік берді. Таратып айтқанда, мемлекет банк­терге тегін өтімділік береді, оны кейін олар мемлекеттік бағалы қағаздарға орналастырады, содан кейін мемлекет оған пайыздар төледі. Мұның бәрі банктер үшін қосымша кіріс алып келді. Қаржы сегментінде жаңа ойыншылардың болмауы кішігірім банктердің мүм­кін­ді­гін шектеп тастады. Банктер мемлекеттік бағалы қағаздарға бос өтімділікті орналастырудан салық салынбайтын табыс алады, ал мемлекет бюджет тап­шылығын арттырады. Осы факторлардың барлығы сек­­тордағы пайданың өсуіне әкелді», дейді Ғ.Құсайынов.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай мәселе тек біздің елде ғана емес, әлем назар аударып отырған жайт. Өткен жылы Италияда банктердің пайдасына бірреттік 40 пайыздық салық салуға шешім қабылданды. Бұл қаржы «пайыздық мөлшер­ле­менің өсуінен зардап шеккен отбасылар мен бизнесті» қолдауға жұмсалады. Израиль мен Латвия да осындай салық салуды қарастырып жатыр.

 

Бюжеттің кіріс бөлігі шығысымызды жаба алмады

Үкімет банктердің табыс салығының жаңа мөлшері туралы мәселені өте қиын жағдайда қабылдағалы отырған сияқты. Біздің тек банк қана емес, мұнай, уран, темір мен алтынға қатысты кез келген шешімімізге жан-жағымыздың жауабы әлемдік қор биржаларында айтылып қалады. Ураннан түсетін табыс салығы 6-дан 9%-ға өседі деген ақпарат шыққан соң, Лондондағы қор нарығындағы акцияның бағасы 5 пайызға төмендеді. Демек банктердің табыс салығын әлемдік биржалардың қандай көңіл күйде қабылдайтынын, акциясының бағасына қалай әсер ететінін білмейміз.

ҰБ-ның базалық мөл­шер­ле­месі төмендеп келеді. Жыл аяғына дейін тұтыну несиесі 1 пайызға төмендейтіні айтылып жатыр. Қазір Үкіметке ЕДБ табысын көтеру емес, олардың несие пайызын төмендету тиімді. Себебі банк бизнес көзі ретінде шығынға жұмыс істегісі келмейді. Ол табыс салығына кететін шығынын несие пайызы немесе комиссиялық шығындар есебінен өтеп алады. Мұндай жағдайда бар ауырт­палық ха­лық­тың иығына түседі», дейді І.Исаев.

Сарапшы айтып өткен­дей, банк­тер қазір 2000 жыл­дар­да­ғы­дай үй ішінен үй тігіп алуға мәртебе беретін тетіктердің біразынан айы­рылып қалған. Қазір банктер табысының кемі 70 пайызы ҰБ базалық мөл­шер­лемесіне байланысты. Мұны банктердің «KASE»-дегі есеп­терінен көруге болады. Мысалы, сол «Halyk Bank» (ROA) активтерінің кірістілігі биыл өткен жылмен салыстырғанда 4 есе – 4,48%-дан 1,12%-ға дейін төмендеді. Қазір олардың әрбір операциясын ҰБ, ҚНРДА бақылап отыр. Банк секторын дұрыс реттеу мен ынталандыру Үкіметке шикізаттық емес экономиканы дамытуға, базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік береді. Үкімет қаржы нарығына шетелдік банктердің келуіне мүдделі болып отыр. Ал корпоративті табыс салығы осы сегменттегі бизнес-климаттың барометрі ретінде қабыл­данады. Бізбен іргелес отыр­ған Ресей немесе Өзбекстанда бұл мәселе қарастырылып жатқан жоқ. Сол себепті банк сегментіне қатыс­ты кез келген шешімді жан-жа­ғы­мыздағы елдердің саясаты­на қарай үйлестіріп отырған дұрыс», дейді І. Исаев.

Экономика министрлігі сын­ға қарамастан жаңартылған кодекс жобасында бұрын жария­лан­ған корпоративті табыс салы­ғы мөл­шер­лемелерінің барлы­ғын сақтап қалды.

Банктердің табыс салығын көте­руді жақтап отырған топ­тың уәжі көңілге қонымды. Бюд­жеттің кіріс бөлігінің мүм­кін­дігі уақыт өткен сайын шек­те­ліп келеді. Өткен жылы 3,8 трлн теңге көлемінде бюджет тапшылығы тіркелді. Ұлттық қордан түскен трансферт 4 трлн теңгені құрады. Биыл да мәз емес. Жыл­дың жартысы болмай жатып, Ұлттық қордан бөлінетін транс­ферттің 80 пайызын жеп қой­дық. Сарапшылардың ай­туын­­ша, біздегі фискалдық сая­сат­тағы кемшіліктерді банк­тік дип­ломатияның біржақ­ты­лы­ғы­мен бағалауға болады. Банк сегменті бизнес субъектісі ретінде танылғанда ғана дамитынын сарапшылардың бәрі айтады. Ал бізде мемлекет нарық заңына қайшы келетін мем­ле­кет­тік бағдарламалар ар­қы­лы оның бизнестік сипатын бұзып жіберді. Банк бизнесі акционерлерге пайда әкелетіндей етіп құра алатын, бірақ сонымен бірге көп­теген шектеулер арасында мұқият маневр жасай алатын үлкен мамандарды тартатын мүмкіндіктерге ие болуы керек. Бұл жерде мәсе­ленің түйіні банктердің құрыл­тайшыларының жауап­кер­ші­лі­гі­не байланысты.

«Бізде олардың жұмысын реттейтін заң жоқ. Үкіметтің банк­тердің табыс салығын 25 пайызға көтеру туралы ұсыны­сын Мем­лекет басшысы мақұл­даса, құрыл­тайшылардың жауап­­­кер­ші­лігі туралы заңды кешік­­пей қабылдауға тура ке­леді. Үкіметпен арадағы пікір­та­ластар тек ҚНРДА немесе Ұлттық банк басшылары арасында емес, құрылтайшылар арасында да жүру керек. Бұл жолы олар ҚНРДА мен Ұлттық банктің артына тығылып алып, мәселені сырттан зерттеп отыр», дейді І. Исаев.